Accessibility links

Каримовты сынаған бұрынғы депутат түрмеден босатылды


Өзбекстан президенті Ислам Каримов.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов.

25 жыл бұрын Өзбекстанның Жоғарғы кеңесінде Ислам Каримовты сынап, 2012 жылы "экономикалық қылмысы" үшін сотталған бұрынғы депутат Шухрат Нусратов түрмеден мерзімінен бұрын босатылды.

Өзбекстанның Навои қаласында түрмеде отырған бұрынғы халық депутаты, 25 жыл бұрын Өзбекстан Жоғарғы кеңесінің тарихи 7-сессиясында президент Ислам Каримовты қатаң сынаған Шухрат Нусратов бостандыққа шықты.

Азаттықтың Өзбек редакциясының хабарлауынша, 69 жастағы Шухрат Нусратов сәуірдің 18-і күні түрмеден мерзімінен бұрын босатылған. Нусратов 2012 жылы "экономикалық қылмыс жасады" деген айыппен 7 жылға сотталып, жазасын Навои қаласындағы түрмеде өтеп жатқан болатын.

Нусратов Каримовтың атына қатаң және өткір сын айтып есте қалған еді. Ол 1991 жылы Өзбекстан Жоғарғы кеңесінің 7-сессиясында "Ұлттық қауіпсіздік қызметін құру туралы" заң жобасына қарсы шыққан еді. Ол заң жобасы бойынша арнайы қызмет президентке тікелей бағынуы тиіс болған.

Ол сол жолғы Жоғарғы кеңес сессиясында сөйлегенде "Барлау мен қарсы барлау барлық техникалық жабдықтарымен бірге бір ғана адамның, яғни Каримовтың қолына өтеді. Бұлай етуге болмайды. Бұған мүлдем жол бермеу керек. Егер біз қазір бұған жол берсек, онда біз 1937-1940 жылдардағыдай қуғын-сүргінге ұшыраймыз. Біз тіпті мұның салдарын елестете алмай отырмыз" деген болатын.

Нусратов әсіресе президент Ислам Каримовтың "мінезі адуын" екенін айтып, бұл заң қабылданғаннан кейінгі қауіптерді ескерткен еді. Бұдан көп ұзамай Нусратов сол кездегі Куйбышев аудандық (қазір Мирзо Улугбек ауданы) компартиясының бірінші хатшысы қызметінен түсірілген.

Саясаттан аластатылған бұынғы депутат түрмеге жабылғанға дейін негізінен кәсіпкерлікпен айналысқан. Ол "Carlsberg Uzbekistan" сыра зауытын басқарушылардың бірі болған.

Өзбекстанда бұған дейін, 2015 жылы қараша айында, «төңкеріс жасамақ болды» деп айыпталып, 21 жыл түрмеде отырған саяси тұтқын Мурод Жураев бостандыққа шыққан.

Өзбекстан парламентінің бұрынғы депутаты, Қашқадария облысы Мубарек қаласының бұрынғы мэрі Мурод Жураев 1994 жылы қамауға алынып, 1995 жылы «​мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды»​ деген айыппен 12 жылға сотталған және мүлкі тәркіленген еді. Әріптестері Жураев ісінің «саяси астары бар» деп мәлімдеген. Жураевтың жаза мерзімі аяқталуға таяған кездерде ол «қамау режимін бұзды» деген негізбен төрт мәрте ұзартылған. Саяси тұтқын жазасын Шыршық қаласындағы 64/6 түрмесінде өтеді.

Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымының 2014 жылғы есебіне қарағанда, Өзбекстан түрмелерінде көптеген саяси тұтқындар отыр. Ұйым олардың азапталатынын, түрмедегі тұрмыстық жағдайларының нашар екенін хабарлаған. HRW мәліметтеріне қарағанда, Өзбекстанның адам құқықтары ахуалы бойынша әлем елдері арасындағы репутациясы төмен. Халықаралық құқық қорғау ұйымы өкілдері бұл мемлекеттің түрмелерінде мыңдаған адам сөз бостандығы құқығын пайдаланғаны үшін заңсыз сотталып, қамауда отырғанын айтады.

XS
SM
MD
LG