Accessibility links

АҚШ-қа кіруге салынған тыйымның кесірі кімге тиеді?


Босқындарды елге кіргізбеу туралы АҚШ президенті жарлығына қарсы наразылық шарасында айтылған сөздерді тыңдап отырған мұсылман әйелдер. АҚШ, Сиэтл, 29 қаңтар 2017 жыл.
Босқындарды елге кіргізбеу туралы АҚШ президенті жарлығына қарсы наразылық шарасында айтылған сөздерді тыңдап отырған мұсылман әйелдер. АҚШ, Сиэтл, 29 қаңтар 2017 жыл.

Өткен апта АҚШ президенті Дональд Трамп барлық елдердің босқындары мен қара тізімге енген елдер азаматтарының Америкаға кіруіне уақытша тыйым салатын жарлық шығарды. Бұл жарлық кімге қалай әсер етті, енді олардың күні не болмақ?

Сириядан келген босқындарға мүлде есік жабылса, басқа босқындардың АҚШ-қа кіруіне 120 күнге тыйым салынды.

Сонымен бірге, жарлық бойынша, визаның басқа бір қатаң түрі шыққанға дейін көбіне мұсылмандар тұратын Иран, Ирак, Ливия, Сомали, Судан, Сирия және Йемен елдерінің азаматтары АҚШ-қа жіберілмейтін болды.

Жарық көре салысымен күшіне енген «Ұлтты шетелдік терроршылардан қорғау туралы» бұл жарлық кімге қалай әсер етті?

Қара тізімге енген елдердің азаматтары

Қара тізімге енген жеті елдің азаматтары визаның қандай түрін алған болса да, енді сәуірдің 27-сіне дейін АҚШ-қа аяқ баса алмайды. Тек дипломаттардың ғана Америкаға кіруіне рұқсат берілген.

Дональд Трамптың босқындар мен қара тізімдегі жеті ел азаматтарының АҚШ-қа кіруіне тыйым салған жарлығына қарсы наразылық шарасына шыққан адамдар. АҚШ, Лос-Анжелес әуежайы, 29 қаңтар 2017 жыл.
Дональд Трамптың босқындар мен қара тізімдегі жеті ел азаматтарының АҚШ-қа кіруіне тыйым салған жарлығына қарсы наразылық шарасына шыққан адамдар. АҚШ, Лос-Анжелес әуежайы, 29 қаңтар 2017 жыл.

Жарлықта «from» сөзінің (босқынның немесе азаматтың қай елден келгенін білдіретін сөз- ред.) мағынасы ашық айтылмағандықтан, жұрттың көбі абдырап қалған. Вашингтонда иммиграция мәселелерімен айналысатын адвокаттың өзі «from» деген сөздің аталған елдердің азаматтарына қатысты ма, әлде сол елде туғандарға ғана қатысты ма - анықтап айта алмады.

The New York Times газетінің жазуына қарағанда, АҚШ-тың кеден және шекара қызметі әуе компанияларына тізімге енген елдерден келетіндерді рейске қабылдамау, ұшаққа отырып қойғандарын шығарып жіберу туралы нұсқау берген. Газеттің жазуына қарағанда, бұл ереже тіпті ұшақтың экипаж мүшелеріне де АҚШ-қа баруға шек қояды.

Жарлық шыққанға дейін қара тізімдегі елдерден АҚШ-қа визамен барып қойған азаматтардың мәртебесі туралы да біраз пікірталас болды. Жарлық олардың елге кіруіне тыйым салғанымен, халықаралық әуежайлар орналасқан қалалардың судьялары оларды депортациялауға болмайды деген шешім шығарды. Дегенмен судьялардың шешімдері АҚШ-тың әуежайларына келіп қойған адамдарға ғана қатысты болғандықтан, бұл ереже жолға енді шығатын азаматтарға жүрмейді.

Сот шешімдері АҚШ президенті жарлығының заңдық күшін жоя алмайды. АҚШ заңдары бойынша, президент ұлттық мүддеге қауіп төндіреді деп ұйғарса, кез келген шетелдіктің елге кіруіне тыйым салынады.

АҚШ әкімшілігі кесімді 90 күн өткен соң қара тізімдегі азаматтардың елге кіруіне автоматты түрде рұқсат берілмейтінін ескертті. Осы үш айдың ішінде АҚШ үкіметі сәуірдің 27-сінен кейін қандай жүйе қолданатынын анықтап алмақ.

Қара тізімдегі «грин карта» алған азаматтар

Президент жарлығында АҚШ-тың тұрақты тұрғындары (грин карта иегерлері) санатындағы азаматтардың бұдан былайғы мәртебесі туралы да нақты жазылмаған.

Қаңтардың 29-ы күні ішкі қауіпсіздік департаментінің хатшысы Джон Келли «АҚШ-та заңды түрде тұрақты тұратын азаматтардың кіруі елдің ұлттық мүддесіне сәйкес келеді» деген пікірін айтты.

Алайда, ол қара тізімге енген елдерден келгенімен, қолында «грин картасы» бар азаматтар тағы бір тексеруден өтуі мүмкін екенін ескертті.

Қара тізімдегі жеті елден келген қос азаматтығы бар адамдар

Қара тізімге енген елдің азаматтығымен қоса, қолында АҚШ-тан басқа тағы бір елдің паспорты бар адамдар да 90 күн Америка аумағына кіре алмайды.

АҚШ-пен одақтас Ұлыбритания, Канада сияқты елдермен қос азаматтығы бар адамдардың жағдайына қатысты да түсініспеушіліктер болды. Британияның сыртқы істер министрі Ұлыбританиямен қос азаматтығы бар қара тізімдегі елдер өкілдерінің АҚШ-қа кіруіне ешқандай шек қойылмайды деп ескертті.

АҚШ президентінің жеті елден келетін босқындар мен азаматтарды АҚШ-қа кіргізбеу туралы жарлығына қарсы демонстрация. АҚШ, Чикаго әуежайы, 29 қаңтар 2017 жыл.
АҚШ президентінің жеті елден келетін босқындар мен азаматтарды АҚШ-қа кіргізбеу туралы жарлығына қарсы демонстрация. АҚШ, Чикаго әуежайы, 29 қаңтар 2017 жыл.

Тізімдегі жеті елде туып, АҚШ азаматтығын алып қойғандар

Америкада туса да, онда кейіннен келсе де, АҚШ азаматтығын алып қойған жандарға жарлықтың қатысы жоқ.

Тізімдегі жеті елге баратын АҚШ азаматтары

Қара тізімдегі жеті елге саяхат жасаған АҚШ азаматтары елге келген соң тергелуі мүмкін. Ақ үйдің өкілі Рейнс Прейбус NBC-ге берген сұхбатында «Ливияға барып келген Америка азаматының әуежайда тергеуге алынуы мүмкін екендігін» ескертті.

Сириядан келетін босқындар

2011 жылдан бері соғыс болып жатқан, миллиондаған азаматы шетелдерге босып кеткен Сириядан барған босқындарға АҚШ-қа кіруге тыйым салынды.

Дегенмен жарлыққа қарасақ, «егер АҚШ-тың ұлттық мүддесіне сәйкес келсе», кей босқындардың АҚШ-қа кіруіне мүмкіндік беріледі. Мәселен, «егер ол адам қудалауға түскен діни азшылық өкілі болса» деген ескертпе бар. Трамп Сириядағы христиандарды мысалға келтірген еді.

Басқа елдерден келетін босқындар

Жарлық бойынша, әлемнің барлық елінен келетін босқындардың АҚШ-қа кіруіне 120 күнге шек қойылды. Діни көзқарасы бойынша қуғын көргендерге шекара ашылуы мүмкін.

Жарлықта АҚШ-тың 2017 жылы әлемнің түкпір-түкпірінен тек 50 мың босқынды қабылдай алатыны айтылған. Ал бұрынғы президент Барак Обама биыл 110 мың босқынды қабылдауға пәрмен беріп кеткен еді.

Болашақта қара тізімге басқа да елдер қосылуы мүмкін бе?

Әзірге бұл туралы айқын ештеңе айтылмады. Ақ үй өкілі Прейбустың айтуынша, қара тізімге Конгресс пен Обама әкімшілігі «терроризмге ең көп қолдау көрсетіп отыр» деп ұйғарған елдер енгізілген. Ақ үй өкілі бұл тізімге басқа елдердің де кіруі мүмкін екенін ескерткенімен, қосымша мағлұмат берген жоқ.

Чарльз Рекнагельдің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG