Accessibility links

«Манас» - Орталық Азиядағы АҚШ жоспары күйреуінің белгісі


АҚШ сарбаздары "Манас" авиабазасынан Америкаға аттанып барады. Қырғызстан, 21 наурыз 2013 жыл.

АҚШ сарбаздары "Манас" авиабазасынан Америкаға аттанып барады. Қырғызстан, 21 наурыз 2013 жыл.

Кейбір сарапшылар Бішкектегі АҚШ авиабазасының жабылуын «Орталық Азиядағы АҚШ ықпалын күшейту экспериментінің аяқталуы» деп атайды. Демократия мәселесі қосымша себеп ретінде көрсетіледі.

Қырғызстандағы «Манас» авиабазасы 2001 жылдан бері АҚШ әскерінің плацдармы және Ауғанстанға соғыс құрал-жабдықтарын тасымалдайтын база қызметін атқарды.

Өткен айда Пентагон оның жабылатынын жариялады. Бақылаушылар «Базаны жабу туралы шешім АҚШ-тың Ауғанстандағы терроризмге қарсы іс-қимылына кедергі келтіреді, әрі мұның басқа да зиянды салдары болуы мүмкін» деген ескертулерге қарамастан, АҚШ бұл шешімді ың-шыңсыз, самарқау қабылдады» деп бағалады.

«Нью-Йорк таймс» газетінің Стамбулдағы тілшісі Джошуа Кучера бір жарым мың америкалық сарбаздың Бішкектен кетуін АҚШ-тың Орталық Азия сияқты шалғайдағы стратегиялық аренадағы «ықпалын кеңейту мен күшейту жөніндегі қысқа мерзімді экспериментінің аяқталуы» деп атады.

Оның газете жарияланған комментарийіне қарап, «эксперимент сәтсіздікке ұшырады» деген қорытынды жасауға болады. Мәселе Американың аймақтағы ең соңғы тірегі «Манас» базасы болғандығында да емес (Вашингтонның адам құқығын бұзу оқиғаларына қатысты тексеру жүргізуге шақырғанына қитыққан Ташкент 2005 жылы АҚШ-тың «Қаршы-Ханабад» авиабазасын жабуды талап еткен).

«Ресей мен Қытайдың ортасында жатқан аймақта Батысқа бүйрегі бұратын аралық зона (қалқан) құру туралы иллюзия Бішкек авиабазасын жабумен бірге күйреді» деген пікірлер айтылады. Мұндай аймақ құру идеясын «қырғи-қабақ» соғыс тұсында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы болған саясаткер Генри Киссинджер ұсынған.

КРЕМЛЬДІҢ ТОСҚАУЫЛЫ

Аймақта АҚШ ықпалының күшеюіне жол бермеуге тырысқан Кремль әрекеттері Батыс позициясын әлсіретті деген пікірлер де бар. Олардың ішінде Ресейдің әскери көмек ретінде Бішкекке бір миллиард доллар беруі мен қарызын жоюы және ГЭС құрылысын қаржыландыруы аталады.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. ШЫҰ саммиті, Бішкек, 13 қыркүйек 2013 жыл.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. ШЫҰ саммиті, Бішкек, 13 қыркүйек 2013 жыл.

Журналист Кучера Азаттыққа берген сұхбатында:

- Қырғызстандағы «Манас» авиабазасын жаптыруға ұмтылған Ресей басқа да әрекеттерімен АҚШ-тың Орталық Азиядағы жоспарларына тосқауыл қоюға тырысып отыр. АҚШ өз ықпалынан айырылып барады, - деді.

Бірақ ол «Орталық Азия елдерінің ешқайсысы Ресейдің әмірімен жүргісі келмегенімен, АҚШ Кремльдің қысымына төтеп береді дегенге сенбейді. Бұл рөлге соңғы жылдары мұнай-газ саласында ірі мәмілелерге қол жеткізу арқылы аймақтағы ықпалы күрт артқан Қытай ие болады» деген болжам айтады.

ДЕМОКРАТИЯ ЖЕМІСТЕРІ

Бұл себептермен қатар мүлде күтпеген болжамдар да айтылды. Джошуа Кучераның пікірінше, «қазір Қырғызстан президенттік биліктен гөрі парламенттік билік күшейген демократиялық елге айналды». Соңғы екі президент - Роза Отынбаева мен Алмазбек Атамбаевтың тұсында «Манас» авиабазасын техникалық тұрғыдан жабдықтау сияқты мәселелерде бұл жұмыстардың ашық жүргізілуі принципі қадағалана бастады.

«Президенттер Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиевтің тұсында АҚШ әскерін осы екі президенттің әулетіне тиесілі компаниялар жанар-жағармаймен қамтамасыз етіп, одан олар пайда көрді. Америкалық журналист Азаттыққа:

Роза Отынбаева Қырғызстан президенті кезінде парламентте сөйлеп тұр. Бішкек, 11 қыркүйек 2011 жыл.

Роза Отынбаева Қырғызстан президенті кезінде парламентте сөйлеп тұр. Бішкек, 11 қыркүйек 2011 жыл.

​- 2010 жылы билік басына уақытша келген Роза Отынбаева бұл жүйені реформалады. Соның арқасында авиабазаның «пайдасын нақты кім көреді?» деген мәселені АҚШ пен Қырғызстан үкіметтері ашық талқыламай, жасырын шешім қабылдай алмайтын болды, - дейді.

Қырғызстанның қазіргі президенті Алмазбек Атамбаевтың сайлауалды бағдарламасының негізгі пункттерінің бірі «АҚШ авиабазасынан құтылу» болды. Джошуа Кучераның пікірінше, «АҚШ-қа қарсы науқан ұйымдастыру саяси көзқарас тұрғысынан алғанда көреген әрі сауатты стратегия болды. Өйткені Совет Одағы тарағалы 20 жыл өтсе де, қырғыздардың көпшілігі АҚШ-қа емес, Ресейге бүйрегі бұрады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG