Accessibility links

Өзбекстан дебат жайлы оқулықты «қатерлі» деп таныды


Өзбекстанда шыққан «Дебат жөніндегі нұсқаулық» кітабының мұқабасы.

Өзбекстанда шыққан «Дебат жөніндегі нұсқаулық» кітабының мұқабасы.

Өзбекстанның арнайы қызметі БҰҰ қолдауымен шыққан «Дебат жөніндегі нұсқаулық» оқулығын «жастарға зиянды» деп танып, авторларына қылмыстық баптармен айып тақты.

«Озодлик» (Азаттықтың Өзбек қызметі) радиосының анықтауынша, Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметінің (ҰҚҚ) кейбір «мамандары» «Дебат бойынша нұсқаулық» кітабы жарық көргеннен үш жыл өткен соң одан «қазіргі режимді құлатуға деген ниет» белгілерін тауыпты.

«ЖАСТАРҒА ЗИЯНДЫ» КІТАП

Өзбек билігіне бағынышты Азаматтық қоғам қалыптастыру мониторингі орталығының қорытындысына сай «Дебат бойынша нұсқаулық» оқу құралы «жастарға зиянды» деп танылды.

Қазіргі кезде Өзбекстан бас прокуратурасы ҰҚҚ-мен бірге осы елдің қылмыстық кодексінің 159-бабы (Конституциялық құрылымға қатер төндіру), 155-бабы (Терроризм) және 244-бабы (Қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпке қатерлі материалдарды дайындау және тарату) бойынша республика аумағында әлгі кітапты әзірлеуге және таратуға қатысты қылмыстық іс қозғады.

«Озодлик» тілшісімен сөйлескен прокуратура өкілі «құпия тергеу» ісіне байланысты әзірше ешқандай ақпарат бере алмайтындарын айтты. Аты-жөнін жасырған басқа қызметкердің айтуынша, «Дебат бойынша нұсқаулық» оқу құралы Өзбекстанның мектептері мен басқа да оқу орындарынан қайтарылып алынып, өртелген.

«Дебат жөніндегі нұсқаулық» кітабының Өзбекстандағы жағдайы Ресейдегі Сорос қоры кітаптарын өртеу оқиғасымен ұқсас.

«Дебат жөніндегі нұсқаулық» кітабының Өзбекстандағы жағдайы Ресейдегі Сорос қоры кітаптарын өртеу оқиғасымен ұқсас.

Оқулық авторлары Элени Дурас пен Дильфуза Құралованы бас прокуратура мен ҰҚҚ үнемі тергеуге шақырады. Азаттық тілшісімен сөйлескен олар аталған іс бойынша түсінік бере алмайтындарын айтты.

Мақала жазу кезінде тілші БҰҰ өкілдігіне де хабарласты. Оқу құралы БҰҰ өкілдігі қолдауымен шыққан. Бірақ әзірге олардан жауап келмеді.

АҚИҚАТҚА ЖЕТУ ЖОЛДАРЫ

Элени Дурас Өзбекстанда шешендік өнер бойынша жоғары білікті маман саналады. Ол Ташкенттегі әлем экономикасы және дипломатия университетінде шешендік өнер және дебат курстарын өткізеді.

«Кележак овози» («Болашақ үні») атты жастар орталығы жанынан құрылған «Дилемма» дебаттар клубында оның осы оқулығы бойынша дебат сабақтары өткен. Элени Дурастың өзі де бұл дәрістерге қатысқан. Бірақ Азаттық тілшісімен сөйлескен орталық белсенділерінің бірі «Дилемма» клубы әрекетін тоқтатты деп хабарлады.

- Қазіргі кезде «Дилемма» дебаттары тоқтатылды. Қазір ешқандай дебат өткізбейміз, - деді «Келажак овози» жастар орталығы белсендісі.

Ташкенттегі дебаттар мектебі негізін «Ашық қоғам» институты қалаған, ұйым Өзбекстанда 1996-2004 жылдары жұмыс істеген.

Кезінде «Ашық қоғам» институтының (Сорос қоры деген атпен кеңінен танымал) Ташкенттегі бөлімінің атқарушы директоры болған, қазір Лондонда тұратын Әлішер Ильхамов дебаттар мектебін жою арқылы Өзбекстан үкіметі елдегі демократияны дамытуға да кедергі жасайды дейді.

- Кітап жастарды тәрбиелеуге, білім беруге арналған. Яғни, олардың өз көзқарастарын қалыптастыруына көмек. Кітапта саяси жағдайға баға беруді үйретпейді. Онда Өзбекстан туралы мүлде айтылмайды. Адамның көзқарасын дамыту, оны көп алдында ұсыну, басқа көзқарастағы адамдармен дұрыс пікірталасқа түсу әдістері баяндалған. Мұның бәрі - демократиялық мемлекеттер немесе демократияға бет алған мемлекеттер үшін қалыпты тәжірибе. Адам пікірін айтады, біреумен сөз таластырады. Ақиқат пікірталаспен айқындалады. Егер пікірталас тумаса, үйде не кабинетте отырып шындықты ешқашан анықтай алмайсыз. Демек, үкіметті шындық қызықтырмайды. Оларда қандай да бір бағыты қалыптасқан, бір дүниені талқылайтындарды ұнатпайды. Керісінше, басшылық көзқарасына қайшы кез келген позицияны шауып, жазалау шарасын жүргізеді, - дейді Әлішер Ильхамов.

Өзбекстанда енді жастар дебаттарын «Камолот» орталығы өткізеді.

Өзбекстанда енді жастар дебаттарын «Камолот» орталығы өткізеді.

Қазір Өзбекстанда жастар дебатын «Камолот» жастар қозғалысы өткізеді, ол президент Ислам Каримов бастамасымен құрылған. Кейінгі уақытта жастар қозғалысы «Шетел гранттары – жастарға құрылған тұзақ», «Әлеуметтік желілер – қоғам қауіпсіздігіне қатер» және тағы басқа тақырыптарда дебаттар өткізді.

Өзбекстанда кітап авторларын қудалау оқиғасы алғаш кездесіп отырған жоқ. 2009 жылы азаматтық белсенді Максим Попов ЮНИСЕФ халықаралық ұйымы қолдауымен «Қазіргі ВИЧ және СПИД» атты оқу құралы үшін 7 жылға сотталған. Өзбек билігі жыныстық қатынас кезінде презерватив қолдану және наша тұтыну кезінде стерильді шприцтер қолдануға шақыратын кітап теріс насихат жүргізеді деп есептейді.

Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласы орыс тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG