Accessibility links

Кеннедидің "Кариб дағдарысы" кезіндегі жазбасы


СССР жетекшісі Никита Хрущев (сол жақта) пен АҚШ президенті Джон Кеннеди "Шығыс-Батыс келіссөздерінде". Вена, 3 маусым 1961 жыл.

СССР жетекшісі Никита Хрущев (сол жақта) пен АҚШ президенті Джон Кеннеди "Шығыс-Батыс келіссөздерінде". Вена, 3 маусым 1961 жыл.

Президент Джордж Кеннеди «Кариб дағдарысы» кезінде Кубаға әуе шабуылын ұйымдастырмақшы болған.

Тарихшылар «Әлемге ядролық соғыс қаупі «Кариб дағдарысы» кезіндегідей ешқашан төнген емес» дейді. Расында да соғыс қаупінің күшейгені сонша, АҚШ президенті Джон Кеннеди СССР-дің Куба жеріне орналастырып жатқан әскери нысандарын зымыранмен атқылау туралы мәлімдемесін қағазға жазып, дайындап қойған. Таяуда «Кариб дағдарысына» 50 жыл толуына орай сол құжаттар жарияланды.

«АДАМ БАЛАСЫ КӨРМЕГЕН ЖОЙҚЫН СОҒЫС БОЛАР ЕДІ»

Азаттық тілшісі Ричард Солаш «Бұл жоспар іске асқанда, әлем бұрын-соңды көрмеген сұмдық соғыс болар еді» дейді.

Деректі фильмдер мен тарихи кітаптар 1962 жылы 13 күнге созылған «Кариб дағдарысын» АҚШ пен СССР-ді ядролық соғыстан аман алып қалған күн деп сипаттайды. Бірақ АҚШ президенті Джон Кеннедидің хатқа түсіп, кейін бұқара халыққа жария болған мәлімдемесі екі жақтың да үшінші дүниежүзілік соғысты бастап жіберуге қаншалықты жақын қалғанын көрсетеді.

Джон Кеннедидің СССР-дың ядролық нысандарына АҚШ шабуыл жасаған жағдайда сөйлеймін деп дайындаған сөзі. Құжат 2012 жылы 11 қазанда жарияланды.

Джон Кеннедидің СССР-дың ядролық нысандарына АҚШ шабуыл жасаған жағдайда сөйлеймін деп дайындаған сөзі. Құжат 2012 жылы 11 қазанда жарияланды.

Джон Кеннеди былай деп жазған: «Мен америкалық отандастарым алдындағы үлкен жауапкершілігімді сезіне отырып, әскерге бұйрық бердім. АҚШ әуе күштері қазір Куба жеріндегі ядролық қаруларды жою үшін атом қаруына жатпайтын зымырандармен әскери қимылдар жүргізіп жатыр».

Джон Кеннеди дайындаған бұл мәлімдеме - оның кеңесшісі әрі туған інісі Роберт Кеннедидің архивінде сақталған үш мың парақтан тұратын күнделіктің және басқа да жазба деректердің ішіндегі ең маңызды құжат. Бұл құжатты Джон Кеннеди атындағы президенттік музей өзінің сайтына «Кариб дағдарысының» 50 жылдығына орай жариялады.

Гарвард университетіндегі Белфер ғылыми орталығының директоры және «Кариб дағдарысының» маманы Грэм Аллисон:

- Бұл құжаттарға қарап, АҚШ президенті Кеннедидің Кубадағы зымырандарды әуеден атқылауға бұйрық беруге шақ қалғанын байқаймыз. Егер Кеннеди СССР-дің Кубаға ядролық зымырындарын орнатып қойғанын білгенде, 48 немесе 72 сағат ішінде шабуыл жасау туралы бұйрық беруге мәжбүр болатын еді. Оның соңы ядролық соғысқа ұласар еді, - дейді.

Кеннедидің шабуыл жасау жайлы мәлімдемесі сол күйі жарияланған жоқ. Оның орнына АҚШ президенті Кубаны теңіз флотымен қоршап алуға бұйрық берді. Әлем де сол кезде барып «уһ» деп демін алды. Жақындап келе жатқан СССР кемелері кері шегінді.

Бірақ Кеннеди Кубаны АҚШ әскері қоршауға алған соң да, бұл арал-мемлекеттегі зымырандарды қирату үшін әуе шабуылдарын жасауға бұйрық беруге шақ қалған.

Роберт Кеннеди дәптеріне «Егер біз шабуыл жасағанда, бұл жойқын шабуыл болар еді» деп жазған. Бұл сөйлем АҚШ-тың Куба территориясына басып кірмек болғанын меңзейді. Әуе шабуылы кезінде Кубаға 500-ге жуық бомба тасталады деп жоспарланған.

