Accessibility links

АҚШ президенті Джон Кеннедидің кісі қолынан қаза тапқанына 50 жыл болды. АҚШ-та оның өлімі туралы жаңа деректері бар кітаптар шықты. Авторлардың бірі Питер Саводник Азаттыққа сұхбат берді.

Кейін "Кеннедиді атып өлтірді" деген күдікке ілінген Ли Харви Освальд одан бұрын, 1959 жылы Совет Одағына қашып келіп, Минскіде екі жарым жыл тұрған. СССР-дегі «жаңа өмірдің» қызығы басылған соң Освальд АҚШ-қа оралған.

«Освальдтің Совет Одағындағы өмірі» кітабының авторы Питер Саводник Освальдтың Америкадан неге қашқанын, Минскідегі өмірін, оны Техастағы мектептің 6-қабатына көтерілуге мәжбүрлеген жағдайларды, 1963 жылы қарашаның 22-сі күні Кеннедиді атқандағы мақсаты туралы баяндайды.

Азаттық: - Сіз кітабыңызда «Ли Харви Освальдтің СССР-ға өтуіне оның өміріндегі келеңсіз жағдайлар мен анасының ықпалы себеп болды» дейсіз.

Питер Саводник: - Теңіз жаяу әскері қатарына алынғанға дейін (17 жасында – ред.) Освальд анасымен бірге 20 рет көшеді. Әр көшкен сайын анасының басында проблемалар болған: жұмыссыз қалған, жақын адамдарымен араздасқан. Ол жағдайлар анасы мен Освальдтің қарым-қатынасына да әсер етіп, бұл күйзелістер кикілжіңге ұласқан. Осы жағдайлардың кесірінен Освальд мейірім көрмей, жатбауыр болып өседі. Мәселеге осы қырынан келсек, оның Совет Одағына кетуінің себептері айқындала түседі. Освальдтың өзі мұны саналы түрде сезінбесе де, оған Совет Одағындағы өмір жақсы болып көрінген тәрізді.

Азаттық: - Ол неге Совет Одағын таңдады? Неден үміттенді, қандай мақсат көздеді?

Саводник: - Бастапқыда оған коммунизм мен марксизмнің жігерлі ұрандары шабыт берді деп ойлаймын. Сол ұрандар Освальдтің ақыл-санасына әсер етті. Ол бұрын-соңды оқыған және естіген «марксистік революция қағидаларының іске асқан жері - Совет Одағы» деп ойлады. Освальдың пікірінше, Совет Одағы - Америкадағы өмір жүйесін толық жоққа шығаратын жалғыз мемлекет.

Азаттық: - Совет Одағы азаматы болуды сұраған Освальд Мәскеуге келді. Неге оны билік өкілдері астанадан 675 километр қашықта жатқан Минскіге жіберді?

Саводник: - СССР КГБ-сі (мемлекеттік қауіпсіздік комитеті – ред.) үшін Освальдтің астанадан аулақта болғаны тиімді еді. КГБ оның шеткері жатқан тыныш та бұйығы жерде жүргенін қалады. Ол кезде шеттен келген қашқындардың бәрі сондай шет аймақтардағы қалаларға, мәселен, Украинаға жіберілетін. Освальд Минскіге (Беларусь астанасы – ред.) жіберілді. Қашқындардың қайда жіберілетіні маңызды емес, ең бастысы - олар СССР астанасынан аулақта болу тиіс.

Азаттық: - Освальдтің Совет Одағындағы өмірі әу баста жап-жақсы басталады, бірақ кейін ол жалыға бастайды. Оның советтік өмірге деген ықыласы неге жойылды?

Саводник: - Освальд Минскіге келген бетте танымал адамға айналған. Бастапқы алты айда оған жұрт «Минскіге келген АҚШ азаматы» деп қарады. Бірақ уақыт өте келе жұрттың қызығушылығы басылған. Адамдар оны ерекше тұлға санамайтын болды. Бұдан соң Освальдтің жаңа жердегі өмірге деген ықыласы жойыла бастайды. Бірінші себеп - осы. Екінші - ол кездегі Минскідегі өмір, адамдардың күнделікті тіршілігі кісіні жалықтыратындай баяу еді. Минск коммунистік қағидалармен өмір сүрді. Оның үстіне соғыс кезінде талқандалған бұл қала сталиндік үлгімен қайта салынған еді. Американың ірі қалаларындағы қым-қуыт тіршілік шуы, бей-берекет қозғалыс бұл қалада болмады. Минск - өте қарапайым қала. Сырт әлемнен оқшауланған өмірден адам тез зерігеді. Оның үстіне Минскіде бір жылдай өмір сүрген Освальд өзін КГБ-ның үздіксіз бақылайтынын байқаған. Мұндай жағдайда адам өзін жат, бөтен санай бастайды.

Освальд туралы Минск тұрғындарының айтқандарын мына видеодан көре аласыз:



Азаттық: - «1962 жылы Америкаға оралған оның (Освальд АҚШ азаматтығынан ресми түрде бас тартпаған) бойында ашу мен күйзеліс бұрынғыдан бетер ушықты» деп жазасыз. Неге олай болды?

Саводник: - Совет Одағындағы өмірді көріп келгеннен кейін оның бойында бала кезінен қалыптасқан тұрақсыздық, басқа жақтан бақыт іздеу сезімі жойылуы керек еді. Бірақ Совет Одағынан да көңілі қалып, екі жарым жылдан соң ол қайтадан АҚШ-қа оралды. Америкаға қайтып келген соң оның баянды өмірден үміті үзіледі.

Азаттық: - АҚШ-қа қайта оралған 24 жастағы Освальдтің психикалық жағдайын сипаттап бере аласыз ба? Ол қалайша Техастағы мектептің кітап қоймасына барып, қолына қару алды?

Саводник: - Освальдтың қалған өмірі - соңғы 17 айы осы бір сәтке келіп тіреледі. Ол АҚШ-қа оралған соң аласұрып, психологиялық тірек іздеді. Бірақ үнемі сәтсіздікке ұшырады. Солайша президенттің Далласқа келген сәтін күтіп, оны өлтірді. Президенттің қалай қаза тапқаны егжей-тегжейлі белгілі. Оқиғаның қалай болғаны көп мәрте айтылған. Менің айтпағым - президенттің қазасына қатысты оқиғалардың түп-төркіні Освальдтің психологиялық ахуалына келіп тіреледі.

Азаттық: - АҚШ тарихында Освальд түсініксіз тұлға санала ма? Адамдар оның шын табиғатын түсіне алды ма?

Саводник: - Адамдар үнемі Освальдті біреу ұйымдастырған шытырман оқиғаның кейіпкері ретінде елестетеді. Осыдан келіп оны бір құпия адам санайды. Жұртқа оның осы құпия агент бейнесі ұнайды. Бірақ осы адамды тиянақты зерттесек, оның біз ойлағандай құпия кейіпкер емес екенін байқаймыз. Освальд қайшылықты жан шығар, мінезі күрделі болған шығар, бірақ оған қарапайым адам ретінде қарағанымыз жөн. Егер біз оған осы қырынан қарасақ, күдіктеріміз сейіле түседі.

Хизер Майердің сұхбатын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG