Accessibility links

Қазақстан президентінің отбасы Н.Назарбаевқа жала жапқандардың сот арқылы жазаланатынын ескертті


Қазанның 27-күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы, парламент мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева әкесінің етжақын туыстары атынан баспасөз құралдары арқылы арнайы мәлімдеме таратты. Онда президенттің және оның отбасы мүшелерінің атына жала жабатын ақпарат авторлары мен оларды таратушыларды сот алдында жауапқа тартып, жазалайтындығы ескертілген. Қазақстандық оппозиция өкілдері болса президент туыстарының бұл мәлімдемесін тәуелсіз басылымдарда осы отбасы мүшелерінің бизнесі жайлы жариялымдар мен АҚШ-та сот тергеуінде қаралып жатқан «Қазақгейт» шатағымен байланыстырып отыр.

Қазан айында президент Н.Назарбаевтың отбасы мүшелерінің тірлігін сынап жазған қазақстандық оппозициялық басылымдарды полицияның тәркілеуі жиіледі. Қазанның 26-күні түнде Алматы баспаханасында басылып шыққан “Свобода слова” газетінің №34-санының 30 мың данасын полиция өкілдері ұстап, алып кеткені мәлім болды. Ал содан 4 күн бұрын Алматы қалалық мамандандырылған әкімшілік соты осы газеттің №33-ші санын толықтай жою туралы шешім шығарған болатын. Сот ол жолы басылымның бетінде газет редакторы Гүлжан Ерғалиева жариялаған мақалада Қазақстанның қазіргі президенті Нүрсұлтан Назарбаевтың ар-намысына тиетін сөздер бар деп тапқан-ды. Ал редакция қызметкерлерінің айтуынша, онда сондай-ақ президент отбасы мүшелерінің іс-тірлігі жайлы мақалалар да басылыпты.

Сот шешімімен жойылып кеткен сол сандағы президент Назарбаевтың қызы Әлияның өз бизнесін қалай жүргізіп жатқаны туралы сыни мақаланы редакция газеттің келесі №34-санына көшіріп басуды ұйғарған екен. Бірақ, қазанның 26-ында түнгі сағат екі шамасында баспаханадан енді ғана басылып шыққан “Свобода слова” газетінің 30-мыңдай данасын полиция сақшылары тағы да тәркіледі дейді газет тілшісі Болат Рысқожа «Азаттық» радиосының тілшісіне берген сұхбатында.

«Газетті баспаханадан басылып шыққаннан кейін әкетіп бара жатқан жолда полиция сақшылары тәркілеп алды. Оның неге тәркіленгені туралы олардың ізімен Алматы қаласы Медеу аудандық ішкі істер басқармасына барған газеттің бас редакторы Гүлжан Ерғалиеваға дұрыс жауап берілмеді. Алайда, таңертеңгі сағат ондар кезінде Г.Ерғалиеваға ішкі істер қызметінен полковник шеніндегі бір өкілі келіп, кешірім сұрап, газетті толығымен қайтарып берді».

Мұндай оқиғаны газет ұжымы соңғы жеті күннің ішінде екінші рет басынан өткеріп отыр. Басылым тілшілерінің айтуынша, алғашқы тәркілеуде оларға полиция Алматы қалалық сайлау комиссиясының арнайы қаулысын негіз ретінде көрсетсе, екінші жолы газеттің не үшін тәркіленгені мүлдем айтылмаған.

«Бірінші рет біздің газеттің №33-саны қазанның 19-күні, тағы да сол баспаханадан басылып шыққан бетте тәркілеп алған болатын. Себебі, Алматы қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Байділдиновтың шығарған арнайы қаулысында “Свобода слова” газетінің сол санында қазіргі президент әрі президенттікке үміткер Н.Назарбаевқа қарсы, заң талаптарын бұзатын сөздер бар делінген. Бір қызығы, әлі саудаға шығарылып, жұртшылыққа таратылып үлгермеген газетке кім цензура жасағаны айтылмайды. Бұл істі қараған әкімшілк сот басылымның №33-санын толық жою туралы, сосын, газеттің бас редакторы Гүлжан Ерғалиеваны соттап, оған отыз үш мың теңге айыппұл салып, газеттің қалған данасын тәркілейміз деген шешім шығарды. Соған байланысты, міне, бір аптадан бері қудаланып жүрміз», - дейді Болат Рысқожа.

“Свобода слова” газетіне қатысты осы оқиға бойынша қандай да бір түсінік беруді сұрап Алматы қаласының Медеу аудандық ішкі істер басқармасына «Азаттық» радиосының қойған сауалына жауап ала алмадық. Мекеме қызметкерлері бұл мәселе бойынша басқарма бастығының орынбасары Қуандық Ақбаевқа сілтеді, ал ол адамның көмекшілері басшыларының жұмысбасты екенін айтумен шектелді. Ал «Свобода слова» газетінің ұжымы бұл оқиғаның себебін өздерінше түсіндіреді.

«Біз ойлаймыз, мұның екі себебі бар. Газеттің бірінші жолы тәркіленген санында бас редактордың айдарында «Кәдуілгі диктатор» (“Обычный диктатор”) деп аталатын мақала жарық көрген болатын. Онда газеттің бас редакторы Г.Ерғалиева шетелдік CNN телеарнасы тілшісінің Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Кондолиза Райспен Астанада өткен кездесуінен кейін қандай сұрақ қойғаны туралы жазылған, мақалада CNN тілшісінің сөздері келтірілген. Сонымен қатар, тәркіленген газет санының бетінде президент Назарбаевтың үшінші қызы Әлия Назарбаеваның өз бизнесін қалай жүргізіп жатқаны туралы мақала басылған болатын. Біздің ойымызша тәркілеулердің негізгі себебі осында жатса керек», -дейді “Свобода слова” газетінің тілшісі Болат Рысқожа.

Қазақстандағы тағы бір тәуелсіз басылым - «Апта kz» газетінің тілшісі Шәріп Құрақбай Қазақстанда президенттік сайлау науқаны басталғаннан бері оппозициялық басылымдарға қысым жиілеп кеткенін айтады.

«Мысалы, кеше «Азат» газетіне сот болды, біздің «Апта kz» газетінің бірнеше мың данасы Қостанайда тәркіленді. Оған негіз ретінде «газетті апталық басылым деп көрсетпедіңдер» деген сыныққа сылтау тапқан», - дейді ол.

Шәріп Құрақбай бұның алдындағы президент сайлауы қарсаңында Қазақстанда жоғары биліктегі адамдарды сын найзасына алған өткір мақалаларымен танылған «Дат» басылымының редакторы болған адам. Алайда, 1998 жылы Қазақстан соты жеке адамның ар-намысына тіл тигізді деген айыппен «Дат» газетіне үлкен көлемде айыпұл салғаннан кейін сол жылы газет жабылып қалған болатын. Сарапшылар оппозициялық газеттің жабылуын 1999 жылы өткен президент сайлауы қарсаңында елдегі биліктің ақпарат кеңістігін өзіне қарсылас басылымдардан тазарту шарасына жатқызған еді. «Енді сол тәсілді сәл басқаша өзгертіп, оппозициялық басылымдардың аузын тағы да жаппақ» дейді талдаушылар.

«Свобода слова» газетінің тәркіленген саны басылым ұжымына қайтып берілгеннен кейін бір күн өтісімен, қазаның 27-күні, Қазақстан президентінің үлкен қызы, “Асар” саяси партиясының жетекшісі әрі парламент мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева әкесінің етжақын туыстары атынан баспасөз құралдары арқылы арнайы мәлімдеме таратты. Онда президенттің және оның отбасы мүшелерінің атына жала жабатын ақпарат авторлары мен оларды таратушыларды сот алдында жауапқа тартып, жазалайтындығы ескертілген.

Қазақстан парламентінің депутаты, президенттік “Отан” партиясының мүшесі, журналист Уәлихан Қалижан бұл мәлімдемені дұрыс жасалып отырған әрекет деп құптап отыр.

«Оппозициялық басылымдарда, мәселен, президент пен Гиффенге қатысты жазылып жатады. Ал ол іс әлі толығымен дәлелденіп, біткен жоқ. Сол себептен бұл мәселе туралы жазылғанның барлығы шындыққа жанаспайды ғой», - дейді депутат У.Қалижан.

Оның пікірінше, Қазақстанда кез-келген басылым немесе телеарна емін-еркін жұмыс істейді, республикада цензура жоқ. Алайда мұндай сөзбен келіспейтін тәуелсіз журналист Ермұрат Бапи, Қазақстанда тек белгілі бір тұлғаларға ғана берілген сөз бостандығы бар деген уәж айтады.

«Қазақстанда бір-ақ адамға арналған сөз бостандығы бар. Ол - Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөз бостандығы және соның режимінің бостандығы. Ал олардан басқа халық үндемесін, сөйлемесін, егер басқа біреу өзінің өзгеше пікірін білдіріп жатса, соның үні басқа халыққа жетпесін деген амалдар жасалады. Мәселен, Жармахан Тұяқбай сияқты “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының серкелері бар шындықты халыққа жеткіземіз деп, тәуелсіз газеттерге шықса, сол басылымдар қазір қудаланып жатыр. Біздегі сөз бостандығының жағдайы осындай», - дейді Е.Бапи.

Әйткенмен де қазақстандық тәуелсіз басылымдар мен олардағы журналистер өз қызметін ары қарай атқара беретіндерін айтып отыр. Алайда, газеттің кезекті саны өз оқырмандарына жетпей тағы да тәркілеуге ұшырай ма деген алаңдаушылық та жоқ емес.

Қазақстандағы саяси науқан – желтоқсан айының 4-інде өткелі отырған президент сайлауы қарсаңында елде тәуелсіз басылымдар мен журналистер қысымға ұшырап отырғанына халықаралық ұйымдар да өз алаңдаушылығын білдіріп отыр. «Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымы Қазақстанда билік иелерінің атына сыни мақалалар жариялаған «Свобода слова» басылымының полиция тарапынан тәркіленіп, кейбір Интернет сайтарының жасанды тосқауылға кезігіп отырғанын хабарлады.
XS
SM
MD
LG