Алайда Мәскеудің 100-ге тарта ядролық зымырандарын Кубаға қондырып жатқанын Вашингтонда ешкім білмеген. Аралға орнатылған бұл ядролық қарулар АҚШ-тың қарулы күштерін жойып жіберуге және екі елдің арасындағы жанжалды бұрын-соңды болмаған жойқын соғысқа ұластыруға жетерлік еді.

«МЫНА СӨЗДЕРДІ ЖАЗА АЛМАЙМЫН»

Джон Кеннеди атындағы президенттік кітапхананың директоры Томас Путнамның айтуынша, президенттің сөзін жазып отыратын қызметкер ядролық соғыс қаупінен қорқып, өз міндетін дұрыс орындамаған.

- Меніңше, президент сөзін жазып отыратын қызметкердің бірі Тед Соренсен Кеннедидің СССР зымырандарының Кубадан табылғаны жайлы айтқандарын жазбаған. Ол президентке «Мен мына сөзді жаза алмаймын» деген. Себебі «біз Кубаға басып кіруге тиіс емеспіз» деп ойлаған. Тіпті ядролық соғысқа әкеп тірейтін шабуылды сипаттайтын сөздерді де жаза алмай іркіліп қалған болса керек, - дейді.
АҚШ президенті Джон Кеннеди Кариб дағдарысы жайлы мәлімдеме жасап отыр. Нью-Йорк, 23 қазан 1962 жыл.

АҚШ президенті Джон Кеннеди Кариб дағдарысы жайлы мәлімдеме жасап отыр. Нью-Йорк, 23 қазан 1962 жыл.


Шиеленіскен дипломатиялық келіссөздерден соң Мәскеу өзінің қаруларын әкетуге, ал Вашингтон Кубаға шабуыл жасамауға уәде берді.

Мұрағаттағы тағы бір назар аудартатын маңызды құжат - Роберт Кеннедидің қолымен сызылған схема.

Роберт Кеннеди президенттің кеңесшілері мен әскери басшыларды «қоршауды қолдайтындар» мен «шабуылды қолдайтындар» деп екіге бөлген. Олар тарихта «сұңқарлар» мен «көгершіндер» деген атпен белгілі. Дәптерде таңбаланып тұрған жебенің ұшы мен сұрақ белгілері олардың оңтайлы шешім таба алмай қиналғанын білдіреді.

Одан бөлек, құжаттардың ішінде Кубаға СССР ядролық қаруларын әкелуге Никита Хрущевты көндірген Куба басшысы Фидель Кастроны биліктен төңкеру жоспары да бар. Бірақ «Мангуст» деп аталған бұл жоспар жүзеге аспай қалған.

Жазбада АҚШ-тың Түркиядағы зымырандарын алып кетуі жайлы мәліметтер де кездеседі. Бұлардан бөлек, АҚШ орталық барлау агенттігінің құжаттарында 1964 жылы Фидель Кастроға қастандық жасау жоспарының жүзеге аспай қалғаны жазылған.

АҚШ президенті Джон Кеннедидің 1962 жылы қазанның 22-сі күні жасаған Кубаны қоршау туралы мәлімдемесі:


42 НЕМЕСЕ 90 МИЛЛИОН

- Біз үшін бұл құжаттар - тарихтың зерттелмеген тұстары. Бұл деректер Роберт Кеннедидің не ойлағанын білуге мүмкіндік береді. «Кариб дағдарысы» кезінде ол ықпалды тұлғалардың бірі болған. Сондықтан, бұл құжаттар сол кездегі тарихты тануға жәрдем береді, - дейді Джон Кеннеди атындағы президенттік кітапхананың директоры Томас Путнам.

Гарвард университетінің маманы Алисон «Архивтегі бір құжат маған ерекше әсер етті» дейді.
Қойын дәптеріне «42 миллион» және «90 миллион» деген сөздерді жазған. Меніңше, бұл - «СССР-ден бұрын АҚШ шабуыл жасаса, қанша миллион АҚШ азаматы қаза табады?» деген сұраққа берілген жауап.

- Бобби (Роберт Кеннедиді айтады - ред.) азаматтық қорғанысқа қатысты өткізілген жиындардан соң онда не айтылғанын түртіп отырған. Ол ядролық соғыс болса, оның соңы қандай қасірет әкелетіні туралы сөздерді сол жерден естіген. Қойын дәптеріне «42 миллион» және «90 миллион» деген сөздерді жазған. Меніңше, бұл - «СССР-дан бұрын АҚШ шабуыл жасаса, қанша миллион америкалық азамат қаза табар еді?» деген сұраққа берілген жауап. Олай болғанда, 90 миллион АҚШ азаматы құрбан болар еді. Бұл - жантүршігерлік құрбандық. Роберт ол сандардың астын сызып қойған, - дейді ол.

Алисон «Осындай сұмдық оқиғаның алдында таңдау жасап тұрған адам өз әрекетінің кесірін алдын ала елестеткенде қандай сезімде болады екен?» деп таң қалады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG