Accessibility links

АҚШ-тың жаңа заңы сыртқы саясатын өзгертпек


АҚШ сенаторы Джон Маккейн АҚШ-тың мемлекеттік шығындар туралы жаңа заңы Ресейге тиімді деп санайды.

АҚШ сенаторы Джон Маккейн АҚШ-тың мемлекеттік шығындар туралы жаңа заңы Ресейге тиімді деп санайды.

АҚШ конгресі қабылдаған мемлекеттік шығындар туралы заң Вашингтонның сыртқы саясатын елеулі өзгеріске ұшыратады. Құжат мұнай бағасының одан әрі құлдырауына да себеп болуы мүмкін.

АҚШ конгресі ұзақ пікірталастан соң, желтоқсанның 18-і күні, көлемі екі мың бет болатын алдағы қаржылық жылдың шығындарына қатысты заң жобасын мақұлдады. Өкілдер палатасы мен сенаттың 535 мүшесінің арасындағы түрлі көзқарастар мен позициялардың мәмілелі жиынтығы болған бұл құжатта 1,1 триллион доллар қаражаттың қайда жұмсалатыны тәптіштелген.

АҚШ-тың Калифорния штатындағы мұнай бұрғылары.

АҚШ-тың Калифорния штатындағы мұнай бұрғылары.

Конгресс қабылдаған құжат АҚШ президенті Барак Обама қол қойған соң, күшіне енеді. Жаңа заң талаптары бойынша, алдағы жылы АҚШ-тың сыртқы саясатына төрт ірі өзгеріс енгізілмек, бұл өзгерістер Вашингонның басқа елдермен арадағы қарым-қатынасына елеулі бетбұрыс әкелетін түрі бар.

МҰНАЙ ЭКСПОРТЫНА РҰҚСАТ ЕТІЛДІ

Жаңа заң 42 жылдан бері күшінде болған АҚШ-тан сыртқа шикі мұнай экспорттауға салынған тыйымды алып тастады. Вашингтон бұл тыйымды 1973 жылы ОПЕК-тің мұнай эмбаргосынан кейін енгізген. Сол эмбаргоның кесірінен Америкада бензин тапшылығы басталып, жанармай құю станцияларында ұзақ-сонар кезектер пайда болған еді.

Содан бергі 40 жыл ішінде АҚШ әлемдегі мұнай мен газ өндіруші елдердің көш басына шықты. Көмірсутегі шикізатын жер қыртысынан өндіру технологиясын меңгерудің арқасында АҚШ нарығын тақтатас мұнайы мен газы деген жаңа өнім басып қалды, сөйтіп кейінгі 10 жыл ішінде мұнай бағасы барреліне 100 доллардан 35 долларға дейін арзандады.

АҚШ үкіметі деректері бойынша, ел аумағында күніне 9 миллион 200 мың баррель мұнай өндіріледі, оның жартысы жерасты технологиясы (тақтатастарды уату тәсілі – ред.) бойынша шығарылады. Енді бұл шикізаттың сыртқы нарыққа жолы ашылады деген сөз.

Бұл – арзан шикізат арқасында пайдаға кенеліп, өз өнімдерін сыртқа сатуға әлдеқашан дайын болған АҚШ-тағы мұнай өңдеу және мұнай-химия зауыттары үшін жақсы жаңалық.

Экспортқа қойылған шектеу алынған соң, оның пайдасын ең алдымен көрші елдердегі, мәселен Мексикадағы мұнай өңдеу зауыттары көреді. Енді олар бұрынғыдан арзан да сапалы шикізат пайдалана алады.

Нью-Йоркте орналасқан Energy Intelligence Group тобының сарапшысы Дэвид Нэп «бұл өзгерістің Еуропа нарығына онша көп әсері болмайды» дейді. Оның басты себебі – сұраныс аз. Ал Азия нарығын Таяу Шығыстан жеткізілетін мұнай толық қамтамасыз етіп отыр.

- Қазір АҚШ-тың шикі мұнайына сұраныс аз. Себебі нарықта шиткізат көп. Сондықтан [жаңа заңның] халықаралық ықпалынан гөрі аймақтық әсері көбірек болады, - деді ол.

Нэптің айтуынша, АҚШ-тағы тақтатас мұнайы өндірісінің дамуы және санкциялар кесірінен жылдар бойы экспорт саудасына қатыспай келген Иранның мұнай нарығына қайта қосылу мүмкіндігі көмірсутегі шикізаты бағасының күрт арзандауына алып келді.

