Accessibility links

11 қыркүйек оқиғасына 10 жыл: ұтқандар мен ұтылғандар


Дүниежүзілік сауда орталығы ғимаратының ұшақ соғылған соң өртеніп жатқан сәті. Нью-Йорк, 11 қыркүйек 2001 жыл.
Дүниежүзілік сауда орталығы ғимаратының ұшақ соғылған соң өртеніп жатқан сәті. Нью-Йорк, 11 қыркүйек 2001 жыл.

2001 жылы 11 қыркүйекте АҚШ-тың Нью-Йорк пен Вашингтон қалаларына жасалған, 3 мыңнан аса адамның өмірін қиған шабуылдан бері он жыл өтті. Осы оқиғадан кім ұтты, кім ұтылды?


ҰТҚАНДАР

1.АҚШ-тың әскери-индустриалдық кешені

2001 жылдың 11 қыркүйегінен бергі 10 жыл – АҚШ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қырғи-қабақ соғыс жылдарынан бергі ең ірі экспансияларының куәгері. Вашингтон 10 жылда қорғаныс министрлігіне, барлау қызметіне, Ирак пен Ауғанстандағы соғыстарға 7 триллион АҚШ долларын жұмсады (мысалы, АҚШ барлау қызметінің бюджеті ғана осы аралықта шамамен екі есеге артты). Ұлттық қауіпсіздік департаментінің құрылуы мен Ұлттық барлау қызметі директорының тағайындалуы – федеральдық үкіметтің екінші дүниежүзілік соғыстан бері ең ірі қайта құрылымға ұшырауы.

The Washington Post газеті «Аса құпия Америка» атты мақаласында қазір 854 мың адамның қауіпсіздікпен өте құпия айналысатынын, 2001 жылдан бері Вашингтон мен оның айналасында жоғары құпиялы барлау жұмыстарына арнап 33 ғимарат кешені салынғанын жазады. «Бәрін қоса алғанда олар 3 Пентагон ғимараты немесе 22 Капитолий ғимаратының аумағына тең 17 миллион шаршы фут аумақты құрайды» деп жазады The Washington Post.

2.Иран

Ауғанстанда ықпал орнату үшін күрес жүргізген, басым көпшілікке ие сүннит талибандар 1990 жылдары шииттерді қырып, Иранның 10 дипломатын өлтірді. Сондықтан да Тегеран 2001 жылдың күзінде АҚШ-тың тәліптер үкіметін жою қадамын құптады.

Ұзақ уақыт тәліптермен күрескен, кезінде Иранның қолдауына ие болған, парсы тілінде сөйлейтін көптеген тәжіктер Ауғанстанда Хамид Карзай
Иран президенті Махмуд Ахмадинежад. Тегеран, 26 тамыз 2011 жыл.

үкіметіне кірген кезде Иран басшылары бір қуанды.

АҚШ әскері 2003 жылы Иракқа басып кіріп, Саддам Хусейнді тақтан тайдырғанда Иран билігі тағы қуанды. 1981 жылы сегіз жылға созылған Иран-Ирак соғысын бастаған Саддам Хусейн Иранның аса қуатты жауы еді. Иракта Саддам Хусейннен кейінгі үкімет құрамына елдегі басым көпшілік – шиит қауымының жетекші мүшелері енді. Олардың көпшілігі АҚШ Иракқа басып кіргенге дейін ондаған жылдар басқа жерлерде, Иранда тұрып, Тегеранның қолдауына ие болып жүрді.

«Ядролық бағдарламасын дамытуды жалғастырып отыр» деген айыпқа іліксе де, жоғарыдағы жағдайлар Иранның аймақтағы ықпалын кәдімгідей күшейте түсті.

3. Жеке қауіпсіздік қызметтері

2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасынан бұрын елеусіз ғана жұмыстарын атқарып жатқан санаулы жеке қауіпсіздік компаниялары бар еді. Бірақ өткен он жылда қауіпсіздікті қамтамасыз ету бизнесі бірнеше миллиард доллар айналымы бар индустрияға айналды. Осыдан кейін «бір кездері ресми әскерилер атқарған қызметтердің көпшілігін жекелеген компанияларға жүктеу қаншалықты дұрыс» деген сұрақ туды.

Мысалы, Ирактағы соғыс кезінде Blackwater компаниясының аты «жауапкершілігін алмай-ақ тапанша ұстап жүре бер» деген сөздің синонимі ретінде қалыптасып. Ол компания атын өзгертуге мәжбүр болып, қазір ол жұмбақталып, «Xe» деп қана аталады.

АҚШ мемлекеттік департаменті келер жылы Ирактағы жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жалдамалы сарбаздар санын екі есеге дейін (2700-ден 5000-ға дейін) арттырмақ.

2001 жылы 11 қыркүйек оқиға жекелеген қауіпсіздік салаларының кең қанат жаюына да түрткі болды. Әуежайдағы сканерден бастап сусабыны бар шағын құты өндірушілер де бұрын-соңды болмаған қауіпсіздік шараларын қолға алды.

4. Владимир Путин

Бұрынғы КГБ қызметкері Владимир Путин Ресейдің Шешенстандағы исламшыл сепаратистерге қарсы екінші соғысын қудалау арқылы президент тағына ие болды.

11 қыркүйек оқиғасына дейін көптеген Батыс Ресейді «сепаратистерге шабуыл жасағаны үшін, бомбалау мен артиллерияны оңды-солды
Ресей премьер-министрі Владимир Путин баспасөз мәслихатында. Париж, 21 маусым 2011 жыл.

қолданғаны үшін, көптеген шешен жастарының «жоғалып» кетуіне бола» сынайтын. Бірқатар сепаратистер мен «Әл-Қаида» арасындағы байланыстарға пәлендей көңіл бөле қоймайтын. Нью-Йорк пен Вашингтонға шабуыл жасалған соң ғана қарым-қатынас өзгергендей болды.

Кремль мен Ақ үй барлау мәліметтерімен бөлісуге, Ауғанстанда ынтымақтастық орнатуға келісім жасасқан соң АҚШ-тың Ресейдің адам құқықтарына байланысты сыны дереу тоқтады.

Постсоветтік елдердегі басқа диктаторлар, Ауғанстанның Орталық Азиядағы көршілері де АҚШ-ың қолдауына ие болу үшін «террористік қауіп» деген сөзді пайдаланып қалуды көздеді. Олардың бәрі Ауғанстандағы соғысты керек-жарақпен қамтамасыз етуді қолдап, өздеріндегі адам құқықтары мәселесін елеусіз қалдыруға тырысты.

5. Атеистер

Батыстың коммунист қарсыластары қырғи-қабақ соғыс кезінде өздерінің ештеңеге сенбейтін ілімді насихаттайтын атеист екендерін айтып мақтанатын. Ал 21-ғасырда олай болмады. 11 қыркүйектегі шабуылдардың діни астары сенімді «жай ғана ескі наным» деп санайтындарға мықты уәж болды. Философ Даниэль Деннет, физик Стивен Хокинг және журналист Кристофер Хитченс ұйымдасқан діни шабуылдардың алдыңғы шебінде жүрді.

Танымал атеист Ричард Докинз 2006 жылы «Құдай – иллюзия ретінде» кітабының екі миллион данасын сатты. Терроризмге қарсы соғыс басталғанға дейін бір кітаптың мұнша данасын сатам деп ойлау мүмкін емес еді.

Ислам әлемдегі ең жылдам тарап бара жатқан дін болғандықтан, америкалықтардың басым көпшілігі Құдайға сенетіндіктен атеистердің алдында әлі талай «қиын асулар» тұр.

6. Әскери роботтар

Өткен ғасырдың аяғына қарай АҚШ-тың әуе-ғарыштық индустриясы алыстан басқарылатын ұшқышсыз ұшақ жасауды дамытты. Алыстағы
АҚШ армиясының ұшқышсыз ұшағы.

нысанаға барлау жасау үшін ол ұшақта алдыңғы қатарлы коммуникациялық және ақпараттық технология қолданылды. Сосын ұшқышсыз басқарылатын аппараттарға зымыран орнату идеясы келді. Он жылдан соң әскери роботтар өнеркәсібі әскери қимылдар жасау сипатының өзін өзгертуге дайындалып жатты. АҚШ әскери әуе күштері қазір алыстан басқарылатын аппараттарға операторлар дайындап жатыр. Әскери қимылдарға қатысатын ұшқышсыз аппараттар табысы әлемде соғыс жүргізу сипатын өзгертіп, әскери роботтар жасауды дамытты.

7. Түркия

Түркияның өз ішіндегі исламшылдармен арасы біршама өзгешелеу болғанымен, 11 қыркүйек оқиғасынан бергі он жыл Анкараға оңай болған жоқ. 2003 жылы билікке келген қалыпты исламшыл Режеп Тайып Ердоғанның үкіметі қарқынды экономикалық өсімді бастан өткерді. Түркия түбі исламмен байланысты болса да, Таяу Шығыстағы дамыған ең ірі мемлекеті ретінде осы өсімді пайдаланды.

Анкара мен Вашингтон бірнеше мәселе бойынша тіл табыса алмағанмен (мысалы, 2003 жылы АҚШ әскерінің Иракка осы ел арқылы кіруін қолдамады), Түркия НАТО мүшесі болып қала берді. Түркия сондай-ақ Иран және Сирия сияқты елдермен байланысын арттырып, Ресей және Еуроодақпен қарым-қатынасын жақсартты. 11 қыркүйек оқиғасынан кейінгі Пәкістан, Сауд Арабиясы сияқты ірі елдердің сылбыр қимылы Түркияның «ислам әлемінің бетке ұстары» деген мәртебесін бекітіп берді.

8. Атқарушы билік

АҚШ Конгресі 11 қыркүйек оқиғасынан соң Ақ үйге «Әл-Қаидаға» қарсы соғыс ашуға өкілетілік беретін екі заң жобасын қабылдады. Бірінші заң «Әскери күштерді қолдану өкілеттілігі» деп аталады. Ол заң президентке «террористерге қарсы барлық қажетті тиісті күштерді қолдануға», яғни қалағанын істеуге құқық береді. Екінші заң «АҚШ-тың патриоттық актісі» деп аталады. Бұл заң федералдық үкіметке «болашақ шабуылдардың алдын-алу мақсатында өз азаматтарына қарсы бақылау жүргізуге» құқық береді.

Өткен 10 жылда АҚШ Жоғарғы соты мен Конгресі атқарушы биліктің «Терроризмге қарсы соғысының» алғашқы кезеңінде арттырған өкілеттіктерінің бәрін болмаса да, біразын қысқартты. Обама әкімшілігі өзіне дейінгі президенттердің саясатын, оның ішінде тергеу кезінде азаптаудың кейбір түрлерін мақұлдауды жойса да, «Патриоттық актіні» біршама кеңейтті. Ол мемлекеттік құпиялардың басымдығына ықпал беріп, Пәкістандағы қимылдарға қатысты қоғам алдындағы есеп беруді тыйды. «Соғыстар қашан да президенттерге шексіз билік әперумен аяқтала ма?» деген шу осыдан шықты.

9. WikiLeaks

WikiLeaks сайты 11 қыркүйек оқиғасынан соң, Ирак пен Ауғанстандағы соғысқа қатысты жүз мыңдаған құпия құжаттарды жариялаумен танымал болды. Сайт АҚШ-тың құпия дипломатиялық және әскери мәліметтерін интернетте жариялап, АҚШ үкіметінің ашу-ызасын туғызды. Басқа
Джулиан Эссандж "Сидней бейбітшілік сыйлығын" алып тұр. 10 мамыр 2011 жыл.

бірқатар ел басшылары да бұл сайттың жасырын материалдарды жариялауын құп көрген жоқ.

Швеция билігі өткен жылы «әйел зорлаған» деген айып бойынша WikiLeaks сайтының иесі Джулиан Ассанжға қарсы қылмыстық іс қозғады. 39 жастағы Эссанж өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды.

2011 жылы мамырда Австралиядағы «Сидней бейбітшілік қоры» осы елдің азаматы, «Уикиликс» интернет сайтының негізін қалаған Джулиан Ассанжды «құқық қорғау саласындағы қызметі» үшін «Сидней бейбітшілік сыйлығымен» марапаттады.

«Сидней бейбітшілік қоры» Ассанждың «саяси саладағы ғасырлар бойғы қалыптасқан құпиялылықты шайқалтып, азаматтардың ақпарат алу еркіндігін қорғаудағы қызметін» баса айтқан.

10. Ауғанстанның қар барысы.

Отыз жылға созылған соғыс онсыз да құрғақшылықтан, орман оталуынан және табиғи байлықтары тоналуынан зардап шегіп отырған Ауғанстанның қоршаған ортасына одан әрі кесірін тигізді. Бірақ Ауғанстанның мемлекеттік қоршаған ортаны қорғау агенттігі биыл жазда жан-жануарлардың жоғалып бара жатқан 33 түрін, оның ішінде қар барысын да қорғауға алуды бекітті.

Бұл елде өз заңдарын қорғауға үкіметтің шамасы келе бермейді, бірақ әркім аз да болса көмегін тигізеді. Бұдан бұрынырақ Бамьян провинциясында ұлттық парктің құрылуы да «Ауғанстанның табиғаты ақыры оңалатын болды-ау» деген үмітті оятты.

ҰТЫЛҒАНДАР

1. 11 қыркүйек оқиғасы құрбандарының туыстары

Дүниежүзілік сауда орталығының екі ғимаратындағы, Пентагондағы және оларға соғылған ұшақтағы адамдарды қоса есептегенде 2823 кісі қаза тапты. 1300 бала жетім қалды. Содан бергі он жылда Нью-Йоркте тағы
Дүниежүзілілік сауда орталығы ғимаратындағы жарылыстан қашып бара жатқан адамдар. Нью-Йорк, 11 қыркүйек 2001 жыл.

1629 құрбан анықтады. Бұл жалпы жапа шеккен адамдардың 60 пайыздан астамын құрайды. Қалғандары ресми түрде тіркелген.

11 қыркүйек құрбандарының бес жүз туысы қазір Бен Ладен отбасының компаниясымен, Саудиялық ханзадалармен 1 триллион доллар үшін соттасып жатыр. Олардың мақсаты болашақта осындай шабуылдарды қаржыландырмау.

2. «Әл-Қаида»

Иә, «Әл-Қаида» АҚШ пен оның экономикасына күйрете соққы берді. Бірақ шабуылды ұйымдастырушылар арандап қалғандарын анық біле алмады. Осама бен Ладен 1990 жылдардағы мәлімдемелерінде «АҚШ президенті Рональд Рейганды биліктен кетірген – Ливандағы терактілер» дейтін. АҚШ-тың Сомалидегі бітімгершілік операциясын тастап шығуына 1993 жылғы Могадишодағы шайқас пен сол Ливиядан шыққан теңіз жаяу әскерлері әсер етті.

Бен Ладен америкалықтардың ірі көлемде кек қайтаруға батылдары жетпейтініне сенімді болды. АҚШ-тың 11 қыркүйек оқиғасынан кейінгі Ауғанстанға жасаған толық көлемдегі шабуылдары «Әл-Қаида» ұйымын қатты әлсіретті. Осама бен Ладен арнайы операция барысында оққа ұшып өлді. 11 қыркүйектегі шабуылдарды жоспарлағандардың бірі Халид Шейх Мохаммед қазір АҚШ-та тұтқында отыр. «Әл-Қаиданың» басқа да сансыз мүшелері өлтірілді, тұтқындалды. Ұйым осыдан кейін астыртын түрде жұмыс істеуге көшті. Өкінішке қарай, оларды қозғаушы идея әлі тірі.

3. Пәкістан

11 қыркүйектегі шабуылдардан туындаған діни және саяси шиеленіс, оған АҚШ-тың жауабы Пәкістаннан өзге бірде-бір мемлекетке қатты әсер еткен жоқ. Өткен 10 жылда 30 мыңнан астам пәкістандық террористік актілердің құрбаны болды. Олардың арасында елдің бұрынғы премьер-министрі
Пәкістанның Куетта қаласындағы жарылыс орыны.

Беназир Бхутто, көптеген саяси және мәдени тұлғалар бар.

Пәкістанның тайпалық аймақтарындағы жиһадшылар паналап жүрген жерлерге жасалған АҚШ шабуылдары көптеген адамдардың арасында Батысқа деген қарсылықты туғызып, лаңкестік қауіпті одан ары күшейтіп жіберді. Қауіптің радикалдану деңгейі елдің тұтастығына қатер төндіріп тұр.

Пәкістандықтардың басым көпшілігі саясаттан гөрі күнкөрісті көбірек ойлайды. Бірақ олар 11 қыркүйек оқиғасынан бері АҚШ-тың Исламабадқа бөлген миллиардтаған долларынан көп пайда көрмейді. Ол қаржының көбі қорғаныс саласына бөлінген.

4. Әскери қызметкерлер отбасылары

6 мыңнан астам АҚШ әскери қызметкері Вашингтонның терроризмге қарсы соғысында көз жұмды. 43 мың адам жараланды – олардың көбі Ирак пен Ауғанстандағы жолға көмілген қопарғыш бомбалар салдарынан ауыр жарақат алып, қол-аяқтарынан айырылды. Жарақат алған адамдардың көп болуы мүгедектерге арналған денсаулық сақтау жүйесіне шамадан тыс ауыртпалық түсірді.

АҚШ-тың 11 қыркүйектен кейінгі шетелдерден өзіне алған әскери міндеттемелері де көп. Оның себебі – бұл елдің қарулы күштері қатарында қызмет ететін америкалықтар мен олардың отбасылары салыстырмалы түрде алғанда аз. Көптеген тұрақты жауынгерлер мен теңіз жаяу әскерлері отбасыларына ауыртпалық түсіріп, шетелдегі соғысқа кетті. Соғыста құрбан болған америкалық қарапайым азаматтар аз.

5. Нью-Йорк қаласы

11 қыркүйекте көз жұмған 3 мыңға жуық адамның 2753-і Дүниежүзілік сауда орталығында қаза болды. Олардың арасында 343 өрт сөндіруші, 60
Нью-Йорк тұрғындары Дүниежүзілік сауда ғимаратындағы өртке қарап тұр. 11 қыркүйек 2001 жыл.

полицей болды. Қаза тапқандардың арасында 70 елдің азаматы бар. Сол шабуылдардан кейін Нью-Йорктің 422 мың тұрғынында жарақаттан кейінгі стрестік ауытқу белгілері байқалған. Шабуылдан соң алғаш болып жеткендер – өрт сөндірушілер, медициналық қызметкерлер, өзге де құтқару операцияларына қатысушылардың көпшілігі улы бу мен шаңды жұту салдарынан жеңіл ауруларға, кейбірі қатерлі ісік ауруына шалдыққан. 11 қыркүйектегі шабуыл қаншалықты әсер еткенін нақты анықтау қиын болғанымен, олардың біразы сол оқиғадан кейін қайтыс болды.

6. Қарапайым мұсылмандар

АҚШ пен Ұлыбританиядағы мұсылмандар 11 қыркүйек оқиғасынан кейін басқа жұртқа жеккөрінішті болып, айыпталып, сансыз қылмыстармен бетпе-бет келуге мәжбүр болды. Көптеген мұсылман ұйымдары жария түрде «Әл-Қаида» мен оның әрекеттерінен аулақпыз деп мәлімдесе де, батыстық қоғамдық пікір көптеген ислам елдеріндегі антибатыстық көңіл-күй белгілеріне, әсіресе АҚШ-тың Таяу Шығыс пен Оңтүстік Азиядағы әскери және саяси басқыншылық әрекеттеріне берген жауаптарына назар аударуға тырысты.

Мұсылмандардың «Әл-Қаида» мен оның одақтастарын жек көруі он жылдан тоқтаусыз артып келеді. Себебі олар Ирак пен Ауғанстандағы сияқты өзін-өзі жарып өлтірген жанкештілер емес. Бүгіндері жиһадты насихаттайтын веб-сайттар өздерінің қатарын толықтыра алмай жатқандарын айтып жиі шағынады.

11 қыркүйек оқиғаларының әсері, АҚШ-тың оған берген жауабы (2009 жылы Иранда болған жасыл төңкеріс пен араб көктеміне дейін) көптеген мұсылмандардың жақсы ниеттерін басып тастады. Ол ұмтылыстар әлемдегі көптеген жас мұсылмандардың зұлымдық пен терроризмді айыптап, бейбіт саяси өзгерістерге ұмтылатынын көрсетті.

7. Әуе компаниялардың жолаушылары

11 қыркүйекке дейін АҚШ рейстерінде қол жүктерінің тек 10 пайызын ғана «бомба мен жарылғыш заттар жоқ па «деп тексеретін. Шабуылдардан бес апта өткен соң АҚШ президенті Джордж Буш барлық жүкті тексеруге құқық беретін заңға қол қойды. Бұрын тек билетін көрсетіп өте бергенге үйреніп қалған АҚШ әуе компанияларының жолаушылары енді аяқ киімі, белбеуі, су құятын құтысын тексерту үшін ұшардан бірнеше сағат бұрын әуежайға келетін болды. АҚШ билігі елге келетін рейстердің де дәл солай тексеруден өту керегін талап еткендіктен, бұл өзгерістер халықаралық авиация жүйесіне де әсер етті.

Ұшақтарда да қауіпсіздіктің жаңа дәуірі басталды. Ашу-ыза тудырса да, сақтық шарасы өзін-өзі ақтайды. Мысалы, 2009 жылы желтоқсанда бір жолаушының іш киімінен жарылғыш зат табылған. Алайда сақтық шараларының жерге қонғаннан кейінгі тиімділігіне дау айтушылар бар. Мысалы, жуықта бірнеше журналист әуежайдағы қауіпсіздік жүйесін тексеріп, әккі контрабандашылардың әлі де көптеген нәрселерді тексертпей алып өте алатынын көрсетті.

8. Хавала

Таяу Шығыс пен Оңтүстік Азияның көптеген елдеріндегі қаржылық операцияларда қолданылатын бейресми және жасырын желілер бұрын ешқашан соншалықты үлкен бақылаудан өтіп көрмеген. Бірақ «Әл-Қаиданың» кей кездері өз операцияларына қаржы жіберу үшін хаваланы (ақша, алтын немесе құнды заттарды басқа елге қаржылық құжатсыз жіберетін бейресми есеп жүйесін) пайдаланатыны бұған әсер етті.

АҚШ арнайы күштері Ауғанстанда есірткі барондары мен содырлардың қаржы ағымын қысқарту үшін жетекші хавалалармен күрес жүргізді. АҚШ қаржы министрлігі Дубайдағы, Парсы шығанағындағы қаржы орталықтарына қысым жасап, қаржы жымқыру заңын қатайтуды талап етті. АҚШ барлау агенттігі хавала арқылы келген қаржының таза екендігін электронды түрде бақылау әдісін қолдана бастады. Хавала енді бұрынғыдай дами алмайды.

9. Пацифистер

Террористік топтар қорғансыз, бейбіт азаматтарды жара бастағанда пацифистер де ойлана бастады. АҚШ-та 11 қыркүйектен кейінгі патриоттық көңіл-күйге берілген жастар соғысқа қарсы шеруге қатысқаннан гөрі әскери қызметке баруды жөн көре бастады.

Соғысқа қарсы адамдар көбінесе күші басым жау алдында қайрат көрсетуімен есте қалады. 2001 жылғы шабуылдарда жақындарынан айырылған адамдар құрған топ «Он бірінші қыркүйектегі отбасылар ертеңгі бейбіт күн үшін» деп аталады.

10. Сауд Арабиясы

Осама бен Ладен Сауд Арабиясы мен АҚШ-ты араздастыру үшін 11 қыркүйектегі ұшақтарды айдап әкетушілердің көпшілігін саудиялық азаматтардан таңдады. Ол мақсаты жарым-жартылай іске де асты. Ресми Вашингтон мен Эр-Риядтың арасы бұрынғыдай болса да, Сауд Арабиясына қатысты АҚШ-тағы қоғамдық пікір нашарлап кетті. 11 қыркүйек оқиғасынан соң Саудия өзіндегі уаххабилік доктринаға, әлемдегі экстремистік топтарға қаржылай көмек көрсету мәселесіне қатаң назар аудара бастады.

Оны айтасыз, саудиялық әйелдердің көлік жүргізу құқына ие бола алмағанына 11 қыркүйек оқиғасына дейін еш мемлекет оншалықты назар аудармайтын.

«Араб көктемінен» кейін бұл елдегі реформа жасауға ұмтылыс күшейгендей көрінсе де, корольдік отбасының декаденттік мінез-құлқын айыптайтын «Әл-Қаида» сияқты радикалдар әлі де қуатты. Сондықтан монархиялардың болашағы дүдәмал.

ВИДЕО: 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасы

11 қыркүйек оқиғасына - 11 жыл
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:05 0:00
XS
SM
MD
LG