Accessibility links

Клинтон алғашқы дебатында Трампты жеңді


АҚШ президенттігіне кандидаттар демократ Хиллари Клинтон (сол жақта) мен республикашыл Дональд Трамп (оң жақта) алғашқы дебаттан кейін. Нью-Йорк, 26 қыркүйек 2016 жыл

АҚШ президенттігіне кандидаттар демократ Хиллари Клинтон (сол жақта) мен республикашыл Дональд Трамп (оң жақта) алғашқы дебаттан кейін. Нью-Йорк, 26 қыркүйек 2016 жыл

АҚШ президенттігіне кандидат Хиллари Клинтон "мемлекет басқаруға дайын" екенін мәлімдеді. Оның қарсыласы Дональд Трамп "тәжірбиесі қажетсіз басшы елге керек емес" деді.

Қыркүйектің 26-сы күні АҚШ президенттігіне кандидаттар демократ Хиллари Клинтон мен республикашыл Дональд Трамп Нью-Йорк қаласының маңындағы Хофстра университетінде алғашқы дебаттарын өткізді. Бұл пікірталасты CNN телеарнасы тікелей эфирде көрсетті. Жалпы саны үш рет өтетін дебат екі кандидатқа президенттік кампанияларын табысты аяқтау үшін өте маңызды. Екі апта бұрын Дональд Трамп үшін Хиллари Клинтоннан озып жақтас жинау қиындау көрінсе, қазір кейбір әлеуметтік сауалнамалар қорытындысы бойынша екі кандидаттың арасын екі-ақ пайыз айырмашылық бөліп тұр.

Жарты сағатқа созылған дебатта орта дәулетті тапты қинап тұрған экономикалық қиындық, нәсілдік жікшілдік және мемлекет қауіпсіздігі сөз болды. Кандидаттардың көзқарастары мен пікірлері әдеттегідей әрқилы болып шықты.

КАНДИДАТТАРДЫҢ ҰСТАНЫМДАРЫ

Хиллари Клинтон Демократиялық партияның қай жаққа шығарын білмей жүрген екі ойлы сайлаушылары – этникалық азшылық пен жастарды өзіне дауыс беруге тарту үшін "бәріне пайдалы" деп атаған экономикалық бағытын ұсынды. Клинтон ең аз еңбек ақысын көбейтуге, жағдайы нашар отбасынан шыққан балаларды жоғарғы оқу орындарында тегін немесе арзанға оқытуға, тұрмысы орташа тұрғындардың жағдайын жақсартуға, табысы көп байларға тиісінше салық салуға уәде берді.

Дональд Трамп демократтардың арқасында жұмыс орнынан айырылған азаматтардың шетелге кетуін "АҚШ экономикасын құлдырату" деп бағалады. "Мексика, Қытай және басқа елдер америкалық жұмыс орындарын ұрлап жатыр" деді ол. Трамп АҚШ компаниялары бас кеңселерін шетелге алып қашпауы үшін тиімсіз келісім-шарттар мен тарифтерді жоюға уәде етті. Трамп өзін "заң мен тәртіп үстемдігін қорғаушы лидер" ретінде көрсетті.

Дебатта Клинтон тосын сұрақтар қойып, саяси мәдениет шеңберінен шықпайтын мәлімдемелер жасап, Трамппен ашық айтыспауға тырысты. Клинтон өзін елдегі қиыншылықтардан жан-жақты хабардар және олардың шешу жолдарын білетін саясаткер ретінде көрсетіп бақты. Дебат шарты бойынша, аудитория эмоцияға ерік бермеуі керек. Дональд Трамптың кезекті шабуылынан кейін Хиллари Клинтон бір сәтке үндемей қалды. Сосын: "Иә, бұл дебатқа әбден дайындалдым. Президент қызметін атқаруға дайынмын" деді. Залда отырғандар шыдамай ду қол шапалақтап жіберді.

АҚШ президенттігіне кандидаттар демократ Хиллари Клинтон (оң жақта) мен республикашыл Дональд Трамп (сол жақта) дебат кезінде. Нью-Йорк. 26 қыркүйек 2016 жыл

АҚШ президенттігіне кандидаттар демократ Хиллари Клинтон (оң жақта) мен республикашыл Дональд Трамп (сол жақта) дебат кезінде. Нью-Йорк. 26 қыркүйек 2016 жыл

​Мемлекет қауіпсіздігіне қатысты пікірталаста Клинтон ресейліктердің [хакерлердің] Демократиялық партияның мәлімет қорына кибер шабуыл жасағанына Трампты жауапты етіп сөйледі. Оның сөзінше, Трамп америкалықтардың құжаттарын комьютерден ұрлап алу үшін ресейлік хакерлерді шақырғандай болған. Ал Трамп америкалықтардың компьютер жүйесін ресейліктер емес, қытайлар немесе ирандықтар бұзуы мүмкін екенін, кибершабуылдан сақтану қажеттігін айтты.

Жарты сағаттық дебатта кандидаттар жақтастарының көңілінен шықты. Теледебатты көрген CNN аудиториясының 62 пайызы Клинтонды, 27 пайызы Трампты жақтап дауыс берді.

САРАПШЫЛАР ПІКІРІ

Азаттықтың Орыс қызметіне пікір білдірген Денвер университетінің профессоры Джонатан Аделманның дебатқа қатысты ойы мынадай:

– Дебат Дональд Трамп үшін өте сәтсіз болды. Ол дебаттың не екенін түсінбейді. Мемлекет басқару, халықаралық қатынас істерінде ешқандай тәжірбиесі жоқ. Трамп бар болғаны бизнесмен, дебат бойы соны дәлелдеді. Қайта, бұл жолы ол өзін ұстай білді. Бірақ, Клинтон үнемі шабуылдап, оның тас-талқанын шығарды. Бұл дебаттар оған [Клинтонға] алдағы сайлауда жеңіс әпереді-ау. Трамптың кейбір айтқандары, мәселен, экономикаға қатысты ойлары көңілге қонады. Бірақ ол сауалнамаларға сәйкес "америкалықтардың 65 пайызы ұнатпайтын" Хиллари Клинтонның әлсіз жақтарын көрсете алмады.

Хьюстон университетінің профессоры Пол Грегори Клинтонның күшті көрінгенін, бірақ, қорытынды шығаруға асықпау керектігін айтады.

– Дебат кезінде Дональд Трамп сенімсіз көрінді. Пікірталаста қозғалған мәселелерді жетік білмейтіні де аңғарылды. Клинтонға айтарлықтай соққы жасау оған қиынға түскендей. Бірақ, сарапшылар пікіріне құлақ аса бермей, сайлаушылардың реакциясын күте тұрғанды жөн санаймын, – дейді ол.

Джордж Мэйсон университетінің профессоры Эрик Ширяев "дебат итжығыспен біткенін" айтады.

– Клинтон сайлаушыларының дауысын жоғалтқысы келмеді. Ал Трамп бір-екі пайыз дауысты өзіне тартуға тырысты. Екеуі де мақсаттарына қол жеткізді. Либералдық баспасөз "жеңіске Клинтон жетті" десе, консерваторлар "итжығыс болды", тіпті, "Трамп өзін жақсы көрсетті" деп жатыр, – дейді Ширяев.

Reuters/Ipsos-тың қыркүйектің 26-сы күні сайлаушылар арасында өткізген сауалнамасы бойынша, америкалық дауыс берушілердің көпшілігі кандидатқа осы дебаттың қорытындысына қарап та дауыс беретінін білдірген.

Жылжымайтын мүлік магнаты, республикашылар партиясының өкілі Дональд Трамп бұған дейін бетпе-бет дебатқа қатысып көрмеген. Ал Хиллари Клинтон 2008 жылы АҚШ президенттігіне Демократиялық партиядан үміткер атану үшін партиялас қарсыласы Барак Обамамен сайысқа түскен.

АҚШ-та президент сайлауы қарашаның 8-інде өтеді.

(Азаттықтың Орыс қызметінің материалы негізінде дайындалды)

XS
SM
MD
LG