Бюджеті мұнай бағасына тәуелді Ресей сияқты елдер АҚШ-тың шикізат экспорттауға салынған тыйымын алып тастауынан тікелей зардап шеге қоймайды, бірақ бұл өзгеріс оларға ешқандай пайда да әкелмейді.

Ресейдің келесі қаржы жылына арналған бюджеті мұнай баррелінің бағасы 40 доллар болады деген болжамды ескере отырып әзірленген.

Нарықта мұнай көбейген сайын оның құны түсетіні анық. Ал көмірсутегі шикізатының құны түскен сайын оның экспортына тәуелді елдердің қазынасы ортаятыны тағы белгілі. Демек Ресейге зейнетақы мен мұғалімдердің жалақысын былай қойғанда, әскери ұшақтар мен баллистикалық суасты кемелерін қаржыландыру да қиынға түспек.

ЕУРОПАМЕН АРАДАҒЫ САЛҚЫНДЫҚ

Жаңа заң бойынша АҚШ-қа келетін 38 елдің азаматтарына виза тәртібі күшейтілмек. АҚШ-тың бұл елдермен арадағы «Визадан босату» бағдарламасы аясында жылына 20 миллионға жуық адам Америкаға виза алмастан, оңай келетін.

Вашингтондағы АҚШ парламенті ғимараты.

Вашингтондағы АҚШ парламенті ғимараты.

Соңғы кездері АҚШ конгресі депутаттары осы жеңілдетілген тәртіптің арқасында АҚШ аумағына террористер де өтіп кетуі мүмкін деген мәселені жиі көтере бастаған. Бұл тәртіп аясына көбіне Еуропа мемлекеттері кіретін. Қарашаның 13-і күні Парижде болған, 130 адам қаза тапқан терактілер бұл қауіпті одан сайын күшейте түсті. Қантөгісті ұйымдастырғандардың көбі Франция мен Бельгия азаматтары болып шықты, дегенмен олардың арасында Таяу Шығыстан келген мигранттар болуы ықтимал деген де ақпарат бар.

Обама әкімшілігінің Сириядан қашқан босқындарды көбірек қабылдау туралы шешімі де конгресс депутаттарының наразылығын туғызды. Желтоқсанның 2-сі күні террористер Калифорниядағы әлеуметтік қызмет орталығына шабуыл жасап, 14 адамды өлтірді. Теракт жасаған содырлардың бірі шыққан тегі пәкістандық АҚШ азаматы болса, екіншісі некеге отыру мақсатымен арнайы виза алған шетел азаматы болып шықты. Бұл да үрей үстіне үрей жамады.

Конгрестің кейбір мүшелері тіпті визадан босату тәртібін мүлде алып тастау керек деген ұсыныс жасады. Жаңа заң бұл бағдарламаның тәртібін күшейтіп, оған қатысушы елдермен арадағы алмасатын ақпарат көлемін арттыруды қарастырады. Оның үстіне Иран, Ирак және Сирия мемлекеттерінде болған азаматтардың АҚШ-қа кіруіне шектеу қойылды.

Бұл Еуропа Одағын (ЕО) алаңдатып отыр. ЕО-ға мүше мемлекеттерде Иран сияқты елдердегі азаматтығын сақтап қалған адамдар көп тұрады.

Осы айдың басында ЕО-ның АҚШ-тағы елшісі Дэвид О’Салливан ашық хат жазып, Вашингтонның бұл қадамына жауап ретінде Еуропа елдері де АҚШ азаматтарына осындай шектеулер қоя бастауы мүмкін деп ескертті.

ЕО елшісі О’Салливан «Жыл сайын АҚШ-қа барып қайтатын Еуропаның 13 миллион азаматына қарсы жасалған бұл түсініксіз шара еш нәтиже бермейді әрі ол жауап ретінде дәл сондай қарсы әрекеттердің жасалуына түрткі болады, мұның қауіпсіздікті күшейтуге еш қатысы жоқ, керісінше бұл Атлант мұхитының екі жағындағы елдердің экономикасына кері әсерін тигізеді» деп жазды. Оның бұл хатына Еуропа елдерінің АҚШ-тағы елшілері де қол қойған.

РЕСЕЙМЕН БАЙЛАНЫС ДАУЫ

Бір қызығы, жаңа заңда Ресейдің мемлекеттік «НПО Энергомаш» аэроғарыш зауытымен байланысқа көп көңіл бөлінген. Бұл зауыт ұзақ жылдардан бері АҚШ қорғаныс министрлігінің әскери жер серіктері үшін мотор жасаумен айналысып келеді. Ресей зауыты RD-180 моторын Lockheed Martin және Boeing компанияларының бірлескен кәсіпорны - әскери жер серіктерін ұшырудағы АҚШ-тағы монополист United Launch Alliance мекемесіне арнап құрастырады.

2014 жылы Ресей Украинаның Қырым түбегін аннексиялап алған соң АҚШ конгресмендері ұлттық қауіпсіздік пен экономика мәселелерін көлденең тартып, Мәскеуден мотор алуды доғару керек деген дау көтерген. АҚШ-тың өзінде SpaceX жекеменшік аэроғарыш компаниясының құрылуы бұл ұсыныстарға серпін бере түскен.

Алайда, Boeing орналасқан Иллинойс штатынан және United Launch Alliance құрастыру зауыты орналасқан Алабама штатынан сайланған сенаторлар Ресей моторларын пайдалануға мүмкіндік беретін барлық есеп-қисапты жасап, оны заң жобасына енгізіп жіберді. Енді жаңа заң бойынша, жер серіктерін ұшыруға жарияланатын конкурс зымыран моторларын қай мемлекет жасайтынына қарамастан ашық түрде өтеді.

Бұл АҚШ республикалық партиясы атынан сайланған сенатор Джон Маккейннің ашу-ызасын туғызды. Желтоқсанның 16-сы күні сенатта сөйлеген ол Ресейді де, заңға бұл бапты енгізген әріптестерін де сынады:

- Бұл жерде Владимир Путин мен Ресейдің әскери-индустриалдық кешенін басқарып отырған банда жеңіске жетті, - деді Маккейн.

КЕШІККЕН ӨТЕМАҚЫ

Жаңа заң «Террор құрбандарының мемлекеттік қорын» құруды қарастырып отыр. Мұның алдында 2001 жылы қыркүйектің 11-і күні болған терактілерден зардап шеккен азаматтарға арнап, осындай қор ашылған болатын. Оның шығындары Суданға салынған экономикалық санкцияларды бұзғаны үшін Францияның BNP Paribas банкі төлеген 9 миллиард доллар айыппұл есебінен жабылмақ.

Ирандағы АҚШ елшілігінде кепіл тұтқынға алынған американдықтар.

Ирандағы АҚШ елшілігінде кепіл тұтқынға алынған американдықтар.

Жаңа заң талабы бойынша 1979 жылғы қарашадан 1981 жылғы қаңтарға дейін Иран астанасындағы АҚШ елшілігінде кепіл тұтқында болған 52 АҚШ дипломаты мемлекеттен қомақты өтемақы алмақ. Дегенмен бұл санатқа кез келген террорлық актіден жапа шеккен АҚШ азаматтары енгізіледі.

Кепілдегі дипломаттарды босату үшін АҚШ Иранның 8 миллиард доллары бар есеп-шоттарын тұтқындаған болатын. Келісімге келген соң АҚШ ол есеп-шоттарды қайта ашып, кепілде болғандардың Иранды сотқа беруіне шек қойған.

Кейіннен кепіл тұтқында болған азаматтар АҚШ соттарына көп шағымданды. Алайда АҚШ үкіметі «егер қамауда болғандар жеңіп шықса, бұл АҚШ-тың сыртқы саясатын жүргізуіне кедергі болады» деген позиция ұстанып келген. АҚШ жоғарғы соты төменгі сатыдағы соттарға бұл мәселе бойынша үкім шығаруға 2012 жылы ғана рұқсат берді.

Ал 1983 жылы жасалған Бейруттағы АҚШ әскери-теңіз күштерінің тұрғынжайына, 1998 жылы жасалған Шығыс Африкадағы АҚШ елшіліктеріне шабуылдар кезінде жапа шеккен азаматтар өтемақы талап етіп, сотта жеңіске жетті. Бейрут жарылысын ұйымдастырды деп АҚШ-тың Иранды айыптағанын ескерсек, олардың жеңісі 1979-1981 жылдары Ирандағы елшілікте ұзақ уақыт қапаста отырған дипломаттарды ашуландырғаны анық.

Ал жаңа заң бойынша Тегеранда АҚШ елшілігінде кепілде болған көзі тірі 39 дипломат немесе олардың туған-туыстары арнайы қордан тұтқында болған әр күні үшін 10 мың доллардан өтемақы алады. 1979 жылы АҚШ-тың Ирандағы елшілігінде саяси офицер қызметін атқарған 72 жастағы Джон Лимберт:

- Меніңше, бұл – тым ұзақ кешіккен шешім. Мұны баяғыда жасау керек еді. Өз үкіметіміз Иранмен бірігіп, біздің өтемақы алуымызға мүмкіндік бермей келді, - дейді.

Майк Экелдің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG