Accessibility links

Ресейлік медиамагнат АҚШ-та істі болды


«Газпром-медиа» холдингі басшысы Михаил Лесин. Мәскеу, 10 шілде 2013 жыл.

«Газпром-медиа» холдингі басшысы Михаил Лесин. Мәскеу, 10 шілде 2013 жыл.

Ресей президенті Путиннің бұрынғы кеңесшісі, «Газпром-медиа» холдингі басшысы Михаил Лесиннің үстінен Калифорния сотында екі бірдей азаматтық іс қозғалды.

АҚШ-та Кремль саясатын әлемге таратып отыратын Russia Today телеарнасының негізін қалаушы ресейлік медиамагнат Михаил Лесин сотқа ілікті. Оған тиесілі Dastel корпорациясының бұрынғы қызметкерлері «жалақы және қосымша жұмыс үшін үстемақы төлемеді», «дискриминацияға және кемсітуге жол берді» деп шағымданды.

ЛЕСИННІҢ КОРПОРАЦИЯСЫ

Сот құжаттарына және жария ақпарат деректеріне қарағанда, Dastel корпорациясы Лос-Анджелестегі Лесиннің отбасы тұратын екі қымбат үйге және оның әулетіне тиесілі басқа да миллиондаған доллардың дүние-мүлкіне иелік етеді.

Өткен аптада АҚШ-тың республикашыл сенаторы Роджер Уикер әділет департаментінен осы корпорацияға тиесілі, құны 28 миллион доллар тұратын үйлердің қандай ақшаға сатып алынғанын тексеруді сұраған. АҚШ-та заңсыз түскен табысқа мүлік сатып алу қылмыс саналады.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен ақпарат министрі Михаил Лесин. Сочи, 14 қыркүйек 2002 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен ақпарат министрі Михаил Лесин. Сочи, 14 қыркүйек 2002 жыл.

56 жастағы Лесин қазір мемлекет қарамағындағы «Газпром-медиа» компаниясын басқарады. Путиннің алғашқы президенттік мерзімі кезінде ақпарат министрі қызметін атқарған ол тәуелсіз «НТВ» телеарнасын мемлекет қарамағына өткізуде көп «еңбек сіңірген». Путиннің екінші президенттік мерзімі кезінде Кремльдің кеңесшісі қызметін атқарған Лесинді 2009 жылы Дмитрий Медведев президент болып сайлана салысымен қызметінен алып тастаған.

Ресейдің мемлекеттік саясатын әлемге жария етумен айналысып отырған Russia Today телеарнасын да Лесин құрды делінеді. Ал 1990 жылдардың басында ол Ресейдің ең ірі жарнамалық фирмаларының бірі болған Video International компаниясының негізін қалаған.

ЕКІ ШАҒЫМ

АҚШ-та Лесиндер отбасына қарсы Калифорния жоғарғы сотына берілген екі шағымның бірінде жауапкер – Dastel корпорациясы, екінші істегі жауапкер – Лесиннің өзі мен зайыбы, ұлы мен келіні.

Арызданушылардың бірі – Лесиннің ұлы Антон мен келіні Кэрол Лессиндердің балаларын баққан күтуші Тесса Уэзерби. Оның айтуынша, Кэрол Лессин сәбиін ұрып-соққан соң ол балаларды қорғау мекемесіне арызданғаны үшін жазықты болып, жұмыстан шығарылған.

Уетерби бұған қоса жұмыс берушілері өзін АҚШ азаматы болғаны үшін, жергілікті халық өкілі болғаны үшін, христиан дінін ұстанғаны үшін кемсіткенін айтады.

Dastel корпорациясы да, Лесиндер әулеті де Уэзербидің 5 миллион доллар талап етіп отырған бұл айыптауларын жоққа шығарып, «фактілерді бұрмалады, міндеттерін дұрыс атқармады» деп оның өзін кінәлайды.

Екінші азаматтық істе Лесин мен отбасы мүшелерінің үйінде күтуші болып жұмыс істеген Мартина Лэндис «еңбек заңдарын бұзып, моральдық зиян келтіргені үшін» жауапкерден 1 миллион доллар өтемақы сұраған.

Арызданушы екі ай жұмыс істеген соң келісім-шарт бойынша жұмыс істейтін адам емес, қызметкер мәртебесін алғысы келетінін айтқаны үшін және Мексика азаматы болғаны үшін қырға ілігіп, жұмыстан шығарылғанын айтады.

Лэндис сотқа берген арызында Dastel корпорациясын «жеке адамдардың шығындарын корпорация шығындары ретінде көрсетіп, алаяқтық әрекеттермен салық көлемін азайтын отырған мекеме» деп айыптайды.

Бұл істе ерлі зайыпты Михаил және Валентина Лесиндер мен Dastel корпорациясы жауапкер ретінде айтылған.

Жауапкерлер «Лэндис жұмысқа кешігіп келіп, өз міндеттерін орындамай, ұзақ демалыстар ала бергені үшін жұмыстан шығарылды» дейді.

Михаил Лесин мен Russia Today басшысы Маргарита Симоньян Ресей президенті Владимир Путинге телеарна жұмысын таныстырып жатыр. 24 ақпан 2009 жыл.

Михаил Лесин мен Russia Today басшысы Маргарита Симоньян Ресей президенті Владимир Путинге телеарна жұмысын таныстырып жатыр. 24 ақпан 2009 жыл.

Сот құжаттарына сәйкес, Михаил Лесин - 2011 жылы шілдеде тіркелген, 1 миллион акциясы бар Dastel корпорациясының жалғыз қожайыны.

«Мекеменің қазіргі басты міндеттері – жылжымайтын мүлікті сатып алып, ұстап тұру және сату» деді сотқа берген түсініктемесінде Dastel корпорациясының президенті Илья Ципис.

Лесиннің отбасы осы корпорацияның иелігіндегі үйлерде тұрғандықтан күтушілерді де сол мекеменің жұмысқа алуы орынды дейді корпорация президенті.

Ципис шағымданушылар айтқан айыптауларды жоққа шығарды. Оның сөзінше, Лесиннің отбасы ешкімді ұлтына, дініне қарап кемсітіп көрген емес.

Арызданушылар аптасына 40 сағаттан, күнінен 8 сағаттан артық жұмыс істегендерін, қосымша жұмыс үшін үстемақы төленбегенін, жалақыны тұрақты алмағандарын, кемсітуге ұшырағандарын және наразылық білдіргендері үшін жұмыстан қуылғандарын айтады. Былтыр түсірілген арыздар Калифорния жоғарғы сотының қарауында жатыр.

Dastel корпорациясының адвокаттары да, мекеме қызметкерлері де бұл іс бойынша пікір айтудан бас тартты.

Азаттық тілшісі Льюк Джонсонның материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG