Accessibility links

АҚШ ауған қауіпсіздігі келісіміне қысымын азайтты


Шетелдік әскерилерге шабуыл жасалған жерде жүрген ауған полицейлері. Кабул, қазан, 2013 жыл.

Шетелдік әскерилерге шабуыл жасалған жерде жүрген ауған полицейлері. Кабул, қазан, 2013 жыл.

АҚШ әскерінің Ауғанстанда қалуын көздейтін жаңа келісімді бекітуге Вашингтонның берген мерзімі өтіп кетті. Әйтсе де, Кабул ымыраға келер деген үмітпен АҚШ аса сақ тактикаға көшті.

«Вашингтон Ауғанстанға шешім қабылдайтын мерзімнің жақындап қалғанын ескерткен болатын. Бұл – ауған тарапының Қауіпсіздік жөніндегі келісімді қабылдауына, не болашаққа Батыстың әскери көмегінсіз қадам басуына қатысты шешім. Алдағы уақытта АҚШ қалған қайшылықтарды шешудегі қарқынын бәсеңдетпек» дейді америкалық шенеуніктер мен тәуелсіз сарапшылар.

АҚШ ТАКТИКАСЫН ӨЗГЕРТПЕК

«Барынша тыныш әрекет етуге шешім қабылданды, себебі қаншалықты жария қимылдасақ, істі жеке ретте шешу соншалықты қиынға соғуда» деп ағынан жарылды америкалық дипломат жасырын сұхбатта. «Толығымен жария әрекет етудің пайдасы шамалы, ал келісімге келуді тек қиындата түсетініне қатысты барлығының пікірі бір жерден шығып отыр» деп қосты ол.

АҚШ тарапы Ауғанстан президенті Хамид Карзайға Қауіпсіздік жөніндегі екіжақты келісімге 2013 жылдың соңына дейін қол қойдыруға тырысып бақты. Бірақ ауған басшысы Вашингтон оның шарттарын орындаса ғана келісемін деген райынан қайтпады. Меңзелген шарттарға ауған үйлеріне шабуылдардың тоқтатылуы және бейбітшілік орнатуда көмек көрсету де кіреді.

Ауғанстан президенті Хамид Қарзай.

Ауғанстан президенті Хамид Қарзай.

Президент Барак Обама АҚШ әскерлері Ауғанстандағы әскери миссиясын осы жылы аяқтайтынын жариялаған болатын. Дегенмен, жоғарыда аталған Келісім американдық әскерлердің бір бөлігіне терроризмге қарсы күрес жүргізу үшін елде қалуға мүмкіндік бермек. Бұл жағдайда олардың қызметтеріне ауған қарулы күштерін жаттықтыру және консультация беру де кірмек. Вашингтон жаңағы Келісім болмаса, 2014 жылдан кейін Ауғанстанның АҚШ не НАТО күштерінсіз қалуы мүмкін екенін ескертеді.

Желтоқсанның басында АҚШ-тың Ауғанстан мен Пәкстандағы арнайы өкілі Джеймс Доббинс Кабулдың Келісімге қатысты ширағырақ қимылдауына ықпал етпек болып: «Келісімге қатысты мәселенің анық болмауына байланысты ауған валютасының құны құлдырап кетті. Инфляция деңгейі көтерілуде. Капитал жылыстап барады. Жылжымайтын мүлік бағасы арзандап жатыр» деді.

Бірақ соңғы кезде АҚШ бұл амалды қолданып жүрген жоқ. Ауғанстанның Келісімді жақын арада бекітуі қажет болса да, америкалық тарап жариялықтан бас тартып бағады.

Вашингтонның қаперін Ауғанстанның АҚШ-тағы бұрынғы елшісі Таиб Джавад былайша түсіндіреді: «Олар Келісімнің мейлінше жылдам қабылдануын діттеу арқылы президент Карзайдың қалаған тілегін орындап беруі мүмікін».

«Сол себепті АҚШ тарапы шамалы салқындық танытып отыр. Бұл – олар Келісімнің қабылдануын қаламайды дегенді білдірмейді. Вашингтон Келісімге осы жылдың алғашқы жартысында не тіпті сайлаудан біраз уақыт кейін де қол қойылу мүмкіндіктерін қарастырады» дейді Джавад мырза.

ЛОЙЯ-ЖИРГА КЕЛІСІМДІ ҚОЛДАДЫ

Былтыр қараша айында Таиб Джавад Лойя-жирганың үлкен жиынына қатысқан болатын. Онда жалпы саны 3 мың шақты ру ақсақалдары мен басқа да ықпалды адамдар көпшілік дауыспен Қауіпсіздік жөніндегі келісімге қолдау көрсетті. АҚШ қызметкерлері осы қолдаудың ықпалымен Карзай Келісімді 2013 жылдың соңына дейін құптайды деп үміттенген еді.

– Біз 2013 жылдың 31 желтоқсанын ешқашан соңғы мерзім ретінде қарастырған емеспіз. Дегенмен, Келісімге 2013 жылы қол жеткізуді сөзсіз қалаған едік, – деді Азаттық радиосына берген сұхбатында Пентагон қызметкері Ақ үйдің ұстанымын қайталап.

Лойя-жирга мәжілісіне жиыналғандар. Кабул, 21 қараша 2013 жыл.

Лойя-жирга мәжілісіне жиыналғандар. Кабул, 21 қараша 2013 жыл.

Ауғанстанның бұрынғы ішкі істер министрі, қазіргі Вашингтондағы (Колумбия округі) Ұлттық қорғаныс университетінде дәріс беретін Әли Джалали Карзайдың Келісімді сәуірдегі президент сайлауына дейін бекітеді деп күтетінін айтады.

– Егер Қауіпсіздік жөніндегі келісімді тіпті басқа президент әкімшілігі бірнеше айдан кейін бекітсе де, техникалық тұрғыдан әскерлердің келуін немесе 10 не 8 мың жауынгердің орналасуын жоспарлау тым қиын мәселе емес, – дейді Джалали мырза.

Желтоқсан айында «The Washington Post» газеті АҚШ-тың Ауғанстандағы елшісі Джеймс Каннингэмнің каблограммасысын жариялап жіберген еді. Онда елші Каннингэм Карзай Келісімге президент сайлауына дейін қол қоймас деп болжайтынын айтады. Ал Азаттық радиосының дипломатиялық байланысы «каблограммада желтоқсандағы мерекелерге дейінгі көзқарас берілген, одан бері өзгерістер орын алғанын" айтып отыр.

АҚШ ЖАҢА ПРЕЗИДЕНТКЕ ҮМІТ АРТАДЫ

Тағы бір мемлекеттік қызметкер: «Соңғы мерзімге қатысты келіспеушілік бар», – дейді.

– Тәжірибеде қолданылып жүрген және әскери қажеттіліктерге арналған нақты мерзімдер бар. Әрекет орындалмас бұрын дайындықтарға белгілі бір уақыт мөлшері беріледі. Ешкім бұл мерзімді қаңтар айы ретінде қарастырмайды деген пікірдемін, - дейді ол.

Ақ үйдің ресми өкілі Джей Карни.

Ақ үйдің ресми өкілі Джей Карни.

Өткен аптада Ақ үйдің ресми өкілі Джей Карни уақыттың өтіп жатқанын меңзеп: «Біз айлар емес, апталар туралы айтудамыз» деді. Бірақ президент Обама жағдайды өзгеше қабылдауы да мүмкін. Бұның себебін АҚШ-тың бұрынғы қорғаныс министрі Роберт Гейтстің жаңа шыққан мемуарында ескерілген «президенттің Карзайды жақтырмайтындығымен» түсіндіруге болады.

Вашингтон қажет болса күтуге бар. Олар Ауғанстандағы тұрақтылықты америкалық мүдделер үшін маңызды деп табады. Және де олар президент сайлауына қатысатын 11 үміткердің барлығы бірдей Келісімді қолдайтынына үміт артып отыр. Ал 2001 жылдан бері ел басқарып келген Карзайдан айтарлықтай қауіп жоқ, себебі оның президенттікке тағы бір мерзім сайлануына конституциялық негізде тыйым салынған.

КАРЗАЙДЫҢ ТАЛАПТАРЫ

Карзай да түптеп келгенде Келісімді қолдайтынын айтады, бірақ Вашиннтоннан өзінің де шарттарын орындауын талап етіп отыр.

Ауғанстан президентінің баспасөз хатшысы Аймал Файзи.

Ауғанстан президентінің баспасөз хатшысы Аймал Файзи.

– Біз АҚШ-тың Пәкстан көмегімен Ауғанстанда бейбітшілік процесін бастағанын қалаймыз және ауған шаңырақтары мен ауған ауылдарында кез келген әскери операция түрлерінің аяқталғанын тілейміз. АҚШ осы талаптың екеуін де орындайтынына сенеміз. Енді шешім қабылдау американдық тараптың еншісінде, - дейді ауған президентінің баспасөз хатшысы Аймал Файзи Азаттыққа сұхбатында.

Өз есімінің жасырын қалуын қалаған АҚШ дипломатының пікірінше, Карзай мырза президент ретінде өткерген уақыт ішінде Вашингтонды әрекетке ынталандыру тәсілін әбден меңгерген.

– АҚШ мемлекеттік машинасы шешім қабылдауға келгенде жылдам іске қосыла қоймайды. Ол (Хамид Карзай – ауд.) жағдайды бізбен бірге тығырыққа тіреді және ол бұны бірнеше рет жасаған еді. Енді өз дегеніне жете қою оңайға тимейді. Бұл – мәселенің екінші ұшы, - дейді американдық қызметкер.

БЕЙБІТШІЛІКТІҢ АУЫЛЫ ӘЛІ АЛЫС

Бірақ АҚШ Конгресі мүшелерінің біразы Ауғанстанның өз бетімен өмір сүретін кезі келді деген ойда.

Мысалы, Еуропа, Еуразия және жаңа қауіп-қатерлер бойынша Палатаның сыртқы істер жөніндегі кіші комитеттің басшысы Дана Рорабахер АҚШ әскерлерінің елден толығымен әкетілуін қолдайды, алайда Батыстың Ауғанстанда ұзақ мерзімге орналасуын қолдаушылардың пікірімен келіседі, яғни бұдан әрі қантөгіс болатын болса, ол АҚШ әскери көмегін жоққа шығарады.

– Ауғанстанда қалыптасқан тарихи күштерді өзгерткеніміздің еш белгісін көре алар емеспін. Егер біздің мақсатымыз осы болған болса, ол тіптен орынсыз мақсат болған екен, - дейді Калифорния штатынан сайланған республикашыл саясаткер.

(Адам Таннердің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG