Accessibility links

Қытайда жасалған өзбек тақиясы мен пышағы


Өзбектің ұлттық бас киімі – ала тақия киіп отырған ер адам. (Көрнекі сурет.)
Өзбектің ұлттық бас киімі – ала тақия киіп отырған ер адам. (Көрнекі сурет.)

Өзбекстандағы Чуст қаласында дәстүрлі пышақ соғып, тақия тігетін шеберлер өз ата кәсібі Қытайдан әкелінетін жасанды өнімдерден зиян шегіп отырғанына шағымданады.

Орталық Азия елдері тұрғындары үшін Қытаймен сауда-саттықтың артықшылығы көп, аймақта көрші елдің қаржысына жұмыс істеп жатқан ірі және шағын жобалар да аз емес. Бірақ Өзбекстанның шығысындағы Наманған облысының Чуст қаласында әйгілі чуст пышағы мен ұлттық ою-өрнегі бар тақия жасап сататын жергілікті кәсіпкерлер Қытаймен сауда-экономикалық қатынастар өздері үшін қиын тиіп отырғанын айтады. Олар ата-бабадан жалғасып келе жатқан дәстүрлі өнімдерінің нарықтағы орнын Қытайда жасалған арзанқол көшірмелер басып алғанын уайымайды.

«Екі жыл бұрын біз кәдесый ретінде жарты миллион чуст пышақтарын сатқан едік» дейді Чуст қаласындағы пышақ жасайтын шебер Ағжамжон Ұста Азаттықтың Өзбек қызметіне.

– Канаданың Монреалы мен Түркияның Измир қаласында чуст пышақтары шебер жасалғаны үшін марапатталған еді. Қазір біздің базарда Қытайда жасалған арзан чуст пышақтары мен тақиялары толып тұр, - дейді ол.

Өзбек тақиясын сатып тұрған әйелдің ұсынғанын көріп тұрған жігіт. (Көрнекі сурет.)
Өзбек тақиясын сатып тұрған әйелдің ұсынғанын көріп тұрған жігіт. (Көрнекі сурет.)

Ұста мен басқа да Чуст шеберлері мен саудагерлері ұзақ уақыт дайындауды талап ететін өнімдері ертеден келе жатқан «ата-бабалар салтымен жасалатын» дейді. Бірақ енді соның бәрі Қытайда жасалған арзан әрі жасанды өнімнің көлеңкесінде қалып отырғанын айтып қынжылады.

Наманған қаласында тұратын блогер Аббас Асад жақында өз блогына жариялаған тақиялар туралы «өзбектер тақияны ғасырлар бойы киген, ол туристер үшін де негізгі кәдесый саналады» деп жазды. Оның сөзінше, дәстүрге сай жасалған тақияны қолмен тігіп шығуға кем дегенде үш күн кетеді, ал кейде құрылымына байланысты бір апта еңбекті қажет етуі мүмкін.

Асад қолдан тігілген тақияның бағасы 50 мың - 70 мың өзбек сомы (шамамен 8-11 доллар) арасында тұратынын жазады. Бірақ мұндай тақияның Қытайда жасалған көшірмелерінің данасы 3 мың сомға сатылады. Блогер жергілікті өнімдерді қорғауға арналған кедендік реттеулер қолдан жасалатын пышақ пен тақияға келгенде жарамсыз боп қалғанын айтады.

Ұстаның сөзінше, бағалы пышақтар мен тақиялар бұрын Ташкент, Бұқара, Самарқанның кәдесый дүкендерінде сатылатын, ал қазір Самарқаннан сол бағалы заттардың арзан көшірмесін ғана табасыз.

Өзбекстандағы қолөнер туындылары мұражайына қойылған тақиялар. (Көрнекі сурет.)
Өзбекстандағы қолөнер туындылары мұражайына қойылған тақиялар. (Көрнекі сурет.)

Оның сөзіне сенсек, самарқандық бір кәсіпкер пышақ пен тақиялардың көшірмесін жасау арқылы саудасын дөңгелетіп, табысқа кенелмек болған. Сол кәсіпкер Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданынан көшірме жасаушыларды тапқан. Ұстаның айтуынша, әлгі кәсіпкер чуст пышақтары мен тақияларын Шыңжаңдағы зауытқа апарып көрсеткен, олар әлдеқайда төмен бағада көшірмесін жасап беруге келіскен.

Чуст шеберлері мен кәсіпкерлері Өзбекстанда сатылып жатқан Қытайдың арзанқол өнімдерімен күресуге дәрменсіз екендерін айтады.

«Егер біздің кеден саясатымыз өзгермесе, жақында Чуст тақияларының түпнұсқа дизайнын тек музейлерден ғана көретін боламыз» деп жазады наманғандық блогер Аббас Асад.

(Мақала ағылшын тілінен аударылды.)

XS
SM
MD
LG