Accessibility links

АҚШ ИМ содырларымен соғысатын әскерін көбейтіп жатыр


Сирияның үкімет әскері Хомс қаласы маңындағы елді мекенді босатқан соң содырлардан қалған қара туды көрсетіп тұр. 4 сәуір 2016 жыл.
Сирияның үкімет әскері Хомс қаласы маңындағы елді мекенді босатқан соң содырлардан қалған қара туды көрсетіп тұр. 4 сәуір 2016 жыл.

2014 жылы маусымда Әбу Бәкір әл-Бағдади Ирактың Мосул мешітінде Ислам «халифатының» құрылғанын жариялаған сәтте құрылымның мемлекетке тән атрибуттары бар еді.

Әл-Бағдади мәлімдеме жасаған кезде «Ислам мемлекеті» (ИМ – Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым) содырларының сақшылар қорғайтын шекарасы, әскері, арнайы жасағы, полициясы, барлаушылары, баспасөз қызметі, салық жинаушылары, инженерлері, билік жүйесі, сыртқы және ішкі саяси саясаты болды.

Мұның алдындағы «Әл-Қаида» мен «Ирактағы Әл-Қаида» ұйымдарынан бұл содырлардың айырмашылығы – мемлекет құрамыз деп мәлімдеп қана қоймай, жеке-дара қала мен ауылдарды емес, тұтас бір аймақты басып алды.

ХАЛІ МҮШКІЛ СОДЫРЛАР

Қазір мұның бәрі өзгерді. «Ислам мемлекеті» аталатын «мемлекеттің» ахуалы мүшкіл. АҚШ мәліметтеріне қарағанда, күрд жасақтары мен Ирак әскері ИМ басып алған жердің 40 пайызын қайтарып алған. АҚШ қорғаныс мекемесінің аты-жөнін атамаған өкілі жақында USA Today басылымына «ИМ-нің мұнайдан түсетін табысының 50 пайызға азайғанын» айтты.

Америкалық генерал-майор Питер Герстеннің BBC-ге берген сұхбатынан аян болғандай, коалиция күштерінің әуе шабуылдары кезінде ИМ-нің үй-үйде және қоймаларда жасырылған 800 миллион долларға жуық ақшасы жойылған. Терроршылар жасағынан қашып жатқандар саны 90 пайызға көбейген, былтыр ай сайын ИМ қатарына шетелден 2 мың адам қосылып отырса, биыл олардың саны 200-ге де жетпейді. Бұл болжам рас болса, АҚШ бастаған коалиция ИМ қатарына қосылып жатқандардан жылдам қимылдап, олардың қатарын сиретіп келеді.

Оның үстіне ИМ жасағы басшыларының көбі коалиция [әуе] шабуылдары кезінде оққа ұшты. Наурызда ИМ-нің «бас қаржыгері» саналатын Әбді әл-Рахман Мұстафа әл-Қадули қаза тапты. Сол айда ИМ-нің «соғыс министрі» есептелетін «Шешен Омар» - Омар әл-Шишани опат болды.

Бұлардан басқа онша таныла қоймаған содырлар көсемдерінің бірталайы да жер жастанды. Олардың арасында Ирактың әл-Хамадания ауданының ИМ тағайындаған «губернаторы» Барзан әл-Хусам және көптеген дала командирлері бар. Нақ осы аймақтағы басшыларының көзі жойылған соң ИМ-нің жер-жердегі басқару тетіктері қожырап, оның кәнігі мемлекет емес, жай ғана террорлық топ екені дәлелденіп келе жатқандай.

Әскери тұрғыдан осыншама әлсірегеніне қарамастан, ИМ содырлары тізе бүкті деуге әлі ерте. АҚШ алдында әлі талай кедергі тұр.

АҚШ АЛДЫНДАҒЫ КЕДЕРГІЛЕР

АҚШ-тың Сириядағы жағдайға әскери тұрғыдан араласып келе жатқанына біраз уақыт болды. Америка өткен жылдан бері Сириядағы коалиция әскерімен бірге ИМ-ді тықсыру мақсатында жұмыс істеп жатқан сарбаздарының санын көбейтпек. АҚШ президенті Барак Обама Сирияға «арнайы күштердің 250 сарбазын аттандыратынын» мәлімдеді.

Америка үшін басты кедергілердің бірі – әуеден дәл нысаналауға мүмкіндік беріп, ақпарат жинайтын тиімді барлау қызметінің болмауы. АҚШ орталық басқармасының (CENTCOM) полковнигі Пэт Райдердің айтуынша, ИМ-ге қарсы коалиция осыған дейін 91 мың әуе жорығын ұйымдастырып, 12 мың соққы жасаған. Яғни ұшақтардың 13 пайызы ғана нысана көздеген. ИМ бақылайтын жер аумағы тарылып келе жатқандықтан тиісті нысананы тауып, дәл көздеу де қиындай бастаған.

ИМ әскері АҚШ әуе шабуылдарына қарсы қарапайым әдіс ойлап тапты. БАҚ хабарлауынша, олар өздерінің бақылауындағы жолдардың үстін брезент маталармен жауып тастаған. ИМ «астанасы» Раққа қаласынан хабар тарататын ақпарат агенттігінің тілшісі осындай мата жабылған жолдар суретін жариялады. Соның кесірінен әуедегі ұшақтар ИМ әскерінің қозғалысын бақылай алмай қалған. Мұндай жағдайда коалиция әскері террористер мен бейбіт тұрғындарды ажырата алмауы мүмкін.

ИМ бұл стратегиясын басып алған басқа аймақтарында да қолдана бастаса, онда олар әуе шабуылынан қымбат әскери техникасыз-ақ қорғана алады. Ақшадан таршылық көрген террорлық топтар қару-жарақтан анағұрлым арзан брезент материалдарды сатып алуға қауқарлы сияқты.

ҚЫРЫҚПЫШАҚ ТОПТАР

Бұған қоса террорлық топқа қарсы соғыста жеңіске жетем десе, АҚШ Сирия мен Ирактағы қырықпышақ болып бөлінген топтарға қатысты тактикасын айқындауы керек.

Өткен аптада әлеуметтік желідегі ИМ-ді қолдайтын аккаунттарда бірнеше айдан бері ИМ-ге қарсы соғысып келген, бірақ қазір содырлар жағына өткен көтерілісшілерді (Сирия президенті Башар Асадқа қарсы топтарды) көздеп барған америкалық әскери ұшақтардың суреттерін жариялады.

Жыл басында Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы, «Хезболла» және шиит жасақтарынан құралған коалиция Сирияның солтүстігін біраз жылдан бері бақылауында ұстап отырған көтерілісшілер шебін бұзып кіру үшін жұмыла соғысқан.

Осы сәтті пайдаланған ИМ шабуылын үдетіп, батысқа және солтүстіктегі Түркия шекарасына қарай жылжи бастады. Күрдтердің батыстағы «Халықтық қорғаныс жасақтары» да көтерілісшілерге қарсы соғысып жатыр. Көтерілісшер тобы қазір қоршауда қалған.

Сәуірдің басында Асадқа қарсы көтерілісшілер ИМ содырларын біраз тықсырған еді, бірақ қазір олардың шабуылдары тоқырап қалды. «Жиһадшылар» қайта басым бола бастаған тұста АҚШ ұшақтары көтерілісшілердің содырлармен соғысын қолдауға барған. АҚШ-тың көтерілісшілерді әуеден қолдауы - Вашингтонның Ирак пен Сирияның шығысындағы аумақтарды аман сақтау тактикасы.

АҚШ Асадқа қарсы топтарды қолдап, ИМ-ді тұқыртқысы келсе, НАТО-дағы мазасы қашқан одақтасы – Түркияның шекарасын күзетуге қам жасауы керек. Бірақ бұл тарапта ИМ-нің дәурені әлі жүріп тұр. Сәуірдің 27-сі күні содырлардың Түркия шекарасындағы бес ауылды басып алғаны туралы ақпарат тарады. Олай болса, терроршылар өте маңызды шекара өткелі Алеппоны бақылап отырған көтерілісшілер жасақтарын қоршап, жойып жіберуге жақын тұр.

ИМ террорлық ұйымы 15 жыл террорға қарсы соғысқа төтеп берген «Әл-Қаидадан» да асып түсті, бұлар жеңілістеріне тез көндігіп, жеңістерін мүддесіне жылдам пайдаланады. Соңғы бір жарым жылдағы ірі әскери жеңістеріне қарамастан, АҚШ коалициясы сәт сайын жаңа қиындықтар мен кедергілерге ұрынып жатыр және мұны өздері де мойындайды.

ИМ қазір өзінің ең басты жауларының бірі – Асадқа қарсы көтерілісшілердің әскери осалдығын пайдаланып, Сирияда да, Иракта да позициясын нығайтып отыр. Олар шайқастың келесі кезеңі оңай болмайтынын, жаңа шабуылдың басталатынын біледі, сондықтан жаңа қару-жарақ және брезент шатырлар алып қамданып жатыр.

Джеймс Миллердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG