Accessibility links

АҚШ Сирия көтерілісшілеріне көмектеспек


Сирия астанасы Дамаск қаласы. 30 сәуір 2013 жыл.

Сирия астанасы Дамаск қаласы. 30 сәуір 2013 жыл.

New York Times газетінде жарияланған мақалада АҚШ Сирия көтерілісшілеріне қару-жарақтан жәрдем беруге ыңғай танытып отырғаны айтылады.

Сирия көтерілісшілерін қаруландыруға ұзақ уақыт қарсы болып келген Ақ үй әкімшілігі енді Сирияға жеткізілетін қару-жарақ «діни радикалды топтардың қолына түсіп кетпей ме» деп қауіптенгенін жазады басылым.


ОБАМА САЯСАТЫНДАҒЫ ӨЗГЕРІС

«Ақ үй Сирияның әскери оппозициясына қару жеткізу мәселесін қайта қарайды. Бұл шешім Сириядағы азамат соғысына жәрдем беруге ынталы, бірақ «адам өлімі болғанын қаламаймыз» деген Обама әкімшілігіндегі саяси өзгерісті байқатады» деп жазады мамырдың 1-і күні New York Times газетінде жарияланған мақала авторлары Марк Лендлер мен Рик Гладстоун.

«Обама қару жеткізу мәселесін әлі шешпеген және көтерілісшілерге қандай қару таситындарын да анықтамаған» деген бұл туралы айтқан өкілетті шенеунік. АҚШ қауіпсіздік кеңесінің баспасөз хатшысы Кейтлин Хейден «Сирия оппозициясына АҚШ-тың көмегі енді басталды» дейді.

Авторлардың пайымдауынша, «бұндай қадамға барса АҚШ Сауд Арабиясы мен Катар сияқты көтерілісшілерге жәрдем көрсеткен Парсы шығанағы елдерімен және Еуропа одағының Сирияға қару тасымалдау туралы эмбаргосын құптамайтын Англия мен Франция тәрізді мемлекеттермен теңеседі».

The Washington Post басылымына сілтеме жасаған авторлар Обама саясатындағы өзгеріс «Сирия президенті Башар әл-Асад химиялық қаруды қолданды» деген күдіктен соң туындағанын жазады. Бірақ «АҚШ басшысы шешуші қадамға бармас бұрын Асадтың қаруды қайда, қалай қолданғанын анықтауға мүдделі екенін, нақты дерекке ие болуға тиіс екенін ескерткенін» айтады. «Қолымызда бұлтартпас дәлел болмаса, халықаралық қауымдастық бізді қолдамауы мүмкін» деген президент Обама.

Дегенмен, ресми өкілдердің айтуынша, «сенімді дәлел болмаса да Пентагон көтерілісшілерге көмектесудің бірнеше әдісін ойластырып қойған». Орталық барлау басқармасының (CIA) бұрынғы директоры Дэвид Петреус пен бұрынғы мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтон сияқты тұлғалармен бірге Обаманың Сирия көтерілісшілерін қаруландыруға ұзақ уақыт қарсы тұрғанын жазған басылым енді Ақ үйдің «жеткізілген қарулар діни радикалды топтардың қолына түсуі мүмкін» деген қаупі барын да ескертеді. «Шенеуніктер америкалық зенитті зымырандар азаматтық ұшақтарға қарсы қолданылып жүргенін айтты» дейді мақала авторлары.


ХИМИЯЛЫҚ ҚАРУ

«Бірақ АҚШ әкімшілігі сириялық оппозиционерлердің әскери кеңесі туралы кеңірек білген соң қарудың сенімді қолға тиетініне көзі жетті» дейді өкілетті шенеунік.

«БҰҰ химиялық оқ-дәрі туралы күдікті сейілту үшін 15 адамнан тұратын сарапшыларды Сирияға аттандырған. Бірақ Сирия үкіметі олардың жолын бөгеген» деп жазады New York Times газеті.

Сирияның БҰҰ-дағы елшісі Башар Джафари Хан әл-Асалда химиялық қару қолдануға қатысты тексеріске өз үкіметінің қосылатынын, бірақ «БҰҰ-ның Хомс пен Дамасктан тыс аумақта химиялық қару қолданылғаны туралы жеткілікті дәлел таба алмағанын» мәлімдеді. Англия мен Франция ондай дәлелдің бар екенін айтады.

Басылым Сирия үкіметі «көтерілісшілер газ тәрізді хлор қолданды» деп айтқанын, ал қарсыластары «Асардың әскері бұрыннан сақтап қойған зарин газын қолданды» деп мәлімдегенін жазады.

«БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунның өкілі Мартин Несирки тексеріс туралы талаптардың Сирия, Англия және Франциядан түскенін айтып, «БҰҰ өкілдері қалаған уақытта елге кіре алуға тиіс» деді. Ал Джафари мырза Сиряның өз халқына қарсы химиялық қару қолданбайтынын айтады. Бірақ 2011 жылы басталған үкіметке қарсы бейбіт шерудің арты азаматтық соғысқа ұласып, 70 мыңнан астам адам қаза тапқанын ескерсек, оның пікіріне сенетіндер аз» дейді мақала авторлары.

Сирияның астанасы Дамаскіде сәуірдің 30-ы күні күні бомба жарылып, 13 адам қаза тапты. Мемлекеттік телеарна «опат болғандардың бәрі бейбіт тұрғындар» деп хабарлады.

«Сирия көтерілісшілері мекендейтін Баб әл-Хавадағы жарылыстан соң түрік жағының тұрғындары қаланы сириялық ұшақтар атқылағанын айтты. Сириялық адам құқын қорғау обсерваториясы жоғарыдағы пікірді растайтын бейнебаянды интернетке шығарды» деп жазады New York Times газеті.
XS
SM
MD
LG