Accessibility links

Обаманың «Украина - Ресейдің қуыршағы» дегені көпті таңырқатты


АҚШ президенті Барак Обама Украинаны «Ресейдің қуыршағы» атап, көпшілікті таң-тамаша қалдырды. Вашингтонның сыртқы саясаты өзгерді ме, әлде бұл президенттің байқаусызда жіберген қателігі ме?

АҚШ президенті Барак Обама жыл сайынғы жолдауында батысшыл саясат ұстанып отырған Украинаны Сириямен қосақтап, екеуін Ресейдің «қуыршақ мемлекеттері» деп атады. Оның бұл тосын пікіріне таңырқағандар, қалай түсінерін білмей абдырағандар бар.

«​ЖАН-ЖАҚТЫ ДАЙЫНДАЛҒАН»​ МӘТІН

Барак Обама қаңтардың 12-сі күні жасаған жолдауында «Экономикасы кері кетіп жатса да, Ресей өз ықпалынан шығып бара жатқаны байқалды деп есептейтін қуыршақ мемлекеттер (client states) - Украина мен Сирияға [оларды өз орбитасынан алыстатпау үшін] ресурс құйып келеді. Сондықтан, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін біз құрған халықаралық жүйе осы жаңа жағдайға бейімделуге тырысып жатыр» деді.

Президент сөзінің Ақ үй жариялаған ресми мәтінінде «client» сөзі алынып тасталғанымен, Сирия мен Украинаны қатар атаған тұсы сол қалпы тұр (тек өткен шақтан осы шаққа ауыстырылып, «Ресей өз орбитасынан шығып барады деп есептейтін...» деп берілген).

АҚШ президентінің Конгрестің (АҚШ парламенті – ред.) бірлескен отырысында жариялайтын жолдауы - жан-жақты әзірленіп, мұқият тексеруден өтетін жауапты шараның бірі. Обама сөйлейтін күні NPR арнасына сұхбат берген президенттің жетекші спичрайтері (президент сөзін әзірлеуші – ред.) Джон Фавро президент сөзінің мәтінін Ризашылық күнінен (Thanksgiving Day) бері (қарашаның 26-сы) әзірлегендерін айтқан.

- Жаңа жылдан соң екі апта бойы, соңғы редакциясы әзір болғанға дейін мәтінді жазып, редакциялап, қайта жазумен болдық. Соңғы күні сөйлеуге дайындық болды, - деді ол.

АҚШ президенті Украина жөнінде мұндай тосын пікір айтқанда нені меңзегенін түсіну қиын. Обама демократияшыл күштердің көтерілісінен соң, 2014 жылдың ақпан айында биліктен кеткен Украинаның ресейшіл президенті Виктор Янукович туралы айтты ма? Әлде ол Мәскеу 2014 жылдың наурызында өзіне қосып алған Қырым мен Украинаның шығысындағы сепаратистік күштерге Ресейдің көрсетіп отырған экономикалық, саяси және әскери көмегін тұспалдады ма?

«АҢДАУСЫЗДА КЕТКЕН ҚАТЕЛІК»

Украинаның ресми тұлғалары «АҚШ-тың Киевке қатысты саясаты өзгермейді, Обаманың байқаусызда айтқан сөзіне мән бермеу керек» деген сарындағы мәлімдемелер жасап жатыр.

Украина парламенті (Жоғарғы Рада – ред.) сыртқы істер комитетінің мүшесі Светлана Залищук Азаттықтың украин қызметі тілшісіне берген сұхбатында:

- Бұл пікірді саралағанда, оның абайсызда кеткен қателік екенін түсінуге тиіспіз. «Бұл - АҚШ президентінің Украинаға қатысты ресми көзқарасы» деген тұжырым жасалмауы керек, - деді.

Залищук Обама жолдауында Украинаға екі мәрте тоқталғанын еске салды. Екінші рет тоқталғанда Обама АҚШ-тың әлемде тұрақтылықты баянды ету үшін Украинаны және басқа да «транзиттік демократия» (демократияға өту жоспары бар – ред.) елдерін қолдауды жалғастыра беретінін айтқан.

Украина парламентінің Еуропамен интеграция комитеті төрағасының бірінші орынбасары Остап Семерак та Обаманың Украинаны қолдап, Мәскеуді сынай сөйлегеніне назар аударады.

- Обама Украинаның демократияны қорғауына [АҚШ-тың] көмектесетінін айтты, әрі мұның Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан халықаралық тәртіпті күшейтетінін ескертті. Обама осы тәртіп туралы сөз еткенде Ресейге және оның агрессиялық саясатына тоқталды. АҚШ президенті «Украина Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан бейбітшілік жүйесін сақтауға тырысады, ал Ресей керісінше агрессияға негізделген жаңа әлемдік тәртіп қалыптастырғысы келеді» деген ой айтты, - дейді депутат.

Киевте орналасқан «Сыртқы істер Майданы» («Майдан» - Украинадағы көтерілістер символына айналып кеткен сөз, Киевтегі Тәуелсіздік алаңы да ауызекі тілде осылай аталады – ред.) қоғамдық ұйымының сарапшысы Олег Билоколос «Обаманың аңдамай айтқан сөзіне көп мән берудің керегі жоқ» дейді.

- Біз үшін маңыздысы – Обама әкімшілігінің Украинаға қатысты саясаты өзгермейді, демократияға қолдау көрсету жалғаса береді, АҚШ Украинаға басып кіргені үшін Ресейге салған санкцияларын күшінде қалдырады, - деді Билоколос.

«ҚИСЫНСЫЗ СӨЗ»

Обаманың АҚШ-тағы қарсыластарын айтпаған күннің өзінде, Батыс елдеріндегі сарапшылар мен журналистер оның бұл сөзді аңдаусызда айтқанына сенбейді.

Mashable тілшісі Кристофер Миллер Twitter-де «Ресей Украинаны қолдау үшін ресурс құйып жатыр» деді. Қателесті ме? [Себебі] Мәскеудің Украинада жағдайды тұрақсыздандырғысы келетіні [анық]» деп жазды.

АҚШ-тың Украинадағы бұрынғы елшісі Стивен Пайфер президенттің пікірін «қисынсыз» деп сынады. «Қисынсыз. Бәлкім керісінше Мәскеу Украинаны тұрақсыздандыру үшін ресурс құйып жатқан шығар» деп жазды ол Twitter-де.

Russian Media Monitor басылымының журналисі Джулия Дэвис «Обама сөзді орынсыз қолданды» деп санайды.

Ал International Business Times басылымының журналисі Лидия Томкью «бұдан өкінішке орай Вашингтонның Украинаға біраздан бері назар салмай кеткенін аңғарамыз» дейді.

Айта кетерлік дүние - Обама Украина туралы айтқанда елдің атын ескі дәстүрмен "the Ukraine" деген жоқ. Бұлай атаса, Украина мемлекет емес, аймақ (немесе аудан - ред.) сияқты болып қалады. Томкью «Әйтеуір Обама «The Ukraine» деген жоқ. Уау, бұл үміт отын ұялатады» деп жазды.

Республикашыл партия атынан сайланған конгресмен Питер Роскам Обаманы мұқатып, «Президент мырза, Украина – біздің одақтасымыз, Ресейдің қуыршағы емес» деп жазды. Бұған қоса, ол президенттің бұл мәлімдемесі «оның геосаяси жағдайды түсінбейтінін көрсетеді» деді.

«Досымыз әрі одақтасымыз Украинаны Ресейдің «қуыршағы» атау арқылы ол геосаяси жағдайды білмейтінін аңғартты» деп жазды конгресмен.

Роберт Коалсонның мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG