Accessibility links

Обама: АҚШ жетекшілік рөлінен айырылған жоқ


АҚШ президенті Барак Обама конгресс алдында жолдау оқып тұр. Вашингтон, 12 қаңтар 2016 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама конгресс алдында жолдау оқып тұр. Вашингтон, 12 қаңтар 2016 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама бұл қызметтегі соңғы жолдауында экономика, қауіпсіздік, баламалы энергия көздері мен халықаралық саясаттағы АҚШ-тың орны жайлы айтты.

АҚШ президенті Барак Обама ел экономикасы мен әскери қуаты артып, әлемдегі жетекшілік рөлі күшейгенін, бірақ АҚШ-ты «дүниежүзілік тәртіпті өзгертетін әлемдік полицейге» айналдыруға тырысудың қауіпті екенін мәлімдеді. Обаманың 58 минутқа созылған жолдауының негізгі бөлігі АҚШ-тың ішкі саясаты мен мәселелеріне арналды.

12 қаңтарда АҚШ конгресі алдында сөйлеген Обама өзінің президент болып сайланған кездегі сайлауалды бағдарламасының орындалғанына қатысты айтылған сындарды сейілтуге тырысты. Ол АҚШ-тың терроризммен күресі жайлы айтқанда бұрынғы прездиент Джордж Буш сияқты ауызекі тілде сөйледі.

«Егер Американың, я менің өз міндетіме адалдығыма күмән келтірсеңіз, немесе әділеттік орнағанын көргіңіз келсе, оны Усама бен Ладеннен сұраңыз. Егер сіз біздің соңымызға түссеңіз, онда біз сіздің ізіңізге түсеміз. Бұл ұзақ уақытты алуы мүмкін, бірақ біз қол жеткізбейтін нәрсе жоқ» деді Обама.

ТҰРАҚСЫЗДЫҚ ОРНАҒАН ЕЛДЕРДЕН ТӨНЕР ҚАУІП

Президенттік қызметі тұсында көтерілген халықаралық шетін мәселелер – климаттың өзгеруі, Африкадағы Эбола індеті, Шығыс Азиядағы жаңа сауда келісімі жайлы айтқан Обама, Ресейдің кейбір елдердің ісіне килігуі, Украинадағы қақтығыс, Ирак пен Ауғанстандағы жағдайдың нашарлауы сияқты проблемаларға қысқаша ғана тоқталды.

«Қазір қатерлі уақыт екенін білем. Бірақ ол АҚШ әлеуетінің әлсірегенінен болып отырған жоқ. Қазіргі әлемде бізге қауіптің көбі жау империялардан емес, бей-берекетсіздікке ұшыраған елдерден төніп отыр» деді Обама. Ол АҚШ-тың «байсалды көзқарасы, ұстамды әрі нақты стратегиясы барын», АҚШ егер өз халқына және одақтастарына қауіп төнсе жеке-дара әрекет ететінін, бірақ әлемдік мәселелерді шешуде өзгелерді де жұмылдыратынын айтты.

Иранның ядролық бағдарламасын шектейтін келісім жайлы айтқан Обама: «Сол себепті біз Иранды ядролық қаруға ие болғызбау үшін санкциялар мен дипломатияға сүйенген коалиция құрдық. Келіскендей, Иран ядролық бағдарламасынан бас тартып, байытылған уранын сыртқа шығарды. Әлем жаңа бір соғыстан аман қалды», - деді.

АҚШ президенттігіне республикалық партиядан кейбір үміткерлер «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобына күйрете соққы беру үшін Ирак пен Сирияның содырлар бақылауындағы территорияларын жаппай бомбалауға шақырған.

«Пикаптарға мініп, түрлі шабуыл ұйымдастыратын содырлар бейбіт тұрғындарға үлкен қауіп төндіреді және оларды тоқтату керек. Бірақ олар біздің мемлекетіміздің өмір сүруіне қатер төндіре алмайды. Кісі өлтірушілер, я фанатик дейміз бе, оларды түп-тамырымен жою керек» деді Обама.

Обама егер АҚШ конгресі ИМ тобын жоюға шынымен ниетті болса, онда өзіне бұл ұйыммен күресуге құзырет беретін қарар қабылдауы тиіс екенін мәлімдеді. Бірақ ол АҚШ дағдарысқа ұшыраған әрбір елді аяқтан тұрғыза алмайтынын ескертті.

«Әскери операциялар жүргізу аса бір ерекше рұқсатты қажет етпейді. Бірақ конгрестің 2001 жылғы 11 қыркүйектегі шабуылдардан кейін шығарған терроризммен күрес туралы қарары сияқты құжат қабылдауы АҚШ-тың әскери стратегиясын айқындай түсер еді» деді Обама.

«РЕЦЕССИЯДАН ОҢАЛЫП КЕЛЕМІЗ»

Өзі Ақ үйді басқарған жылдары елде экономикалық өсім артқанын мәлімдеген президент Обама АҚШ экономикалық алпауыт ел мәртебесінен айырылмағанын айтты. Оның сөзінше, АҚШ экономикасы 2009 жылғы рецессиядан оңала бастаған.

«АҚШ экономикасы құлдырап барады дейтіндердің айтатыны ойдан шығарылған» деді Обама.

Ол өзі билікте болған мерзімнің алғашқы жеті жылында АҚШ тарихында тұңғыш рет жекеменшік сектордағы жұмыс орындарының саны артқаны байқалғанын, медициналық сақтандыруды реформалау туралы заңға қол қойып, миллиондаған адамның медициналық қауіпсіздігін қамтамасыз еткенін айтты.

«Соңғы екі жылда 14 миллионнан астам жұмыс орны ашылып, 18 миллионға тарта адам медициналық көмекпен қамсыздандырылды. Осылайша біз өзімізді кешегі дағдарыстан алып шығып, болашақтағы бағытымызды айқындадық» деді Обама. Ол елде баламалы қуат көздеріне ауысуда үлкен қадам жасалып, автомобиль құрастыру өнеркәсібі 2008-2009 жылдардағы рецессиядан сауығып келе жатқанын айтты.

АҚШ президенті бұған қоса президент сайлауы қарсаңындағы саясаткерлердің шиеленісті мәлімдемелеріне қатысты да пікір білдірді.

«Егер біз көзқарасы өзімізден бөлек адамдардың барлығы бізге жаулық пиғылда, немесе қарсыластарымыз патриот емес деп санасақ, онда демократия болмайды. Президенттік қызметім кезінде партиялар арасындағы бір-біріне деген ыза мен секемшілдіктің жақсарудың орнына нашарлағанына өкінемін» деді Барак Обама.

Президенттікке кандидаттар сайлауалды кампаниясын бірнеше ай бұрын бастап кеткенімен, сайлаушылар демократиялық немесе республикалық партия үміткерлерінің қайсысын таңдайтынын келесі айдан бастап білдіре бастайды.

АҚШ-та кезекті президент сайлауы 2016 жылы 8 қарашада өтеді.

XS
SM
MD
LG