Accessibility links

Клинтон мен Трамп дебатта бірін-бірі аямады


Дауласып жатқан Хиллари Клинтон (алдыңғы қатарда) мен Дональд Трамп. АҚШ, Сент-Луис, 9 қазан 2016 жыл.

Дауласып жатқан Хиллари Клинтон (алдыңғы қатарда) мен Дональд Трамп. АҚШ, Сент-Луис, 9 қазан 2016 жыл.

АҚШ президент сайлауына демократтар атынан түсіп жатқан Хиллари Клинтон мен оның республикашыл қарсыласы Дональд Трамп бетпе-бет тұрып пікір таластырды. Трамп жеңген жағдайда Демократтар лидерін «түрмеге түсіретінін» айтса, Клинтон Трамптың оғаш қылықтарын меңзеп, «ол президент болуға лайық емес» деп мәлімдеді.

Дебаттың басында екі күн бұрын өзінің 2005 жылы түскен жағымсыз видеосы тарап кеткені туралы айтқан Трамп видеодағы әрекеттерін «оңашада айтылған әңгіме ғана» деп сипаттады. Ол «видеоға аса назар аударудың қажеті шамалы» дейді.

Мұнан соң ол қарсыласы Хиллари Клинтонның күйеуі - кезінде сексуалдық әрекеттері үшін айыпталған АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтонның өзінен «асып түскенін», оның «әлдеқайда жаман істер жасағанын» айтты.

Ол видеодағы әрекеттері үшін мақтанбайтынын, бірақ АҚШ-тың алдында одан да гөрі маңызды, ИМ («Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы) содырларының күшеюі, әлемдегі қақтығыстар сияқты мәселелердің тұрғанын баяндады. Трамп видеода айтқан әңгімелерін шын мәнінде іске асырмағанын мәлімдеді.

Ал Хиллари Клинтон дискуссия кезінде «Трамптың әлгі видеосы - оның президент қызметіне лайық емес екенін дәлелдейтін тағы бір айғақ. Трамп видео оның қандай адам екенін «сипаттай алмайды» дейді. Бірақ көрген кез келген адам видеоның Трамптың қандай адам екенін нақты көрсететінін біледі» деді.

Трамп дебатта Клинтонды АҚШ президенті Барак Обаманың алғашқы президенттік мерзімінде мемлекеттік хатшы қызметін атқарған кезінде жеке меншік почта серверін пайдаланды деп айыптады. Дональд Трамп сайлауда жеңген жағдайда бұл істі прокурорларға арнайы тексертетінін мәлімдеді.

Клинтон Трамптың бұл сөзіне «елімізде Дональд Трамптың заң шығармайтыны қандай жақсы» деп жауап берсе, Трамп «ал сен түрмеге отырасың» деп салды.

ВИДЕО: "Америка дауысы" журналистері орыс тіліндегі аудармасымен жазып алған Клинтон мен Трамптың дебаты:

Дебат кезінде Клинтон Ресейдің АҚШ-қа бұрын тарихта болмаған дәрежеде кибершабуыл жасағанын айта келіп, «АҚШ ешқашан қарсылас мемлекеттің шабуылына мұншалықты дәрежеде ұшырамаған. Шетелдік держава (Ресейді айтады - ред.) АҚШ-тағы сайлауға әсер еткісі келеді. Олар мен жеңсін деп отырған жоқ. Ресей мұны сайлауда Дональд Трамп жеңсін деп істеп отыр» деді.

Мұның алдында Барак Обама әкімшілігі Ресейді үкімет серверіне кибершабуыл жасады деп айыптаған еді. Кремль оны теріске шығарады.

ВИДЕОНЫҢ ТАРИХЫ

АҚШ-тың Миссури штатындағы Сент-Луис қаласында, Вашингтон университетінде өткен дебатқа екі күн қалғанда, яғни қазанның 8-і күні Трамптың оғаш әрекеті түсірілген 2005 жылғы видео тарап кеткен еді. Екі саясаткер бетпе-бет пікірталасқа шығар қарсаңда да бұл мәселе туралы дауласқан болатын.

Видеода Трамп жыныстық әрекеттеріне мақтанып, әйелдер туралы анайы сөздер айтқан. Хиллари Клинтон Трамптың видеосын «адам шошырлық» деп бағалаған. Мұнан соң Дональд Трамптың өз партияластары, арасында губернаторлар мен АҚШ конгресінің өкілдері де бар, оған дауыс бермейтіндерін мәлімдеп, сайлаушыларды да дауыс бермеуге шақырған.

АҚШ-тың бұрынғы президенті, Хиллари Клинтонның күйеуі Билл Клинтон Дональд Трамптың әйелі Мелания Трамппен амандасып жатыр. АҚШ, Сент-Луис, 9 қазан 2016 жыл.

АҚШ-тың бұрынғы президенті, Хиллари Клинтонның күйеуі Билл Клинтон Дональд Трамптың әйелі Мелания Трамппен амандасып жатыр. АҚШ, Сент-Луис, 9 қазан 2016 жыл.

Миллиардер магнат Дональд Трамп видеодағы сөздері үшін жұрттан кешірім сұрап, оның «сөз ғана» екенін ескертіп, қарашаның 8-іне дейін созылатын сайлау науқанын жалғастыра беретінін мәлімдеген.

Мұнан соң ол Хиллари Клинтонның күйеуін айыптап, «Билл Клинтон әйелдерді шынымен зорлаған, ал оның әйелі Хиллари күйеуінің зорлығына ұшыраған әйелдерге қысым жасап келеді» деген болатын.

Трамп туралы видео шығардан бір күн бұрын (қазанның 7-сі) Reuters-Ipsos жүргізген сауалнамаға қарағанда, Клинтон сайлаушылар қолдауы бойынша Трамптан 5 пайыз озып келеді.

ТРАМПТЫҢ ӘЙЕЛДЕРМЕН КЕЗДЕСУІ

Президеттік дебаттың алдында бір сағат қана бұрын Дональд Трамп қарсыласы Хиллари Клинтонның күйеуі Билл Клинтонды «жыныстық әрекет жасады» деп айыптаған үш әйел - Пола Джонс, Кэтлин Уилли және Хуанита Броудрикпен кездескен. Кейбір сарапшылар Трамп бұл әрекетін өзіне көлеңке түсіретін 2005 жылғы видеодан елдің назарын қарсыласының күйеуіне аударып жіберу үшін жасады деп бағалайды.

Солдан оңға қарай: Пола Джонс, Кэтлин Уилли және Хуанита Броудрик Клинтон мен Трамптың дебатында отыр. АҚШ, Сент-Луис, 9 қазан 2016 жыл.

Солдан оңға қарай: Пола Джонс, Кэтлин Уилли және Хуанита Броудрик Клинтон мен Трамптың дебатында отыр. АҚШ, Сент-Луис, 9 қазан 2016 жыл.

Үш әйел де АҚШ президенті сайлауына түсіп жатқан Хиллари Клинтонның күйеуі Билл Клинтонды өздеріне қарсы жыныстық әрекет жасады деп айыптаған еді. Мәселен Броудрик «Билл Клинтон мені 1978 жылы зорлады» деп мәлімдеген. Бірақ оның арызын сот қабылдамай, Клинтонға ешқандай айып тағылмай қалған. Билл Клинтон айыпты жоққа шығарады. Кездесу кезінде Трамп әйелдердің арыз берген әрекетін ерлікке теңегенімен, өзінің жағымсыз видеосы жайлы журналистер сұрақтарына жауап бермей кеткен.

Хиллари Клинтон Дональд Трамптың әйелдермен кездескенін «трюк» деп атап, Трамптың «құлдырауының бір бөлігі» ретінде бағалаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG