Accessibility links

АҚШ Еуропаны Ресей газына тәуелділіктен құтқара ала ма?


Италия жағалауындағы газ терминалы. (Көрнекі сурет)

Италия жағалауындағы газ терминалы. (Көрнекі сурет)

АҚШ-та газ өндірісі дамып келеді. Ресейдің Қырымға басқыншылығынан соң «АҚШ Еуропаға газ экспорттап, Батысты Ресейге тәуелділіктен құтқарса» дейтіндер бар. Идея жүзеге асуы мүмкін бе?

Ресей - әлемдегі ең ірі табиғи газ экспорттаушы ел. Мәскеу осы артықшылығын саяси қару ретінде пайдаланудан тайынбайды. Еуропаны 40 пайыз газбен қамтамасыз ететін, табиғи газ құбырларының көбі Украина арқылы өтетін Ресейдің бұдан ары да тәртіп бұзуы немесе саяси бопса жасай беруі мүмкін. Сондықтан Еуропа елдері энергияның балама көздерін іздейді. Соның бірі Атлант мұхитының ар жағындағы АҚШ болуы мүмкін.

НЕГЕ АҚШ ЕУРОПАҒА ГАЗ ЭКСПОРТТАУЫ КЕРЕК?

Гидробөлшектеу технологиясының арқасында фрекинг (тақтатас қатпарын қопарып газ алу тәсілі - ред) әдісін қолданған АҚШ тақтатас қатпарларынан газ өндіру саласында алға кетіп, соңғы жылдары әлемдегі ірі табиғи газ өндірушіге айналды. Бірақ Атлант мұхиты арқылы Еуропаға газ таситын құбырлар болмағандықтан, АҚШ табиғи газды сұйылтып, оны танкерлерге құйып тасуға мәжбүр.

Америкалық танымал заң шығарушылар мен еуропалық саясаткерлер Украинадағы дағдарысқа байланысты АҚШ президенті Барак Обаманың әкімшілігінен сұйытылған газ экспорттауды тездетуді өтінді.

АҚШ конгресі өкілдер палатасының спикері Джон Бонер наурыздың 6-сы күні The Wall Street Journal басылымына шыққан мақаласында «Вашингтон табиғи энергия ресурсын Ресей президенті Путинге қарсы қару ретінде «шығаруға» тиіс» деп жазды.

Украинаның Боярка ауылындағы газ айдайтын станция. (Көрнекі сурет)

Украинаның Боярка ауылындағы газ айдайтын станция. (Көрнекі сурет)

Вышеград тобы елдері (Польша, Чехия, Словакия және Венгрия) елшілері де АҚШ конгресіне хат жазып, «газ экспорттаудағы бюрократиялық кедергілерден құтылуды» сұрады.

Елшілердің пікірінше, бұл қадам елдерін Ресей газына тәуелділіктен құтқарады.

Ал Польша премьер-министрі Туск Дональд наурыздың 10-ы күні «Германияның Ресей газына тәуелділігі Еуропаның егемендігіне нұқсан келтіретінін» ескертті.

АҚШ ЕУРОПАҒА ГАЗ ЖЕТКІЗЕ АЛА МА?

FSU Oil and Gas Monitor апталығының редакторы Дженнифер Дилей бұл сауалға: «Теориялық тұрғыда мүмкіндігі жетеді. АҚШ-та газ қоры жеткілікті және оны көп өндіріп жатыр. Бірақ бұл істің бірден орындала кетуі екіталай. Егер экспорт ашылса, АҚШ Еуропаға жеткілікті мөлшерде газ тасымалдай алады. Қысымды азайтуға соның өзі жетер еді» деп жауап берді.

Оксфорд институтының энергетикалық қуат көздерін зерттеуші маманы Джонатан Стерн «Еуропаның сұйытылған газ таситын танкерлерді көбейтуге шамасы жетеді. Әсіресе Орталық Еуропаға қарағанда Ұлыбритания мен Оңтүстік Еуропаның мұндай қадам жасауға мүмкіндігі зор» дейді.

Польша сұйық газ алу үшін Балтық теңізінің жағалауына импорт терминалын салып жатыр, оның құрылысы биыл аяқталады.

АҚШ ЕУРОПАҒА ЭКСПОРТТЫ ҚАШАН БАСТАЙДЫ?

Қазір АҚШ табиғи газды ірі көлемде экспорттап жатқан жоқ. Бұл ел газды әзірше Канада мен Мексикаға құбыр арқылы сатып отыр.

АҚШ-тың Мэриленд штатындағы газ терминалы. 5 ақпан 2014 жыл.

АҚШ-тың Мэриленд штатындағы газ терминалы. 5 ақпан 2014 жыл.

АҚШ энергетика министрлігі сұйылтылған газды танкермен тасу үшін алты газ терминалын салуға рұқсат етті, қалған жобалар талқыланып жатыр.

Стерннің айтуынша, АҚШ-тың сұйылтылған газ экспорттайтын алғашқы терминалы тез салынды деген күннің өзінде 2015 жылы дайын болады. Ал ірі мөлшерде газ тасымалдау 2019 жылы ғана мүмкін болмақ.

«Бұл жақын арада бітетін шаруа емес. Жағдайды нақты түсінбейтін адамдар саяси тұрғыда түрлі болжамдар айта береді. АҚШ-тың газ экспорттап, Еуропаны Ресейге тәуелділіктен құтқаруы үшін кем дегенде бес-алты жыл керек» дейді Стерн.

АҚШ мемлекеттік департаменті энергетикалық ресурстар бюросының жетекшісі Карлос Паскуаль The New York Times басылымына берген сұхбатында «АҚШ экспорты Еуропаның газ мәселесін шешіп бермесе де, ғаламдық газ нарығы өзгергенін, әлемнің басқа аймақтарында да ірі экспорттаушылардың пайда болғанын көрсетті» дейді.

ЕУРОПАҒА ГАЗ САТУ АҚШ-ҚА ТИІМДІ МЕ?

Стерннің айтуынша, табиғи газ жеткізушілер сұйылтылған газды қымбат бағамен алатындарға сатады. Қазір Еуропа сұйылтылған газды көп сатып алып жатқан жоқ, себебі Азия мемлекеттері қымбатқа алады.

Оның пікірінше, АҚШ газ бағасын күрт көтерсе (ақпанда қатты аяздың кезінде сондай жағдай болды), АҚШ газы қазіргі бағасымен Еуропа нарығында бәсекеге төтеп бере алмайды.

Ресей президенті Владимир Путин жаңадан ашылған газ құбырына қолын қойып тұр. Ресей, 19 наурыз 2011 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин жаңадан ашылған газ құбырына қолын қойып тұр. Ресей, 19 наурыз 2011 жыл.

«Мәскеу газ бағасын арзандатып қоюы мүмкін, солайша Еуропаның сұйылтылған газды импорттауға құлқы болмай қалуы да ықтимал» дейді Стерн.

Оның сөзінше, «Баға үнемі өзгеріп тұрады. Ғаламдық нарық дамып келеді, сондықтан АҚШ газының бағасына қатысты болжам жасау қиын. Қытай мен Үндістан сұйылтылған газды Еуропадан да қымбат бағаға көбірек сатып алуы мүмкін».

Дженнифер Дилейдің пікірінше, АҚШ-тағы тақтатас қатпарларынан газ өндірудің даулы технологиясы мен сұйытылған газды экспорттайтын терминалдар салуға қарсылық қоғамдық талқылауларда маңызды рөл атқаруы мүмкін.

(Антуан Блуаның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG