Accessibility links

Мұсылман әйелдерге арналған киімдер Нью-Йорк тұрғындарының назарын аударды


Дизайнер Нзинга Найт. Нью Иорк, 19 тамыз 2012 жыл.

Дизайнер Нзинга Найт. Нью Иорк, 19 тамыз 2012 жыл.

Нью-Йоркте тұратын сән дизайнері ислам нарығына арналған киім үлгілерінің сериясын ұсынды. Дизайнер әртүрлі дау-дамайға себеп болған мұсылмандар киімін жаңа үлгілермен байытып отыр.

Америкалық дизайнер Нзинга Найт ұсынған классикалық үлгідегі қарапайым көйлектер Нью-Йорк тұрғындарының назарын аударды. Найт сәнді көйлектер тіккенде исламның «киім әйел денесін жауып тұруы тиіс» деген талаптарын сақтауға тырысқан.

«БІЗДІҢ КИІМДЕР ӘЙЕЛ АЖАРЫН АША ТҮСЕДІ»

- Мен әйелдердің өздерін әрі сұлу, әрі тартымды сезінгенін қалаймын. Қыз-келіншектер емін-еркін киінсе деймін. Мен олардың өте нәзік әрі сезімтал болғанын жөн көремін, - дейді Найт.

Оның ашық түсті, жылтыр маталардан тігілген, адам денесін түгел жауып тұратын киім үлгілері қыркүйек айында Нью-Йорктегі сән апталығында көрсетілді. Бет-әлпет, мойын, қол ғана ашық тұратын классикалық көйлектерді киіп шыққан модель қыздар сән шоуында басқа модельдермен қатар жүріп, киім үлгілерін көрсетті.

Найттың ата-анасы жас кезінде Кариб теңізіндегі Тринидад аралынан Нью-Йоркке көшіп келген соң ислам дінін қабылдаған.

- Менің киім тігу стилім Кариб бассейні елдерінің киімдеріне ұқсайды. Нью-Йорк тұрғындарының жаңа әрі космополиттік киімдеріне де жақын келеді, - дейді ол.

Нзинга Найт ұсынған киім үлгілерінің фотогалереясы:



«НЕГІЗГІ КЛИЕНТТЕРІМ - ЗАЙЫРЛЫ ӘЙЕЛДЕР»

Оның әйелдер киімін тігуі дінмен ғана байланысты емес.

- Мен әйелдердің ашық киінгенін ұнатпаймын. Маған мұны ислам талабына сай үйреткен. Мен әйел денесінің көп жерін жауып тұратын киім стильдерін өз фантазияммен дамыттым. Мұндай үлгідегі киімдер әйел ажарын аша түседі. Исламның киім үлгісі туралы қате түсініктің қалыптасу себебі - оларды мұсылман әйелдерге ғана арнап тігеді. Ал менің клиенттерім - дін өкілдері ғана емес, барлық ұлттың өкілдері. Мен тіккен жейделер мен юбкалардың бағасы 365 доллардан басталады. Ал әйелдер көйлегі 1200 доллар мен 3500 доллардың аралығында сатылады. Менің негізгі клиенттерім - Нью-Йорктің зайырлы қоғам мүшелері, - дейді Найт.

Оның алғашқы коллекциясы Дубайдағы және Абу-Дабидегі ірі сауда дүкендерінде сатылған. Бұл киімдерге Пәкістан, Малайзия, Таяу Шығыс пен Оңтүстік-шығыс Азия елдерінің әйелдері көп тапсырыс береді. Найт «кейбір киімдердің бағасы көптеген әйелдер үшін қымбат» дегенді мойындай отырып, «болашақта фирма күшейіп алған соң, арзанырақ киімдер тігеміз» деп үміттенеді.
Америкалық дизайнер Нзинга Найт.

Америкалық дизайнер Нзинга Найт.


- Тіккен киімдеріміздің ислам елдеріне көбірек таралуын оңайлатуды жоспарлап отырмыз, - дейді ол.

Найттың сәнді киімдері оның дамып келе жатқан фирмасының бір қыры ғана. Сәуір айында мұсылман дизайнері Барджис Кохан Британияның «The Guardian» басылымына берген сұхбатында «Ислам стиліндегі киімдерден түсетін пайда - 96 миллиард доллар» деген.

Мұсылмандарға арнап киім тігетін Нью-Йорктегі Underwraps сән агенттігі өнімдерін қыркүйек айында таныстырды.

- Әйел затына деген құрмет қалыптастыратын киім түрлерін ойлап табу - менің парызым. Бұл киімдер бөтен адамның жүрегінде сізге деген құрмет сезімдерін оятады. Әйтпесе ашық-шашық киімнен адамдар сіздің жалаңаш етіңізді ғана көреді, - дейді дизайнер Найт.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG