Accessibility links

Никсон мен Брежневтің оңаша әңгімесі жарияланды


СССР басшысы Леонид Брежнев (сол жақта) пен АҚШ президенті Ричард Никсон. Вашингтон, 22 маусым 1973 жыл.

СССР басшысы Леонид Брежнев (сол жақта) пен АҚШ президенті Ричард Никсон. Вашингтон, 22 маусым 1973 жыл.

АҚШ-та Ричард Никсон президент болған кезде жазылған 3700 сағаттық аудиотаспаның қорытынды бөлігі жарияланды. Онда 1973 жылы жазда Никсонның Леонид Брежневпен Ақ үйдегі әңгімесі жазылған.

Америка мен СССР басшыларының қырғи-қабақ соғыс кезіндегі кездесуі өте салқын, ресми үлгіде өткендей көрінуі мүмкін. Бірақ 21-тамызда Ұлттық мұрағат жариялаған құжаттар екі басшының қарым-қатынасы әртүрлі болғанын көрсетеді.

1973 жылдың 18-маусымында, Вашингтон саммитіне бір күн қалғанда Ақ үйде Совет одағының басшысы Леонид Брежнев пен АҚШ президенті Ричард Никсон (орталарында тек аудармашы Виктор Суходрев болған) көзбе-көз кездесіп, әңгімелескен.

«БІЗ ӘЛЕМДІ ӨЗГЕРТЕ АЛАМЫЗ»

Никсонның кезінде Ақ үйде автоматты жазу таспасы орнатылған, ол билік құрған 1969-1974 жылдары 3700 сағат шамасындағы әңгімені қамтитын таспа бар. Соның тек 700 сағаты ғана құпия күйде қалды.

Қырғи-қабақ соғыс кезіндегі екі елдің басшылары 1969 жылы Никсон президент болғанда екінші рет кездесіп, жеке қарым-қатынас орнатуға тырысады. Никсон Брежневке «біздің байланысымыз әлемді өзгертуі мүмкін» дегенді айтады. «Серіктес болуы ықтимал екі ел үшін Брежнев екеуіміздің қарым-қатынасымыз өте маңызды. Бірге жұмыс істеуді ұйғарсақ, әлемді өзгерте аламыз. Келіссөзді бастар алдында осындай ойдамын».

Леонид Брежнев (сол жақта) пен Ричард Никсон Ақ үйдегі кездесуде. Вашингтон, 1973 жыл.

Леонид Брежнев (сол жақта) пен Ричард Никсон Ақ үйдегі кездесуде. Вашингтон, 1973 жыл.

Брежнев те сондай ұстанымда екенін білдіреді.

– Мен де соны айтқым келген еді. Тіпті үлкен саясатта да мемлекет басшыларының қарым-қатынасы ресми рөл атқармай, кейде өте маңызды сатыға көтеріледі. Жеке қарым-қатынас, ортақ сенім мен сыйластық, нақтылық әртүрлі мәселелерді сәтті шешуге көмектеседі, – дейді Брежнев.

Бұдан кейінгі әңгіменің басым бөлігі өте еркін, жылы сипатта өткен. Брежнев Мәскеуден кеткенде жаңбыр жауып тұрғанын «жақсы ырымға балағанын» айтады. Ол АҚШ президентіне сағатына бір шылым ғана беретін портсигарын көрсетеді.

– Бұл өзіңді қадағалау тәсілі ғой, – дейді Никсон жымиып.

Брежнев әйелін АҚШ-қа әкеле алмағаны үшін кешірім сұрап, оның ауырып қалғанын айтады. «Немерем орта мектепті бітіріп, университет емтиханына дайындалып жатқандықтан, ұлым да келе алмады» дейді ол.

Совет басшысы өз балаларына Никсонның қызы Тришаның «үлкен әсер қалдырғанын» айтады. «Олар кездесудің әр минутын еске алады» дейді Брежнев.

БҮКПЕСІЗ ӘҢГІМЕ

Саммиттің соңғы бөлігі Никсонның Калифорниядағы Сан-Клементе резиденциясында өткен. Онда екі басшы алдағы сапар жайын сөз еткен. «Мен теңіздің шуын естігенде жақсы көремін» дейді Брежнев.

Никсонның Калифорниядағы музейінің президенттік кітапханасының архивариусы Грегори Камминг былай дейді: «Президенттің өз аузынан шыққан сөзді естіген Леонид Брежнев (сол жақта) пен Ричард Никсон Қырымда, СССР, 30 маусым 1974 жыл.

Леонид Брежнев (сол жақта) пен Ричард Никсон Қырымда, СССР, 30 маусым 1974 жыл.

те қызық деп санаймын. Оның Брежнев сияқты адамдармен ойын ашып айтып, әсірелеусіз әңгімелескенін байқаймыз. Зерттеушілер үшін бұл таптырмайтын материал, енді Сопақ кабинетте (АҚШ президентінің жұмыс кабинеті – ауд.) өткен әңгімелерді тыңдауға мүмкіндік бар».

Таспада Никсонның Брежневке «президент ретінде үш жарым жылым қалды, осы уақытта тығыз жұмыс істерміз» деген үміті жазылған. Ол Брежневтің 1975 жылы кезекті кездесуге келгенін қалайтынын білдірген. Брежнев оны 1976 жылы Мәскеуге шақырады. Бірақ ол сапар Никсонға бұйырмады – бұл «Уотергейт дау-дамайының» қара бұлты төніп тұрған кез еді, Брежневпен әңгімелескен соң бір жылдан кейін ол қызметінен бас тартады.

Екеуі соңғы рет Мәскеуде 1974 жылдың маусым-шілде айында кездесіп, ядролық қаруды жер асты сынауды шектеу туралы келісімге қол қояды. Бұл екі ел басшыларының жоғары деңгейде кездескен үш кездесуінің соңғысы еді.

Роб Коалсонның мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG