Accessibility links

Мақта құлдығын «халықаралық баяндамамен» бүркемелеу


Самарқан облысы Пайарық ауданындағы Эшимосок ауылында мақта теріп жүрген оқушы. 14 қазан 2014 жыл.

Самарқан облысы Пайарық ауданындағы Эшимосок ауылында мақта теріп жүрген оқушы. 14 қазан 2014 жыл.

Өзбек билігі «халықаралық бақылаушылар оқушыларға мәжбүрлеп мақта тергізуді растайтын дәлелдер таппады» деп хабарлады. Бірақ Азаттықтың Өзбек қызметіне басқандай шағымдар түсіп жатыр.

Өзбекстанда мақта терімі науқанына жыл сайын мектеп оқушылары мен студенттер ғана емес, мемлекеттік қызметшілер, мұғалімдер мен дәрігерлер де қатысады. Кейде мұның соңы қайғылы оқиғаға ұласып жатады. Азаттықтың Өзбек қызметінің ақпараты бойынша, биылғы мақта терімі науқанында 17 адам зардап шегіп, оның кейбірі қаза тапқан.

Осы аптаның аяғында қайғылы оқиға туралы хабар тарады. Жизақ облысы Зомин ауданындағы коллеждің бірінші курс студенті Бехзод Каххоров темір жол разъезінде мерт болған. Оның досы Азаттық тілшісіне бірінші курс студенттері мақта теруге барғанын айтады. Түскі астан кейін фотоға түспек болып темір жол вагоны үстіне шыққан Бекзодты тоқ ұрып, сол жерде қайтыс болған.

Ал бірер апта бұрын Жизақ облысында 22 жастағы Файзиддин Абдурасулов трактор доңғалағының астына түсіп қалды. Мақта теріп шаршаған жас жігіт егістікте жатып, ұйықтап кеткен. Жапырағы толық түспеген биік қозаның түбінде жатқан жігітті тракторшы байқамай қалған. Қазір зардап шеккен жігіт ауруханада нашар жатыр.

Қазан айының басында Әндіжан облысында мақта терімі кезінде жергілікті компаниялардың бірінің жұмысшысы 19 жастағы Аббосбек Таптиев қайтыс болды. Ресми дерек бойынша, кешке қарай жігіттің жүрек талмасы ұстаған. Ал туыстары Аббосбек Таптиевті «біреулер егістік басында соққыға жыққан» дейді.

Ал өзбек билігі биыл мақта терімі кезінде Өзбекстандағы фермер қожалықтарын аралаған халықаралық бақылаушылар адам еңбегін заңсыз пайдаланудың ешқандай фактісін таппады деп мәлімдеді.

Қазанның 16-сы күні Өзбекстан кәсіподақтар федерациясы сайтында балалар еңбегін қанау мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің республикалық хатшылығына сілтеме жасалған мәлімдеме жарияланды. Мәлімдемеде «Дүниежүзілік банк пен Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) өкілдері елде бала еңбегін пайдалану фактілерін таппады» деп көрсетілген. Мәлімдемеде «Өзбекстандағы ең жас мақта терушінің жасы 19-да» деп көрсетілген. Ташкенттің ресми мәлімдеуінше, «халықаралық бақылаушылар мақта терімі науқанына мектеп оқушыларын жиі пайдаланады деген сөздерді растайтын дәлел таппаған». Бірақ ХЕҰ сайтында Өзбекстанға қатысты мұндай баяндама жарияланбаған.

Журналистік зерттеу жүргізген Азаттықтың Өзбек қызметі (Озодлик радиосы) сайтында өзбек билігінің айтқандарына сәйкес келмейтін ақпараттар жарияланды. Өзбекстанның Самарқан облысынан Азаттыққа сабақ кезінде мақта теріп жүрген жоғары сынып оқушыларының 35 фотосуреті келді. Фотосуреттерде Самарқан облысы Пайарық ауданындағы Эшимосок ауылында мақта теріп жүрген 14-15 жас шамасындағы кәмелетке толмаған балалар бейнеленген.

Ол суреттерді мына жерден көре аласыз:

​Пайарық ауданы Халкобод ауылының тұрғыны Азаттық радиосына берген сұхбатында «орта мектептің жоғары сынып оқушылары сабақтан босатылып, күнде мақта теруге апарылатынын» айтады.

- Хокимдер (елдімекен әкімдіктерінің басшылары) қазанның 18-інде мерекеленетін қала күніне дейін мақта терімі жоспарын орындауды бұйырыпты. Қазанның 14-інен бастап жоғары сынып оқушыларын сабақтан босатып, бәрін мақта теруге жіберді. Менің ұлым 9-сыныпта оқиды. Мақта теруге егістікке таң бозынан кетіп жүргеніне үш күн болды. «Барма» десем, мұғалімдер ұрсады деп қорқады, - дейді қауіпсіздігін ойлап аты-жөнін атамаған Халкобод ауылы тұрғыны.

Осы мектептің аты-жөнін атаудан қорыққан 15 жастағы оқушысы Азаттыққа бірнеше күннен бері мақта теруге барып жүргенін айтады.

- Егістік басынан қазір ғана келдім. 20 килограмм мақта тердім. Мектепте сабақ өтпейді, бәрі мақта терімінде жүр. Әуелі 8-9 сыныптар теріп жүрген, ал бүгін 6-7 сынып оқушыларын да апарды, - дейді оқушы.

Қыркүйектің басында Өзбекстанда мақта терімі басталады. Терім науқанына мектеп оқушылары мен студенттер ғана емес, бюджеттік мекеме қызметкерлерін де тартады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары кәмелетке толмаған балаларды мақта теруге салғаны үшін Ташкентті талай сынаған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG