Accessibility links

АҚШ-тың несие ставкасын көтеруі өзгелерге қалай әсер етеді?


Әйнектегі "Федералдық резерв жүйесі" деген жазу. Вашингтон, тамыз, 2011 жыл. (Көрнекі сурет.)
Әйнектегі "Федералдық резерв жүйесі" деген жазу. Вашингтон, тамыз, 2011 жыл. (Көрнекі сурет.)

АҚШ соңғы жеті жылда алғаш рет пайыздық мөлшерлемені өсірді. Доллардың нығаюы өзге елдер экономикасына тиімді болуы да, кері әсер етуі де ықтимал.

АҚШ федералдық резерв жүйесінің (the Federal Reserve System – FRS) 16 желтоқсандағы шешімі талай жылдан бері 0 мен 0,25 пайыз арасынан аспай келген базалық пайыз мөлшерлемесін өзгертті. Осы кезге дейін төмен деңгейде ұсталған пайыздық көрсеткіш америкалық компаниялар мен тұтынушылардың қарызға аз өсіммен ақша алуына мүмкіндік беріп, рецессиямен күресуге және экономикалық өсімге жағдай жасаған еді.

Қазір мөлшерлемені 0,25-тен 0,50 пайызға көтеруі FRS Америка экономикасын рецессия салдарынан айтарлықтай сауыға бастады деп санайтынын көрсетеді, сондықтан FRS енді ақша-несие саясатын қатайтып, қарызға ақша алу мөлшерлемесін көтеріп, тұтыну несиесін инфляцияның күшеюіне жол бермейтіндей деңгейде ұстауға тырысады. Бұл шешім өзге елдердің экономикасына әрқилы әсер етуі мүмкін.

ДОЛЛАРДЫҢ НЫҒАЮЫ

Пайыздық мөлшерлеменің артуы енді банктер берген несиелері үшін бұрынғыдан көбірек пайыздық көрсеткіш белгілейді дегенді ғана білдірмейді. Оған қоса, АҚШ банктері өздеріне қарызға ақша бергендерге, мысалы инвесторларға ақшаны енді жоғары пайызбен қайтарады деген сөз. Сонымен бірге АҚШ мемлекеттік облигацияларын сатып алғандарға бұрынғыдан жоғары пайыздық көрсеткішпен төлем жасалатын болады. Мұндай шара шетелдік инвесторларды АҚШ қаржы нарығына тарту үшін жасалған тәрізді. Ал инвесторлардың доллар үшін бәсекесі валюта бағамын одан ары нығайта түседі.

АҚШ федералдық резерв жүйесі басшысы Джанет Йеллен. Вашингтон, 16 желтоқсан 2015 жыл.
АҚШ федералдық резерв жүйесі басшысы Джанет Йеллен. Вашингтон, 16 желтоқсан 2015 жыл.

FRS мәлімдемесінен соң доллардың еуро мен жапон иеніне шаққандағы бағамы сәл өсті. Бірақ, болашақта пайыздық мөлшерлеме тағы да көтерілетін болса, доллардың бағамы да қымбаттай түспек.

Доллардың күшеюі сыртқы қарызының үлкен бөлігі АҚШ валютасымен белгіленген елдерге тиімсіз. Оларға доллар сатып алу үшін өз валюталарынан көбірек төлеуге тура келеді, қарызды қайтару үшін қазынаға салмақ салады. Сонымен бірге доллардың нығаюы жаңа жобаларды қаржыландыру үшін доллармен жаңадан несие алатын мемлекеттерге ол қарыз қымбатқа шығатынын көрсетеді.

FRS пайыздық мөлшерлемені тағы қашан көтеретіні әзірше белгісіз. Көптеген сарапшылар 16 желтоқсанда жасалған сыпайы қадам өсімнің баяу жүретінін білдіреді дейді.

«Ауқымы жағынан алғанда өсім азғантай, оған қоса FRS пайыздық мөлшерлеме алдағы жылдарда біртіндеп көтерілетінін көрсетті. Яғни, бірден қысым жасап, қарыз шығынын күрт өсірмейміз дегенді меңзеді» дейді Лондондағы Capital Economics қаржы компаниясының дамушы елдер нарығы жөніндегі маманы Уильям Джексон.

Сонымен бірге доллардың қандай да болмасын күшеюі әсіресе тауар экспорттаушы елдерді ерекше алаңдатады. Олар қазірдің өзінде әлемдік нарықта мұнай мен металдан бастап, азық-түлік өнімдеріне дейінгі барлық тауарлардың бағасы құлдырауынан жапа шегіп отыр. Енді олар экспорттан түскен табыс азайса да, доллар үшін көбірек төлеулері керек.

ШИКІЗАТ ЭКСПОРТТАУШЫЛАР ПРОБЛЕМАЛАРЫ

Дамушы елдер экономикасы сырттан келетін инвестиция көлемінің ұлғаюына мұқтаж. Бірақ қазір пайыздық мөлшерлемені көтерген соң инвесторлар назары Америкаға ауып, басқа қаржы нарықтарына, соның қатарында дамушы елдерге де инвестициялық капитал аз құйылуы мүмкін.

Бұл саяси және экономикалық себептер бойынша инвестиция салу үлкен тәуекелге баруды қажет етеді деп саналатын дамушы елдер үшін өте өзекті мәселе. Әлемдік нарықта шикізат ұсынысы артып, оған деген сұраныстың болашағы бұлыңғыр, ал шикізат бағасы құлдырап отырған қазіргі шақта шикізат экспорттаушы елдердің жағдайы тым шатқаяқтап тұр.

Бұл саяси және экономикалық себептер бойынша инвестиция салу үлкен тәуекелге баруды қажет етеді деп саналатын дамушы елдер үшін өте өзекті мәселе. Әлемдік нарықта шикізат ұсынысы артып, оған деген сұраныстың болашағы бұлыңғыр, ал шикізат бағасы құлдырап отырған қазіргі шақта шикізат экспорттаушы елдердің жағдайы тым шатқаяқтап тұр.

Валюта бағамы көрсетілген электронды табло жанынан өтіп жатқан адамдар. Мәскеу, 16 желтоқсан 2015 жыл.
Валюта бағамы көрсетілген электронды табло жанынан өтіп жатқан адамдар. Мәскеу, 16 желтоқсан 2015 жыл.

Доллардың нығаюы импорт тауарларын тұтынатындардың шығынын ұлғайтады. Бұл сонымен құрамында импорттық материал пайдаланатын отандық тауар өндірушілерге де қатысты. Әсіресе экономикасы шикізатқа негізделген мемлекеттер қатты жапа шегуі мүмкін.

Мұнай мен металға әлемдік сұраныс жоғары болған өткен он жылдықта шикізат экспорттаушы елдер оны сатуға көбірек мән беріп, өндірістік салаларды жылы жауып қойды. Бұл жағдай осы елдерді импортқа қатты тәуелді етіп қойды.

ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

Доллардың нығаюы осындай елдерге проблема тудыруымен қатар бірқатар мүмкіндіктер де ұсынады. АҚШ-та өндірілген тауар бағасы ұлттық валютасы әлсіз басқа елдердегі тура сондай тауарға қарағанда қымбатырақ болмақ. Еуропа мен Азиядағы тауар өндіруші елдер бенефициар екені анық, сонымен бірге әлемдегі көптеген жекелеген компанияларға да АҚШ кәсіпорындарымен бәсекелесіп, нарықтан өз үлесін молырақ алуға мүмкіндік бар.

АҚШ экономикасының жандануы осы елге тауар экспорттайтын кез-келген компания үшін жақсы жаңалық, өткен жылдары рецессия салдарынан олар тауарды төмен бағаға өткізіп келген еді.

«Егер FRS пайыздық мөлшерлемені көтере берсе, АҚШ экономикасының күшеюі ақша-несие саясатын қатайтады дегенді білдіреді, әлем үшін бұл жақсы жаңалық. Демек, АҚШ-тың сұранысы артады, осылайша дамушы елдер нарығында сыртқы сұраныстар (экспорттық өнімдер үшін) өсуі мүмкін» дейді сарапшы Уильям Джексон.

(Чарльз Рекнагельдің мақаласы ағылшыннан аударылды.)

XS
SM
MD
LG