Accessibility links

Гүлнараның "өлгенін" ұлы жоққа шығарды


Өзбекстанның бірінші президентінің үлкен қызы Гүлнара Каримова. (Көрнекі сурет).

Өзбекстанның бірінші президентінің үлкен қызы Гүлнара Каримова. (Көрнекі сурет).

Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнараның тірі екенін Лондондағы ұлы хабарлады. Ресми орындар үйқамақтағы Каримованың жағдайы туралы ештеңе айтпайды.

Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнара Каримованың "қаза тапқаны" туралы ақпаратты оның ұлы Ислам Каримов (нағашы атасымен аттас) жоққа шығарды. BBC-дің Өзбек қызметіне сұхбат берген 23 жастағы Ислам Каримов шешесінің 2014 жылдың ақпан айынан бастап үйқамақта отырғанын, үйқамақтан босаған қарындасының Өзбекстаннан шыға алмайтынын, өзінің Лондонда тұрып жатқанын айтты.

ГҮЛНАРА КАРИМОВАНЫҢ ӨТІРІК ӨЛІМІ

Facebook әлеуметтік желісіндегі "Каримовтың балалары" атты бетте Гүлнара Каримованың ұлы Ислам Каримовтың хаты жарияланды. Ислам Каримов бұл хатты өзі жазғанын BBC-ге берген сұхбатында растаған. Оның айтуынша, Facebook-тегі "Каримовтың балалары" атты беттің әкімшілігі Гулнара Каримованың өліміне қатысты тараған ақпаратқа түсініктеме сұраған. Кіші Ислам Каримов хат мәтіні аздап өзгеріп кеткенімен, жалпы мағынасы сақталғанын айтады. Бұл хатта Ислам Каримовтың жиені нағашы атасының жерлеуіне неге қатыспағанын да түсіндіреді.

Ислам Каримов (ортада) пен оның кіші қызы Лола Каримова-Телляева (оң жақта), жұбайы Татьяна, үлкен қызы Гулнара Каримова (сол жақта), жиені Ислам Каримов.

Ислам Каримов (ортада) пен оның кіші қызы Лола Каримова-Телляева (оң жақта), жұбайы Татьяна, үлкен қызы Гулнара Каримова (сол жақта), жиені Ислам Каримов.

"Атаммен қоштасуға маған және туғандарыма мүмкіндік берілмеді. Барғым-ақ келген. Атам қайтыс болған күні көңілім түсіп, мүлдем сөйлегім келмеді... Қоңырау соққанымда шешем бірден жауап бермеді. Лондондағы Өзбекстан елшілігіне хабарласқым келген еді, қарындасым телефон соғып, тарап жатқан ақпараттың өсек екенін айтты" деп жазады кіші Ислам Каримов.

ГҮЛНАРАНЫ КІМ "ӨЛТІРДІ"?

Қарашаның 22-сі күні "Центр-1" сайты Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметіндегі дереккөзіне сүйеніп, 44 жастағы Гүлнара Каримованың "қарашаның 5-і күні уланып өлгенін" хабарлаған. "Центр-1" сайтына қауіпсіздік қызметіндегі дереккөз "сол күні түнде ол [Гүлнара Каримова] Ташкенттегі "Минор" зиратына жерленіп, зираты (топырағы томпайып тұрмас үшін) жаймаланып тасталғанын" хабарлаған. Дереккөз "Каримованы жерлеуге өзі қатысқанын, сайтқа сұхбат беру себебін Гүлнараның қорғансыз қалған ұлы мен қызының тағдырына алаңдағанымен" түсіндірген.

Осы мақаладан кейін ресейлік бірнеше басылым "Гүлнара Каримованың өлімі" туралы ақпарат жариялады.

Кейін ресейлік "РИА Новости" мен "Интерфакс" ақпарат агенттері Гүлнара Каримованың өлімі туралы "деректі" терістеді. Ислам Каримовтың үлкен қызының тірі екенін "Интерфаксқа" айтқан дереккөз өзге басылымдарға сұхбат беруден бас тартты.

Гүлнара Каримова өлімі туралы ақпарат әлеуметтік желіде өте көп талқыланған тақырыпқа айналды.

"Гүлнара Каримованың өлгені туралы фото айғақ" алған адамның бірі "Фергана" ақпарат агенттігінің бас редакторы Даниил Кислов қолына түскен фотолардың жалған екенін, тапсырыспен жасалғанын Facebook парақшасына жазды.

"Сайт [Центр-1] сүйенетін "дереккөз" маған бұрыннан таныс. Twitter-де онымен жеке өзім хат жазысып, одан өзбек президенті қызының өлімі туралы біртүрі "дәлелдер" алғанмын. Менен бірнеше күн бұрын бұл "дәлелдерді" журналист достарым да алыпты. Осы жағдайларға қарағанда әлдекімдер өз мақсаттарына баспасөзді пайдаланғысы келген сияқты. Қысқасын айтқанда, үлкен қыздың өлімі жайлы ақпаратты біз арқылы таратпақ болған" дейді әлеуметтік желіде Даниил Кислов.

"ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ӨЗБЕКСТАНҒА ҚАУІПТІ"

Норвегиядағы Хельсинки комитетінің Орталық Азия бойынша жетекшісі Ивар Даленің пікірінше, жалған ақпарат Өзбекстанға қауіпті. Азаттықтың Өзбек қызметіне сұхбат берген Ивар Дале шын ақпаратқа қол жеткізе алмай отырған көптеген өзбекстандықтардың өсекке сенетінін айтады.

– Өзбекстанда билікке тәуелді ресми басылымдар шынайы ақпарат таратпайды. Бейресми басылымдар шынайы ақпарат тарата алмайды. Үнемі интернетте отыратын немесе журналисттер шынайы ақпаратты алатын жерді білетін шығар. Ал Ташкент, Самарқанд, Бұхарада базарда жұмыс істейтін қарапайым азаматтар шынайы ақпаратты қайдан алады? Ақпарат алу мүмкіндігі жоқ болғандықтар олар Гүлнара Каримованың өлімі секілді жалған сөздерге сенеді, – дейді Ивар Дале.

Қыркүйектің 2-сі күні Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримов миына қан құйылып, 78 жасында қайтыс болды. Оның Самарқандағы жерлеу рәсіміне отбасы мүшелерінен жұбайы Татьяна Каримова мен кенже қызы Лола Каримова-Тилляева қатысқан. Үлкен қызы Гүлнара Каримова әкесінің жерлеуінде көрінбеген.

Гүлнара Каримованың қазіргі жағдайы туралы нақты ақпарат жоқ.Ол көпшілік алдына 2013 жылдан бері шыққан емес. Оның қайда тұратыны туралы сыбыс көп. Кейбір дерек бойынша, Гүлнара Каримова психиатриялық клиникада жатыр. Оны "Өзбекстаннан тыс жерде жүр" деген сөз де бар. Тағы бір ақпаратқа қарағанда, Каримовтың үлкен қызы Ташкентте үй қамақта отыр.

Гүлнара Каримованың есімі АҚШ пен Еуропаның бірнеше елдерінде тексеріліп жатқан қылмыстық істе аталады. Каримова халықаралық ірі телекоммуникация компаниясы TeliaSonera мен ресейлік VimpelCom және МТС-ті Өзбекстан нарығына кіргізу үшін жүздеген миллион доллар пара алды деген күддікке алынып, оның Еуропа банктеріндегі есеп шотты бұғатталған. Өзбекстан билігі АҚШ-тың әділет министрлігіне жазған хатында "мемлекет өте үлкен коррупциялық жобаның құрбаны болғанын және банкте бұғатталған ақшаны кері қайтаруды" талап еткен.

Қазан айында Нью-Йорк қаласының соты АҚШ пен Өзбекстан адвокаттарына Еуропа банктерінде бұғатталған «Гүлнара Каримованың ақшасы» деп сипатталатын 850 миллион доллардың тағдырын сотқа жеткізбей шешуге тағы да үш ай уақыт бөлген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG