Accessibility links

АҚШ-та Қадырбаев пен Тәжаяқов сотқа тартылды


Солдан оңға: Азамат Тәжаяқов, Диас Қадырбаев және Джохар Царнаев. (Диас Қадырбаевтың "ВКонтакте" желісіндегі парақшасынан алынған сурет).

Солдан оңға: Азамат Тәжаяқов, Диас Қадырбаев және Джохар Царнаев. (Диас Қадырбаевтың "ВКонтакте" желісіндегі парақшасынан алынған сурет).

Бостондағы жарылысқа қатысты күдікті Джохар Царнаевтың әрекетін жасырмақ болды деп айыпталған үш адам - Азамат Тәжаяқов, Диас Қадырбаев және Робел Филлипос 1 мамырда сотқа тартылды.

Бостонда Царнаевпен бірге оқитын қазақстандық студенттер Азамат Тәжаяқов (сот құжаттарында - Azamat Tazhayakov) пен Диас Қадырбаевқа (Dias Kadyrbayev) "тергеу ісін шатастырмақ болды" деген айып тағылған. Оларға қатысты келесі сот отырысы 14 мамырда өтеді.

Ал америкалық Робел Филлипосқа (Robel Phillipos) "тергеушілерге жалған мәлімет берді" деген айып тағылып отыр. Оған қатысты келесі сот тыңдауы 6 мамырда өтпек.

ҚИСЫН МЕН УӘЖ

Қазақстандық студенттердің адвокатының айтуынша, олардың жарылысқа қатысы болмаған.

- Диас Қадырбаев айыптың бәрін жоққа шығарады. Оның ФБР тергеуіне көмектесіп келе жатқанын әу баста айтқанбыз. Бостонда болған сұмдық оқиғадан ол да өзге жұрт сияқты қатты тіксінді. Ол әлгі адамның (Царнаевтың) жарылысқа қатысы бар екенін білмеді. Кейін іздеу жарияланып, Царнаевтің суретін көргенде ғана білді, - деді оның адвокаты Роберт Cтал 1 мамыр күні.

Азамат Тәжаяқовтың адвокаты Харлан Протастың айтуынша, оның клиентінің де "жарылысқа еш қатысы жоқ".

ВИДЕО: Тәжаяқов пен Қадырбаевтың адвокаттарының сөзі

Қадырбаев пен Тәжаяқов күдікті Джохар Царнаевтың ізіне полиция түскенін ести сала, одан SMS хабарлама алған соң сезіктінің жатақханадағы (Дартмуттағы Массачусетс университеті) бөлмесіне барып, оқ-дәрі құтысы салынған рюкзагын жоймақ болды деп айыпталады.

Бостон оқиғасынан кейін үш күн өте, күдіктілердің суреттері теледидар мен интернетте жарияланған кезде Қадырбаев Царнаевқа "бір сурет саған қатты ұқсайды" деген SMS жазған. Царнаев оған "LOL (laugh out loud - күлу мағынасын беретін қысқарған сөз - ред.). Маған ештеңе жазба. Бөлмеме барып, керек нәрсенің бәрін алып кет" деп жауап берген.

Тергеушілердің айтуынша, Қадырбаев, Тәжаяқов және Филлипос үшеуі Царнаевтың бөлмесіне барып, рюкзакты, ноутбукты, фейерверк құтысын, "бомба жасауға қатысы бар болуы мүмкін" деген қауіппен вазелин салынған құтыны да ала кетіп, қоқыс салатын ыдысқа тастаған. Кейінірек полиция ол заттарды қоқыстан тапты.
Диас Қадырбаев (сол жақта) пен Азамат Тажаяков сотта тұр. 1 мамыр 2013 жыл.

Диас Қадырбаев (сол жақта) пен Азамат Тажаяков сотта тұр. 1 мамыр 2013 жыл.


Сот құжаттарына қарағанда, Джохар Царнаев жарылыстан бір айдай бұрын екі қазақ студентіне "бомбаны қалай жасау керегін білетінін" айтқан.

"ОҒАШ ДОСТЫҚ"

Қадырбаев, Тәжаяқов, Филлипос және Царнаев төртеуі университетке 2011 жылы күзде келгенде танысқан.

The New York Times (NYT) басылымының жазуынша, қазақстандық екі студенттің Царнаев және Филлипоспен достасқаны оғаш көрінеді.

"Мұнайға бай Қазақстаннан АҚШ-ға оқуға жіберілген Тәжаяқов пен Қадырбаевтар бай отбасынан шыққан болса керек. Қадырбаев Facebook парақшасында Форт-Лодердейл (Флорида штаты) жағажайында, Дубайда жүрген суреттерін жариялаған. Тәжаяқов мұнайға бай Атыраудыкі екенін айтады. Ал Царнаев пен Филлипостың Кембридждегі үйлері - жұмысшылар тұратын ауданда, әрі тозығы жеткен ғимараттар" дейді басылым.

NYT төртеуінің тез достасып кетуін Джохар Царнаев пен екі қазақ студентінің орысша жақсы сөйлеуінен деп біледі. "Царнаевпен ең әуелі Тәжаяқов достасқан. Сол жақындау болатын" дейді Царнаевтың жатақханадағы көршісі болған студент Джейсон Роу.

Джохар Царнаевтың Кембридждегі өзге бір досының айтуынша, Царнаев екі қазаққа жолыққан соң Джохар екеуінің қарым-қатынасы суый бастаған.

Азамат Тәжаяқов университетке түскен, ал Диас Қадырбаев ол оқу орнына іліне алмай қалған.

Робел Филлипос та оқудан шығып қалып, Кембридждегі үйіне қайтқан. Ол Джохар Царнаев екеуі сол жердегі мектепте бірге оқып жүрген. "Бірақ Филлипос та қазақстандық достарымен байланысын үзбеген. Ол достарының Дартмут студенттер қаласы маңындағы Нью-Бедфордтағы пәтерлеріне барып тұрған" деп болжайды басылым.

Бұған дейін екі қазақ студенті - Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаев "виза тәртібін бұзды" деген себеппен қамауда отырған еді.

Егер оларға тағылған жаңа айыптарды ("тергеу ісін шатастырмақ болды") сот дұрыс деп тапса, Қадырбаев пен Тәжаяқов 5 жылға дейін, Филлипосқа 8 жылға дейін сотталып, әрқайсысы 250 мың доллар айып төлеулері мүмкін. Күдіктілер келесі сот отырысына дейін қамауда болады.
Күдікті Царнаевтың бөлмесінен табылған заттар. 1 мамыр 2013 жыл.

Күдікті Царнаевтың бөлмесінен табылған заттар. 1 мамыр 2013 жыл.


Сәуірдің 15-і күні ​Бостон қаласында дәстүрлі түрде өтетін марафон кезінде бомба жарылып, 3 адам мерт болып, 170-тен астам адам жараланған еді.

Арада бірнеше күн өткенде полиция ағайынды Тамерлан мен Джохар Царнаевтардың ізіне түсті. Тамерлан Царнаев сәуірдің 18-і күні полициямен атыс кезінде оққа ұшты, ал Джохар Царнаев сәуірдің 19-ы күні қала шетінде тірідей қолға түсті.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG