Accessibility links

Швецияда өзбек имамға қастандық жасаушының соты басталды


Өзбек имамы Обидхон қари Назаров. Көрнекі сурет

Өзбек имамы Обидхон қари Назаров. Көрнекі сурет

Швецияның солтүстігіндегі Остершунд қаласында белгілі өзбек имамы Обидхон қари Назаровқа қастандық жасады деп айыпталған Өзбекстан азаматы Юрий Жуковскийдің соты басталды.

Остершундегі Өзбек қызметі тілшісінің хабарлауынша, Юрий Жуковскийді сот залына артқы есіктен кіргізген.

– Жуковский - орта бойлы, шашын өте қысқа қылып қидырған аққұба жігіт. Оның түр әлпетінен ешқандай эмоция байқалмайды, өзін байыпты ұстап отыр. Құлағына құлаққап киген, қасында адвокаты мен аудармашы әйел бар, - деп хабарлады Азаттықтың Өзбек қызметі репортері.

Соттың құрамында бес судья бар.

Юрий Жуковский соты кезінде қауіпсіздік шаралары ерекше күшейтілген. Полиция қызметкерлері сот залына кірген әр адамды мұқият тексеруден өткізіп жатыр. Соттың ашық режимде өтіп жатқанына қарамастан, ғимаратқа видео және фотоаппарат алып кіруге тыйым салынған.

Остершундтегі басқа сот процестерінің бәрінің уақыты өзгертілген.

- Юрий Жуковский соты халықаралық мәнге ие болғандықтан қауіпсіздік шарасы күшейтілді, - деп хабарлайды Азаттық репортері.

Сот Остершундте жергілікті уақыт бойынша сағат 10-да прокурор Кристер Петерсонның белгілі өзбек имамы Обидхон қари Назаровтың тұлғасы мен қызметі жайлы толық мағлұматты баяндауынан басталды. Оның сөзі Өзбекстандағы дін бостандығы туралы халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар есебіне негізделген.

Өзбекстан азаматы Юрий Жуковский Ресейден Швецияға биылғы тамыздың 25-сінде экстрадицияланған. Швеция прокуроры Кристер Петерсонның мәлімдеуінше, Жуковский ресми Ташкенттің тапсырысын орындаған.

Жуковскийдің шенген визасын алу үшін толтырған құжаты

Жуковскийдің шенген визасын алу үшін толтырған құжаты

Юрий Жуковскийдің өзбек имамына жасалаған қастандыққа қатысы барлығы туралы мәлімет 2012 жылғы осы іске байланысты болған сот процесі кезінде айтылған.

Швед тергеушілері келтірген дәйектер арасында Жуковскийді қонақ үй мен дүкендер қасында түсіріп алған бақылау камераларынан жасалған фотосуреттер бар.

Ол кезде Өзбек қызметінің дерек көздері Юрий Жуковский қастандық жасалған соң Ресей территориясында жасырынып жүргені туралы хабарлаған еді. Кристер Петерсонның айтуынша, Жуковский 2011 жылдың соңында бірнеше рет Латвия елшілігіне Шенген визасын беру туралы өтініш білдірген.

Кейін Азаттыққа ташкенттік футбол клубы «Пахтакордың» бас директоры Рустам Купайсиновтің Латвия елшілігінен Юрий Жуковскийге Швеция территориясына баруы үшін Шенген визасын беру туралы өтінгені белгілі болды. Елшілікке жолдаған хатында Купайсинов Жуковскийді «Пахтакор» футбол клубының әкімшісі болып жұмыс істейді деп көрсеткен.

Швециялық прокурор Крситер Петерсон

Швециялық прокурор Крситер Петерсон

Өзбек имамы Обидхон қари Назаровқа қастандық 2012 жылғы 22 ақпанда Швециядағы Стромсундте жасалған. 57 жастағы Назаров әлі күнге дейін аса ауыр халде ауруханда жатыр.

Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметі діни-ағартушылық дәрістері мен Құранды жатқа оқитын қарилығы арқылы танылған Назаровты «уаххабизм» ағымының жетекшісі деп айыптайды. Имам бұл айыптауды жоққа шығарады.

Белгілі имам Өзбекстандағы режимді батыл сынағандардың бірі болды. Осының кесірінен ол бірнеше жыл бұрын елден кетіп қалса да, өзбек билігі мемлекеттік арналар арқылы Назаровты қаралайтын телехабарларды әлі көрсетіп жатыр.

Өзбек арнайы қызметінен 1997 жылдан бері қысым мен қудалау көріп келе жатқан танымал имамның алты баласы бар. Оның үлкен ұлы Хусниддин Назаровты 2004 жылы 16 мамырда ұрлап кеткен.

Жергілікті қызметтердің қудалауы салдарынан Обидхон қари Назаров 1998 жылы көктемде елден кетуге мәжбүр болған. Ол 2000 жылы жасырын түрде Қазақстанға келіп, онда 2006 жылға дейін құпия өмір сүрген.

2006 жылғы наурызда Қазақстандағы БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссарының басқармасы оны босқын деп танып, оған Швециядан саяси баспана берген еді.

1980-1984 жылдары Обидхон қари Назаров Ташкенттегі жоғары ислам оқулары мектебінде оқыған. 1985-1990 жылдары Назаров «Тиллашайх» мешіті имамының орынбасары, 1990-1996 жылдары «Тухтабой» мешітінде имам-хатиб болып жұмыс істеген. 1992-1998 жылдары Обидхон қари Азаттықтың Өзбек қызметінде діни бағдарлама жүргізіп, тыңдармандарға Құран тәпсірін баяндаған.

XS
SM
MD
LG