Accessibility links

Өзбек билігі «бұзық» труппаны жапты


«Миллион» әзіл-сықақ клубы сахнада тұр.
«Миллион» әзіл-сықақ клубы сахнада тұр.

Өзбекстанда «Миллион» әзіл-сықақ клубы өте танымал бола бастаған еді. Қойылымдары аншлагпен өтетін. Бірақ билік бұл труппаның бұдан арғы жұмысына тыйым салды.

Ташкенттегі «Миллион» комедия труппасы екі жыл бұрын құрылған. Қойылымдары халыққа, әсіресе жастарға ұнайтын. Бірақ билік «дәстүрге келмейтін әзілдері мен сексуалдық астары бар қалжыңдары бар» деп, клубты жауып тастады.

«ӘЗІЛДЕРІ АНАЙЫ»
Өзбекстанда ойын-сауықты да мемлекет бақылайды. Ол жұмысты атқару үшін «Өзбекнаво» деген агенттік те құрылған. Осы мекеменің аты-жөнін айтқысы келмеген өкілі Азаттықтың Өзбек қызметіне «Миллионның» лицензиясы күшін жойғанын» растады.
Труппаның жабылу себептері қыркүйектің 15-і күні ресми түрде хабарланды. Билік мәлімдемесінде «Труппаның сексуалдық сипаттағы әзілдері этникалық стандарттарды бұзды, бұған дейін ондай әзілдерін тоқтату туралы ескерту жасалған, оны елемеді» деп жазылған.

Әзіл-сықақ клубын жастары жиырманың ішіндегі жеті жігіт пен бір қыз құрған. Труппа жабылар алдында «Өзбекнаво» шенеунігі Одил Абдуқаһаров «олардың анайы әзілдеріне шағым көп түсіп жатыр» деп мәлімдеген. Оның айтуынша, «Өзбекнаво» «Миллионның» лицензиясын тамыз айының соңында жойған.

Әлеуметтік желілер мен кейбір сайттардан «Миллион» әзілдерінің видеоларын көруге болады. «Археологиялық жаңалық» аталатын көріністе 22-ғасырда өмір сүріп жатқан екі археолог 21-ғасырда Өзбекстанда тұрған адамның қаңқасын тауып алады.

- Бұл адам жалғыз тұрыпты. - Оны қайдан білдің? - Алақанына қарашы, қажалып қалыпты.

«Миллион» қоғамда жария айтылмайтын некеден тыс бала туу сияқты тақырыптарды да қозғайтын:

"Миллион" қойылымы.
"Миллион" қойылымы.

- Кино туралы бәрін білесіз. Көшеде заңсыз әзірленген дискілерді қалай атайды?

- Пираттық дискілер.

- Үйленгеннен бері қанша балаңыз бар?

- Үшеу.

- Қалған балаларыңыз «пираттық балалар» ма?

«Миллионның» ер мен әйел қарым-қатынастары туралы әзілі:

«Шахло екеуіміз бір балабақшаға бардық. Екі қабатты төсекте ұйықтадық. Ол үстіңгі, мен астыңғы төсекте жаттым. Жоғарғы қабатқа өрмелеп шығуды үйреніп, Шахлоның жанына барып алатын болдым. Қазір екеуіміз де өстік, бір ғимаратта тұрамыз. Мен бірінші, ол екінші қабатта тұрады. Әлі күнге дейін «балабақша» ойынын ойнаймыз».

Жезөкшелерге қатысты қалжыңдары да бар:

«Чилонзор (Ташкенттегі жезөкшелер тұратын көше) қиылысындағы «қыздар» үйден ата-анасының рұқсатынсыз шығып кеткен».

Клуб фаллос туралы да ашық әзілдейтін:

«Әй, бауырым, «анауыңа» таңғалма?»

... БҰЛАРЫ БИЛІККЕ ЖАҚПАДЫ

«Hurriayt» газеті труппаның туындыларын «анайы» деп сипаттайды. Басылымның жазуынша, «бұл труппаның қойылымдарын барлық адамдар көреді, сондықтан олардың мазмұны да соған лайық болу керек».

​«Миллион» тобын халық назарын жаулап алды деуге әбден болады. Олардың роликтері көп сатылады, жастар тіпті бұл топтың киіну және шаш үлгісіне еліктейді.

Ташкент көшелерінің бірі (Көрнекі сурет)
Ташкент көшелерінің бірі (Көрнекі сурет)

Азаттықпен сөйлескен «Өзбекнаво» өкілі «Миллионның» бас продюсері Миржалол Қосимовтың «әдепсіз» қалжыңдары үшін ресми түрде кешірім сұрағанын айтады. Труппаның жетекшісі Даврон Қобулов «Миллионның» лицензиясы неге жойылды?» деген сауалға жауап беруден бас тартты.

«Өзбекнаво» соңғы уақытта белсенді түрде жұмыс істей бастаған. Маусым айында бұл агенттік жаңа ережелер енгізді. Енді жаңа ән немесе альбом жазу үшін әртістер «Өзбекнавоның» рұқсатын алуы тиіс. Мұны мекеме өкілдері «мағынасыз әндерден құтылу үшін жасап отырмыз» деп түсіндіреді.

Өзбекстан әртістері кәсіби орындаушы ретінде лицензия алуы тиіс. Өзбекстан заңдары бойынша, лицензиясы жоқ әртістер концерттерге қатыса алмайды, радио-теледидардан да олардың әні берілмейді және үйлену тойы сияқты қоғамдық орындарда өнер көрсете алмайды.

(Шухрат Бабажанов пен Фарангис Наджибулланың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG