Accessibility links

Самарқанда Рахимов көшесінің атауын өзгертті


Генерал Сабыр Рахимов (сол жақ шетте) офицерлерге кеңес беріп тұр. Польша, 1 қараша 1944 жыл.

Генерал Сабыр Рахимов (сол жақ шетте) офицерлерге кеңес беріп тұр. Польша, 1 қараша 1944 жыл.

Өзбекстан басшылығы генерал Сабыр Рахимовтың атын бұл елдің тарихынан өшіруге тырысып жатыр. Жақында Самарқандағы Рахимов көшесінің атауы өзгертілді.

12news.uz интернет басылымының хабарлауына қарағанда, Самарқан қаласындағы Совет Одағының батыры, генерал Сабыр Рахимов атындағы көшенің аты өзгерген. Көше енді Умаркул Усманов атында болады. Жергілікті халық Усмановты прокуратура қызметкері ретінде таниды. Бұдан бұрын өзбек билігі Ташкент метросындағы генерал Сабыр Рахимовтың есімі берілген станция мен аудан атын өзгерткен еді.

ГЕНЕРАЛ ОРНЫН ПРОКУРОР БАСТЫ

12news.uz интернет басылымының жазуына қарағанда, Самарқандағы Сабыр Рахимов көшесін Умаркул Усманов көшесі етіп өзгерту туралы шешімді халық депутаттарының қалалық кеңесі шығарған.

Құжаттың кіріспе бөлімінде «Девори кундаланг» махалласы тұрғындарының жиналысында айтылған ұсынысты және жекелеген азаматтардың өтініштерін, сондай-ақ облыстық әкімдіктің топонимикалық комиссиясы отырысы хаттамасын негізге ала отырып осындай шешім қабылданды» деп жазылған.

Белгілі блогер Ташпулат Рахматуллаевтың айтуынша, Умаркул Усмановты Самарқан тұрғындары прокуратураның бұрынғы қызметкері ретінде таниды.

Қазақстанда шығатын көптеген ақпарат құралдарының деректеріне қарағанда, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, Совет Одағының батыры атағын иелеген генерал Сабыр Рахимовтың ұлты - қазақ. Оның атын советтік Өзбекстанда дәріптелген. Ленин, «Қызыл ту», 2-дәрежелі Суворов, 2-дәрежелі Кутузов, «Қызыл жұлдыз» ордендерімен және медальдармен марапатталған Сабыр Рахимов 1945 жылғы наурызда майдан даласында қаза тапқан. Аты аңызға айналған генерал Ташкент қаласына жерленген.

ШЕТҚАҚПАЙ КӨРГЕН ЕСІМ

2010 жылы қараша айында Өзбекстан астанасы Ташкент қаласындағы Сабыр Рахимов атындағы метро бекетінің атауы «Алмазар» деп өзгертілген. «Алмазар» өзбек тілінен аударғанда «Алма бағы» деген мағына береді.

Ташкентте бұзылған генерал Сабыр Рахимовтың ескерткішінің бүтін кезіндегі суреті.

Ташкентте бұзылған генерал Сабыр Рахимовтың ескерткішінің бүтін кезіндегі суреті.

Бір жылдан соң, яғни, 2011 жылы Ташкенттегі Сабыр Рахимов ауданының да аты «Алмазар» ауданы болып бекітілді.

Мұнымен қоса, сол жылы совет генералы Сабыр Рахимовтың Ташкенттегі алып ескерткіші құлатылған.«Ферғана» агенттігінің сол кездегі ақпаратына қарағанда, екі метрлік тұғырда тұрған төрт метрлік ескерткішті бұзуға алты бульдозер жұмылдырылған. Мүсінді тас-талқан етіп қиратқан соң оның қирандыларын «КамАЗ» көліктеріне тиеп, сол күні-ақ аулаққа алып кеткен. Ескерткішті қирату процесін қаптаған милиция мен әкімдік қызметкерлері бақылап тұрған.

Сабыр Рахимовтың есімі берілген бұдан басқа біраз нысанның, соның ішінде Ферғана облысындағы, Ташкент пен Үргеніштегі көшелердің, Ұлттық университетке қарайтын академиялық лицейдің, Ташкенттегі мектептердің атауы өзгертілді. Алайда Өзбекстан үкіметі даңқты генерал Сабыр Рахимовтың аты тарих беттерінен неге өшіріліп жатқанын әлі түсіндірген емес.

Көршілес Қазақстанда Сабыр Рахимовқа деген құрмет ерекше. Елдің көп қалаларында оның ескерткіштері қойылған. Генералдың соңғы ескерткіші биылғы мамыр айында Шымкент қаласында тұрғызылды.

Өзбекстан билігі біраздан бері Совет Одағының идеологиялық атауларын иемденіп келген географиялық нысандарды: көшелер, аудандар мен қалаларды жаппай жаңаша атап жатыр. Кейбір сарапшылардың айтуынша, Өзбекстан президенті Ислам Каримов жүргізіп отырған антисоветтік саясаттың әсерінен сол заманда өмір сүрген тарихи тұлғалардың барлығы «идеологиялық қуғынға» ұшыраған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG