Accessibility links

Кортни: Ахмедьяровты ұрған бұзақылар емес


АҚШ-тың Қазақстандағы тұңғыш елшісі болған Уильям Кортни. Грузия, Тблиси, 15 қыркүйек 2011 жыл.

АҚШ-тың Қазақстандағы тұңғыш елшісі болған Уильям Кортни. Грузия, Тблиси, 15 қыркүйек 2011 жыл.

АҚШ-тың Қазақстандағы тұңғыш елшісі болған Уильям Кортни «Уральская неделя» газетінің журналисі Лұқпан Ахмедьяровқа жасалған қастандықты халықаралық деңгейде тексеруге шақырды.

Уильям Кортни журналист Лұқпан Ахмедьяровқа жасалған қастандық туралы Азаттық радиосының Вашингтондағы тілшісіне сұхбат берді. Бұрынғы елші Ахмедьяровқа жасалған шабуылды адам шошырлық оқиға деп сипаттады.

«ҮШ ОҚИҒА ДА БАТЫС ҚАЗАҚСТАНДА БОЛДЫ»

- Ахмедьяров – ерекше қайсар, табанды журналист, әрі саяси белсенді. Биліктің зор қысымына қарамастан, адам бостандығы мен абыройы үшін тынбай күресіп келеді, - деді америкалық дипломат.

Кортнидің айтуынша, журналистке қастандық тапсырыс бойынша жасалғанға ұқсайды.

- Әлбетте бұл – бұзақылар шабуылы емес... Қастандықтың билік жүйесіндегі әлдекімнің тапсырысы бойынша жасалғаны күмәнсіз. Мұндай жағдайда тек халықаралық тексеру сенімді болмақ, - деді ол.
Қастандықтың билік жүйесіндегі әлдекімнің тапсырысы бойынша жасалғаны күмәнсіз. Мұндай жағдайда тек халықаралық тексеру сенімді болмақ.
Экс-дипломат АҚШ үкіметі Ахмедьяровтың соққыға жығылу себебін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) деңгейінде тексеруге ықпал етуі керек деп ойлайды.

Кортни сонымен қоса, Қазақстанның батыс аймағында болған соңғы үш оқиға халықаралық тұрғыда назар аударарлық жайт екенін айтты.

- Біріншісі - Жаңаөзендегі қарусыз шерушілерге қауіпсіздік күштері оқ атқан қайғылы қырғын. Екіншісі - өткен аптада Атырауда 42 адамның терроризм бойынша айыпты танылып сотталуы. Санның көптігі сонша сенімсіздік тудырады. Үшіншісі - Ахмедьяров мырзаның таяққа жығылуы, - деді ол.

Бұрынғы елші бұл оқиғалардың бәрі Қазақстандағы саяси тұрақтылықтың шайқала бастағанын және Астананың Қазақстанның батысындағы әлеуметті өзінен алыстатып, олардың сенімін жоғалтып алғанын көрсетеді деп санайды.

АХМЕДЬЯРОВТЫҢ БОЛЖАМЫ

Ал ауруханада жатқан “Уральская неделя" газетінің журналисі Лұқпан Ахмедьяров өзіне жасалған қарулы қастандықты мақалалары ұнамаған адамдар ұйымдастырды деп санайтынын мәлімдеді.

Сәуірдің 24-і сейсенбі күні Оралда ауруханада жатқан Ахмедьяров журналистерге берген сұхбатында қастандық жасаушылардың өзінің қай уақытта үйінен шығатынын жақсы білгенін және тапсырыс бойынша қимылдағанын айтты.

- Кешке үйден көлігімді тұраққа қояйын деп шыққанымда екі адамның сұлбасын байқадым. Олар мені «мынау соның өзі» деп нұсқап, артынша атып жіберді. Сосын аямай ұра бастады. Қараңғыда тек тапанша ұстаған қолды ғана байқай алдым, - деді ол.
Жаралы журналист Лұқпан Ахмедьяровты жедел жәрдем дәрігерлері ауруханаға алып кіріп бара жатыр. Орал, 19 сәуір 2012 жыл

Жаралы журналист Лұқпан Ахмедьяровты жедел жәрдем дәрігерлері ауруханаға алып кіріп бара жатыр. Орал, 19 сәуір 2012 жыл


Ахмедьяров осы шабуыл бойынша қозғалған қылмыстық істің тергеушілеріне өзінің «Брат, сват, блат» деген мақаласы кейбіреулерге ұнамай қалуы мүмкін деп мәлімдеген.

- Оралдағы ішкі саясат департаментінің бастығы Тілекқабыл Имашев тіпті сотқа 5 миллион теңге моральдық шығын төлеуді талап етіп шағым да берді, - деді Ахмедьяров.

Қазір Орал қалалық соты жергілікті шенеуніктің Ахмедьяровтың мақаласына қарсы жазылған талап арызын қарап жатыр.

Оралдық журналист Лұқпан Ахмедьяровқа сәуірдің 19-ы күні үйінің алдында белгісіз біреулер қарулы қастандық жасап, ол ауыр халде ауруханаға түскен еді. Операция жасаған дәрігерлер оның сегіз жерден пышақталғанын, резеңке оқтан жараланғанын айтқан болатын.

Ахмедьяровтың әріптестері қастандық оның кәсіби қызметіне қатысты жасалды деп санайды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG