Accessibility links

АҚШ Кубамен қатынасты жақсартпақ ниетте


АҚШ президенті Барак обама Кубамен қарым-қатынасты қалпына келтіру жайлы мәлімдеме жасап тұр. Вашингтон, 17 желтоқсан 2014 жыл.
АҚШ президенті Барак обама Кубамен қарым-қатынасты қалпына келтіру жайлы мәлімдеме жасап тұр. Вашингтон, 17 желтоқсан 2014 жыл.

Обама АҚШ-тың Кубамен байланысын қалпына келтіру ниетте. Бірақ республикашыл саясаткерлер Гаванаға қатысты саясаттың жұмсаруына құлықты емес

АҚШ президентінің айтуынша, Вашингтон Кубамен дипломатиялық қарым-қатынасын жақсартады. Ақ үйде сөйлеген Обама "Біз Кубаға қатысты ондаған жылдар бойы АҚШ мүддесін таныта алмаған ескірген саясаттан бас тартамыз" деп мәлімдеді.

Барак Обама Кубаға қатысты саясаттың өзгергенінен АҚШ-тың Гаванадағы елшілігінің жұмысы қайта жанданып, көп жылдық тауар эмбаргосы алынып тасталуы мүмкін екенін айтты.

Бұған дейін, желтоқсанның 17-сі күні ертерек Кубада Гаванамен тұтқындар алмасу келісіміне сай бес жыл түрмеде отырған америкалық гуманитарлық қызметкер Алан Гросс босатылған.

Куба президенті Рауль Кастро Обамамен қатар жасаған мәлімдемесінде "Біз АҚШ-пен дипломатиялық байланысты қалпына келтіруге келістік" деді.

АҚШ пен Куба арасындағы байланыс 1961 жылы, 1959 жылы Кубада билікке Фидель Кастро келген революциядан екі жылдан кейін үзілген еді.

Барак Обама мен Рауль Кастро желтоқсанның 17-сы күні мәлімдеме жасамастан бұрын телефон арқылы бір сағатқа жуық сөйлескен. 1961 жылдан бері екі ел басшылары бірінші рет сөйлесіп отыр.

АҚШ пен Кубаның туы.
АҚШ пен Кубаның туы.

"Осы өзгерістер арқылы біз АҚШ және Куба халқына көп мүмкіндіктер тудырып, Америка құрлығындағы халықтар арасындағы байланыстың жаңа парағын ашуға ниеттіміз" деді Обама.

Ақ үй таратқан мәлімдеме бойынша, келесі айда Гаванада екі ел арасындағы миграциялық мәселелерді талқылау үшін АҚШ делегациясы Кубаға бармақ.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри "1960-жылдардан бергі Кубаға сапарлайтын алғашқы мемлекеттік хатшы атануға асық екенін" мәлімдеді. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джош Эрнест Обаманың өзі де Кубаға сапарлауды жоққа шығармайтынын айтады.

Вашингтон бұған қоса Кубаға отбасымен бару, АҚШ шенеуніктерінің сапармен баруына және білім алу мақсатында баруға салынған шектеулерді жеңілдетіп жатыр. Әзірге тек туристік мақсатта сапарлауға тыйым салынған.

РЕСПУБЛИКАШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

Рауль Кастро бұған дейін Вашингтонды Кубаға салған сауда және экономикалық эмбаргосын алып тастауға шақырған. Обама "Кубаны оқшаулау нәтиже бермегенін" айтып, Конгресс өкілдерімен эмбаргоны алып тастау жөнінде кеңескісі келетінін білдірген.

Гавана көшесіндегі көрініс. 17 желтоқсан, 2014 жыл.
Гавана көшесіндегі көрініс. 17 желтоқсан, 2014 жыл.

Бірақ Обаманың Гаванаға қатысты саясатты жұмсарту ниеті республикашыл конгрессмендер тарапынан қарсылыққа ұшырауы мүмкін. Флорида штатынан сайланған республикашыл сенатор желтоқсанның 17-сінде Обаманың "кубалықтардың есебінен ұпай жинағысы келетін Обаманың қауіпті әрекетіне" тосқауыл қоятынын мәлімдеген.

Обама Кубаның тұтқын алмасу бағдарламасы бойынша босатқан америкалық тыңшысы АҚШ-тың коммунистік режим орнаған аралда жұмыс істеген ең маңызды агенттердің бірі болғанын айтады. "АҚШ түрмеден босатып жатқан кубалық үш тыңшыны кезінде осы агент берген ақпарат арқылы қолға түсірген" дейді Обама.

Өкілдер палатасындағы республикашыл конгрессмендер жетекшісі Джон Бонер Кубаға қатысты саясаттың жұмсаруын "Обаманың мәнсіз, мағынасыз шегініс жасай берудің кезекті көрінісі" деді.

АҚШ сенатының халықаралық байланыстар комитетінің басшысы болып сайланған республикашыл Боб Коркер "Біз келесі конгрессте Кубаға қатысты саясаттың өзгеруінің салдарын талқыға саламыз" деді.

Обама Кубадағы адам құқығы ахуалына алаңдаушылық білдіргенімен, АҚШ-тың бұл елге қатысты қазіргі саясаты коммунистік үкіметті адам құқықтарының жағдайын жақсартуға мәжбүрлей алмағанын айтты.

БАСҚА ЕЛДЕР РЕАКЦИЯСЫ

БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун АҚШ-Куба қарым-қатынасының жақсаруын құптап, БҰҰ екі елдің тату көршілік қарым-қатынас орнатуына көмектесуге дайын екенін мәлімдеді.

Рауль Кастроның Куба телеарнасынан сөйлеп жатқан кезі. 17 желтоқсан, 2014 жыл.
Рауль Кастроның Куба телеарнасынан сөйлеп жатқан кезі. 17 желтоқсан, 2014 жыл.

​Рим Папасы Франциск те АШ пен Кубаның дипломатиялық байланысты қалпына келтіру шешімін құттықтады. Ватикан таратқан мәлімдемесінде өз дипломаттары екі ел арасындағы келіссөздердің жандануына септесіп, "нәтижесінде екі елге де оңтайлы келісім жасалғаны" айтылады.

Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер АҚШ пен Куба арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың жақсаруын "қазіргі қақтығыстарға толы кезеңдегі ең жақсы жаңалық" деп атады. Ол Еуропа Одағы адам құқықтары жағдайы оңала бастаған соң Кубамен 2013 жылы диалогтың қайта жанданғанын айтады.

Франция сыртқы істер министрі Лоран Фабиус та екі ел қарым-қатынасының қалпына келетінін құптап, "Францияның мұны ұзақ уақыт күткенін" білдірді.

Вашингтон Гаванамен дипломатиялық байланысын 1961 жылы үзген. АҚШ содан бері Кубаға салған эмбаргосын коммунистік режимнің қамқоршысы СССР құлағаннан кейін де жойған жоқ.

XS
SM
MD
LG