Accessibility links

Обаманың жеңісін Қазақстанда түрліше қабылдады


АҚШ-тағы президент сайлауында Барак Обама сайлау коллегиясындағы сайлаушылардың қажетті дауысын алып, жеңіске жетті. Қарсыласы Митт Ромни жеңілгенін мойындады.

АҚШ ақпарат құралдары қарашаның 7-cі күні түнде президент сайлауында Барак Обаманың жеңіске жеткенін хабарлады.

Ақпараттар бойынша, Барак Обама сайлау коллегияларындағы сайлаушылардың 303 дауысын, Ромни 206 дауысын алған. Бұл мәлімет дауыс санау аяқталғанша өзгеруі де мүмкін, бірақ Обаманың жеңгені әлден анық. АҚШ-тағы сайлау жүйесі бойынша, жалпы халықтың дауысын алған кандидат жеңіске бірден жете қоймайды - кандидат сайлау коллегияларындағы 538 сайлаушының кем дегенде 270-інің дауысын жинауы тиіс.

АҚШ республикашылдар партиясының атынан сайлауға түскен Митт Ромни Бостондағы өзінің сайлау штабында сөз сөйлеп, "Барак Обамаға телефон шалып, сайлаудағы жеңісімен құттықтадым" деді.

Барак Обама сайлау нәтижесі белгілі болған соң жұрт алдына шығып, "өткен тарихы ауыр да ұзақ болғанымен, Америка халқы жақсылықтың алда екенін тағы да есіне салғанын" айтты.

ҚАТАР ӨТКЕН КОНГРЕСС САЙЛАУЫ

Сейсенбіде АҚШ-та президент сайлауына қоса сенаттың босаған 39 орны мен өкілдер палатасының 435 мүшесіне сайлау өтті. Елде губернаторлар сайлауы, әртүрлі мәселелерге байланысты әр штатта жеке-жеке референдумдар да өтіп жатыр.

Америкалық телеарналардың хабарлауынша, АҚШ конгресінің сенатында екінші мерзімге сайланған президент Барак Обаманың Демократиялық партиясы бұрынғыдай басымдыққа ие болып қалды.

Обамадан жеңілген Митт Ромнидің Республикашыл партиясы да өкілдер палатасындағы бұған дейінгі орындарының көбін сақтап қалды.
Конгресстің жалпы жиналысы. АҚШ, Вашингтон, 8 қыркүйек 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Конгресстің жалпы жиналысы. АҚШ, Вашингтон, 8 қыркүйек 2011 жыл. (Көрнекі сурет)


Сайлауға дейін де демократтар сенаттағы 100 орынның 51-ін иеленіп, басымдыққа ие болып тұрған. Оған қоса тәуелсіз екі сенатор да көбінесе демократтарға жақтасатын. Сайлаудың алдын ала нәтижелеріне қарағанда, демократтар сенаттағы орындардың көпшілігін иеленген.

Ал бұған дейін өкілдер палатасындағы 435 орынның 242-сін иеленген Республикашыл партия кешегі сайлауда да басымдығын сақтап қалды.

Сенат пен өкілдер палатасында басымдықты екі партия өзара бөліскендіктен, ұстанымдары бір жерден шықпай, Барак Обама өткен төрт жылда кейбір заңдарды қабылдату кезінде кәдімгідей қиындықтарға тап болған еді. Сол жағдай осы сайлаудан кейін де өзгермейтін болды.

"СЭНДИДІҢ" САЙЛАУҒА ӘСЕРІ

Сайлауға бір апта қалғанда АҚШ-тың солтүстік-шығысын жайпап өткен қуатты "Сэнди" дауылы Барак Обама мен Митт Ромни үшін «тосын сый» болды. Екі кандидат та алапат дауылдың кесірінен үгіт-насихат шараларын тоқтатуға мәжбүр болды.

Дауыл Нью-Джерси, Солтүстік Каролина, Пенсильвания, Вирджиния, Мэрилэнд, Нью-Йорк, Коннектикут, Батыс Вирджиния, Делавар, Огайо штаттары мен АҚШ-тағы президент сайлауының нәтижелерін көшедегі экраннан қарап тұрған жұрт. Нью-Йорк, 6 қараша 2012 жыл.

АҚШ-тағы президент сайлауының нәтижелерін көшедегі экраннан қарап тұрған жұрт. Нью-Йорк, 6 қараша 2012 жыл.

Колумбия аймағында соғып, алдын ала жүргізілген есеп бойынша 50 миллиард доллар шығын тигізді. 7 мыңға тарта адам Қызыл Крест ұйымының уақытша салынған баспаналарында (шатырларда) тұрып жатыр.

Обама да, Ромни де сайлау кестелерін өзгертіп, төтенше жағдай болған штаттарды аралады. Дауыл болған штаттардағы сайлау нәтижелері төмендегідей:

Нью-Йорк, Нью-Джерси, Пенсильвания, Мэрилэнд, Нью-Йорк, Коннектикут, Делавар, Огайо, Вирджиния штаттары мен Колумбия аймағының сайлаушы тұрғындары Обаманы қолдаған.

Митт Ромни Солтүстік Каролина, Батыс Вирджиния штаттарында жеңіске жетті.

Фотогалерея: АҚШ-тағы сайлауда Барак Обама жеңді


"ЗАҢДЫ ЖЕҢІС"

Қазақстандық саясаткерлер "бұл - заңды жеңіс" десе, саясаттанушылар "қарсыласын әрең жеңген Обама үшін бұл сайлау сабақ болды" дейді.

"Азат" ЖСДП бас хатшысы Әміржан Қосанов. Алматы, 17 қаңтар 2012 жыл.

"Азат" ЖСДП бас хатшысы Әміржан Қосанов. Алматы, 17 қаңтар 2012 жыл.

- Америка секілді алпауытты басқаруға Обама әлемдік қаржы дағдарысы ушығып тұрған кезде келді. Мен - оның дағдарысқа қарсы бағдарламасына дән риза болған қазақпын. Өйткені онда банктерді құтқарудан гөрі қарапайым америкалықтарды әлеуметтік жағынан қолдау шаралары нақты көрсетілді. Сайлау ашық өтті, соңғы сәтке дейін кімнің жеңіске жететіні белгісіз болды, - деді "Азат" ЖСДП бас хатшысы Әміржан Қосанов.

Оның айтуынша, Митт Ромнидің бірқатар кемшіліктері болған.

- Ромнидің сыртқы саясаттағы бағыттары қолдауға тұрарлық болмады. Кез-келген державаның я мемлекеттің басшысы көршісі не әріптестеріне қатысты абайлап сөйлеуі керек. Ромнидің риторикасы агрессияға жақын болды. Ромнидің артында үлкен капитал, олигархтардың мүдделері тұр. Ал Обама көбіне орташа дәрежедегі америкалықтардың мүддесін қорғап жүр, - деді Әміржан Қосанов.

Ал саясаттанушы Досым Сәтпаевтың ойынша, Ромни бірқатар тактикалық қателік жіберді.

- Оның "Обамаға дауыс берушілер - мемлекетке қарап қалған, жауапкершілікті өз мойнына алмайтындар" деген мазмұндағы сөздеріне бірқатар азаматтар наразы болды. Оның тәжірибесіздігі мен саяси жағдайды білмеуі Обамаға қолайлы болды, - деді Сәтпаев.

ҰҚСАСТЫҚ ПЕН АЙЫРМАШЫЛЫҚ

"Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары Бөріхан Нұрмұхамедов Обаманың жеңісін Қазақстандағы Назарбаевтың жеңісіне ұқсатты.

- Екі елдегі сайлауды салыстыру қиындау, халқының саны, мемлекеттің дәрежесі дегендей. Бірақ Америка сайлаушылары қызметтегі президентті қолдайтынын көрсетті. Бізде, әрине, қызметтегі президентті басым көпшілігі қолдайды, - деді ол.

Ал сенатор Ғани Қасымовтың айтуынша, "екі елдегі сайлаудың айырмашылығы – АҚШ азаматтары сайлау процесінің ашықтығы мен әділдігіне күмәнданбайды".

- Сайлаушылардың дауысын ұрлау ешкімнің ойына да кіріп шықпайды. Ал бізде сайлау процесіне сенімсіздікпен қарайды, - деді ол.

Ғани Қасымовтың ойынша, "Қазақстан мен АҚШ президенттері бірін бірі жақсы біледі, мемлекетаралық байланыс нығая түседі".

ЕЛЕНБЕГЕН САЙЛАУ

Қазақстанда АҚШ-тағы сайлау туралы көп айтылмады. Жергілікті басылымдар көбіне жаңалық түріндегі қысқа ақпарат берумен шектелді.
"Егемен Қазақстанның" төте жазумен шығатын сайтының скриншоты. 10 қазан 2012 жыл.

"Егемен Қазақстанның" төте жазумен шығатын сайтының скриншоты. 10 қазан 2012 жыл.


Республикалық "Егемен Қазақстан" мен "Казахстанская правда" газеттерінде АҚШ-тағы сайлау туралы мақала жоқ. "Казахстанская правда" жаңалықтармен шектелсе, "Егемен Қазақстан" сайлауға он күн қалғанда шағын жазба жариялады. Онда "тартысқа түскен екі қошқардың жұртқа белгілі" екені жазылған.

"Егемен Қазақстан" "Барак Обама АҚШ-тай алып елді дағдарыстан, оның зардабынан алып өтті. Ауғанстаннан әскерін әкетуге нық қадам жасады. Түрлі қайшылықтарға араласты, қақтығыстарға барған жоқ. Лаңкестікті ауыздықтай алмағанымен, "әл-Каиданың" көсемі Бен Ладенді құрықтады. Санай берсе, біраз іс бар" деп қорытынды жасайды.

"Массачусетс штатының бұрынғы губернаторы, республикашылардың бәйгеге қосқан жүйрігі Митт Ромни туралы мұндайды айта алмайсың. Әзірге оның алға тосары – уәделер, қарсыласына сын айту" деп жазады "Егемен Қазақстан".

Мемлекеттік "Хабар" арнасы АҚШ-тағы сайлау науқаны кезінде де, сайлау нәтижесі шыққан кезде де жаңалық берумен шектелді.

«Қазақстан» телеарнасы үгіт-насихаттың қалай жүріп жатқанын, ол туралы сарапшылар пікірін берді.

АҚШ-тағы сайлауға Қазақстандағы "тәуелсіз" деп аталатын басылымдар да айтарлықтай назар аудармады.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР КІМДІ ҚОЛДАЙДЫ?

"Интерфакс-Казахстан" агенттігі қарашаның 7-сі күні Қазақстандағы АҚШ елшілігі АҚШ президентінің бейресми сайлауын өткізгенін хабарлады. Бұл шара елшіліктегі "Америка бұрышында" және облыстық кітапханаларда ұйымдастырылды.

Ойын сипатында өткен бұл "сайлаудың" нәтижесін Қазақстандағы АҚШ елшісі Кеннет Фэйрфакс жариялап: «Нәтиже бойынша Қазақстанда Барак Обама озып тұр" деді.
Қазақстандағы АҚШ елшісі Кеннет Фэйрфакс. Алматы, 27 қаңтар 2012 жыл.

Қазақстандағы АҚШ елшісі Кеннет Фэйрфакс. Алматы, 27 қаңтар 2012 жыл.


Елшінің айтуынша, "бұл нәтиже - заңды".

Агенттік Фэйрфакстың «АҚШ-тан тыс жерлерде жұрт әдетте қызметтегі президентке дауыс береді, өйткені, оны таниды, түрін біледі» деген сөзін берген.

Кеннет Фэйрфакс айтқан мәліметке қарағанда, "Астанада Обамаға - 114 дауыс, Ромниге 23 дауыс берілген. Қазақстанның басқа аймақтарында да Обама жеңген. "Сайлау" Қостанай, Петропавловск, Карағанды, Усть-Каменогорск, Павлодар қалаларында өтті".

Елші ақтық нәтижені қосымша хабарлайтынын айтқан.

Азаттық та "АҚШ-тағы сайлау" атты парақшасында оқырмандар арасында "сайлау" өткізген еді, Барак Обама 76 пайызбен жеңіп шықты.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG