Accessibility links

Қазақ студенттері жайлы мәлімет АҚШ-та тексеруге түрткі болды


Солдан оңға: Азамат Тәжаяқов (екінші), Диас Қадырбаев (үшінші) және Джохар Царнаев (төртінші). Фото "Вконтакте"әлеуметтік желісінен алынды.

Солдан оңға: Азамат Тәжаяқов (екінші), Диас Қадырбаев (үшінші) және Джохар Царнаев (төртінші). Фото "Вконтакте"әлеуметтік желісінен алынды.

Бостонда ұсталған қазақстандық екі студенттің бірі жарамсыз визамен келгені анықталған соң, АҚШ билігі елдегі шетелдік студенттердің визасын тексеруге кіріскені хабарланды.

АҚШ мемлекеттік органдары осы елге студенттік визамен келген шетелдік азаматтардың құжаттарын мұқият тексеретіні туралы АҚШ кеден және шекара қызметінің жоғары лауазымды өкілі Дэвид Мерфи қол қойған құжаттан мәлім болған. АҚШ билігі бұндай шешімді «Бостон жарылысына қатысты тергеу ісін шатыстырмақ болды» деген айыппен сотқа тартылған қазақстандық екі студенттің бірі Азамат Тәжаяқовтың биыл қаңтар айында АҚШ-қа жарамсыз визамен кіргені анықталған соң қабылдаған деп хабарлады Associated Press агенттігі.

АҚШ билік орындарының мәліметі бойынша, Азамат Тәжаяқов 2012 жылы желтоқсанда АҚШ-тан шығып, 2013 жылы қаңтардың 20-сы күні АҚШ-қа қайта кірген. Ол Нью-Йорк әуежайындағы тексеру орнына мерзімі біткен студенттік визаны көрсетіп өткен. Тәжаяқовтың АҚШ-қа кедергісіз кіруіне себеп – «шекара қызметі агенттерінің АҚШ ішкі қауіпсіздік департаментінің студенттер мен елге келушілер туралы деректер жүйесінен мәлімет алуға рұқсаты болмаған» дейді Associated Press.

АҚШ ішкі қауіпсіздік министрлігінің өкілі Питер Бугарда осы аптаның басында үкіметтің Азамат Тәжаяқовқа елге кіруге қалай рұқсат берілгенін анықтап жатқанын айтқан еді.

Диас Қадырбаев (сол жақта) пен Азамат Тәжаяқовтың 1 мамыр күнгі Бостондағы алдын-ала сот тыңдауындағы кескіні.

Диас Қадырбаев (сол жақта) пен Азамат Тәжаяқовтың 1 мамыр күнгі Бостондағы алдын-ала сот тыңдауындағы кескіні.

Бостондағы жарылысқа күдікті Джохар Царнаевпен бірге оқыған Азамат Тәжаяқов пен Қазақстанның тағы бір азаматы Диас Қадырбаевқа АҚШ тергеу орындары «Бостондағы жарылысты тергеу ісін шатастырмақ болды» деген айып таққан. Оларға қатысты алғашқы сот тыңдауы мамырдың 1-інде өтті, келесі сот отырысы 14 мамырда өтеді. Тағы бір адам – АҚШ азаматы Робел Филлипосқа «тергеушілерге жалған мәлімет берді» деген айып тағылған. Оның келесі соты мамырдың 6-сы күні өтпек.

Егер сот Қадырбаев пен Тәжаяқовқа тағылған айыптарды дұрыс деп тапса, онда екеуі 5 жылға дейін сотталып, 250 мың доллар айып төлеулері мүмкін. Ал Филлипостың 8 жылға дейін түрмеге қамалуы ықтимал. Күдіктілердің үшеуі де қазір қамауда отыр.

ҚАРАМА-ҚАЙШЫ АҚПАРАТ

Бұған дейін тараған ақпараттарда Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаевтың Массачусетс Дартмаус университетіне оқуға түсіп, екеуі де Бостоннан 60 мильдей жердегі Нью-Бедфордта пәтер жалдап тұратыны айтылған еді.

Олардың әлеуметтік желілердегі аккаунттарында да оқу орны ретінде осы университет атауы көрсетіліп тұрды.

Алайда АҚШ-тағы usatoday.com сайты Массачусетс технология институтының өкілі Сара МакДоннелдің осы оқу орнында тіркелген студенттер тізімінде Диас Қадырбаевтың есімі жоқ деп мәлімдегенін жазды.
Азамат Тәжаяқовтың әкесі Әмір Исмағұлов сұқбат кезінде. Астана.

Азамат Тәжаяқовтың әкесі Әмір Исмағұлов сұқбат кезінде. Астана.


Ал институттың сайтында тек Азамат Тәжаяқовтың ғана оқуын жалғастырып жатқаны туралы ақпарат бар.

«Заңгерлердің айтуынша, инженер мамандығында оқыған қазақ жігіттерінің үлгерімі өте нашар болғандықтан студенттік визаларынан айрылу қаупі болған. Университет қызметкерлері Қадырбаевтың төмен баға алғандықтан күзгі семестрден кейін оқудан шығарып жібергенін айтады. Ал Тәжаяқовтың адвокаттарының бірі сәрсенбілік сотта (01.05 – ред.) Тәжаяқовтың экономика негіздері бойынша үлгерімін жақсартқаннан кейін оқуын қайта жалғастырғанын айтты» делінген сайтта.

"ӨЗ ҚАРЖЫСЫМЕН КЕТКЕН СТУДЕНТТЕРДІҢ КӨБІН БІЛМЕЙМІЗ"

Бұған дейін "студент" аталып келген Қадырбаев пен Тәжаяқовтың нақты кім ретінде тікелгендігі туралы Азаттық тілшісі Қазақстан сыртқы істер министрлігінен сұрап көрді. Министрліктің ресми өкілі Жанболат Үсеновтың айтуынша, министрлік тек «Болашақ» бағдарламасымен кеткен студенттерді ғана консулдық есепке алады. Ал өз ақшасына оқып жатқан студенттерге елшілікке тіркелуге міндеттелмеген.

Сондықтан ол Азамат пен Диастың Массачусетс технология институтында оқып жатқанын не шығып кеткенін нақты айта алмайтынын жеткізді. Әйткенмен бұған қатысты бар ақпарат Қазақстанның АҚШ-тағы консулдығында барын айтты.

- Біздің консулымыз біледі. Бізге ақпаратты бері қарай жіберген. Бірақ баспасөз құралдарына тек шектеулі ақпарат беріп отырмыз. Ол туралы қосымша ақпарат жинау үшін шешім керек, - деді Жанболат Үсенов.

Оның айтуынша, шетелге өз қаржысымен шыққан студенттердің басым бөлігі консулдық есепке тіркелмейді.

- Мысалы, түрлі жағдайлар болады ғой. Студент жарақат алуы мүмкін немесе түрмеге түсіп қалуы мүмкін. Туыстары бізге хабарласады. «Ана кісіні Диас Қадырбаевтың әкесі Мұрат Қадырбаев сұқбат кезінде. Алматы, 2 мамыр 2013 жыл.

Диас Қадырбаевтың әкесі Мұрат Қадырбаев сұқбат кезінде. Алматы, 2 мамыр 2013 жыл.

табыңызшы» деп. Бірақ біз кей кезде таба алмаймыз. Өз еркімен шыққан студенттерді таба алмаймыз. Баяғы совет одағындағыдай бақылау жоқ қой, - дейді ол.

Бұған дейін Диас Қадырбаевтың аты-жөнін атамаған нағашы ағасы Азаттық тілшісіне жиенінің "университетте нақты оқығанын" білетінін айтқан еді.

- Қандай мамандық екенін айта алмаймын. Меніңше, ол инженер болуы тиіс еді. Американың білім жүйесінен хабарым жоқ, Меніңше ол екінші курста оқыған сияқты, - дейді ол.

Ал Диастың інісі Алдияр Қадырбаев «ағасына оқуы ұнайтынын» жеткізген еді.

- Жылына 25 мың доллар төлеп оқып тұрды. Мұндай қыруар қаржыны беріп, оқуын ұнатпаса, енді бұл қаржыны желге ұшырғанмен тең болады ғой, - деген еді.

Қазақстандық екі студентке тағылған қылмыстық айыпқа қатысты сот тыңдауы мамырдың 14-іне белгіленген. Сыртқы істер министрлігінің айтуынша, қазір екі студенттің әкелері - Әмір Исмағұлов пен Мұрат Қадырбаев АҚШ-та.

Сәуірдің 15-і күні АҚШ-тың Бостон қаласында дәстүрлі түрде өтетін марафон кезінде болған бомба жарылысы салдарынан 3 адам мерт болып, 260 адам жараланды. Бірнеше күн өткенде полиция жарылысты ұйымдастырушы ретінде күдіктіге айналған ағайынды Тамерлан мен Джохар Царнаевтардың ізіне түскені хабарланды.

Жұма күні АҚШ үкіметі Бостондағы жарылысқа күдікті Тамерлан Царнаевтың сәуірдің 18-і күні неден өлгені туралы ресми ақпаратты жария етті. Медициналық сараптама қорытындысы бойынша, Царнаев "атылған оқтан басынан және кеудесінен жараланып" қайтыс болған.

Ал сәуірдің 19-ы күні қала шетінде тірідей қолға түскен Джохар Царнаев қазір қамауда жатыр.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG