Accessibility links

Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың сотынан түсірілген әйгілі суреттің тарихы


Солдан оңға қарай: Е.Көпесбаев, Т.Тәшенов, Қ.Рысқұлбеков және К.Күзембаев өздеріне шығарылған сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 16 маусым 1987 жыл. Советтік ҚазТАГ тілшісі Юрий Беккер түсірген сурет.
Солдан оңға қарай: Е.Көпесбаев, Т.Тәшенов, Қ.Рысқұлбеков және К.Күзембаев өздеріне шығарылған сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 16 маусым 1987 жыл. Советтік ҚазТАГ тілшісі Юрий Беккер түсірген сурет.

Сотта қасқайып тұрған Қайрат Рысқұлбеков пен тағы үш жігітке үкім шығарылған кезде сот залынан түсірілген олардың суреті газетте жарияланғаны үшін бірнеше адам Колбиннің кезінде саяси қуғынға ұшырады. Солардың ішінде бұрынғы советтік ҚазТАГ агенттігінің басшысы да бар. Ал сурет авторы бұл тақырыпқа сөз қозғаудан әлі күнге жүрексінеді.


Қайрат Рысқұлбеков пен тағы үш жігітке үкім шығарылған кезде сот залынан түсірілген олардың суретін газетте жарияланғаны үшін бірнеше адам Колбиннің кезінде саяси қуғынға ұшырады. Солардың ішінде бұрынғы советтік ҚазТАГ агенттігінің басшысы да бар. Сурет авторы Юрий Беккер бұл тақырыпта сөз қозғаудан әлі күнге дейін жүрексінеді.

ЖЕЛТОҚСАН ТУРАЛЫ ТЕК ҚАНА ТАСС ТАРАТТЫ

Бұл тақырыпқа біраз уақыттан бері жоламай жүргендігін жасырмаған Жұмағали Исмағұлов – советтік Қазақстан дәуірінде ақпарат таратушы жалғыз агенттік ҚазТАГ-тың бұрынғы директоры – осыдан 22 бұрын түсірілген суреттің тарихын Азаттық радиосына баяндап беруге келісті.

Жұмағали Исмағұлов, ҚазТАГ агенттігінің бұрынғы директоры. Алматы, 10 желтоқсан 2009 жыл.
– Жалғыз сурет үшін ғана жазаландым мен, – деп бастады әңгімесін Исмағұлов. – 1986 жылы 17 желтоқсан күні Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің пленумы болды. Ол кезде мен ҚазТАГ-тың директоры, Жоғары Кеңестің депутаты және Орталық комитетіне кандидатпын. Ұйымдастыру мәселесі қаралған пленумда Қонаевты қызметінен алып, оның орнына Колбин келді. Қазақстанға ақпарат таратушы – маған осындай өзгеріс болатындығын 10 минут қалғанда ғана хабарлады.

Ресми ақпарат телетайп арқылы таралды. Қонаевтың қызметінен алынғандығына наразы студент жастар Алматыдағы Брежнев алаңына көп жинала бастайды.

– Қазақстанда болып жатқан оқиға Мәскеуге екі канал арқылы барады: Орталық комитет және КГБ. Сол күні ТАСС-тың бас директоры маған хабарласты, не болып жатқандығын сұрады. Мен бірқатар студенттердің алаңға жиналғандығын баяндадым. Бас директор бізге жоғарыдан нұсқау түспейінше бұл оқиғалар туралы ешқандай ақпарат бермеуді тапсырды. Ертесіне ғана ТАСС «Сообщение из Алматы» деп аталатын кішкентай ақпарат таратты, - деп еске алады Жұмағали Исмағұлов.

Содан кейінгі уақытта жаңа басшылық желтоқсан оқиғасына қатысқандарды әшкерелеу, оларды көпшілік алдында қаралау, насихаттау жұмыстарымен айналысты. ҚазТАГ осы хабарларды үздіксыз таратумен айналысқан. Олардың барлығын телетайп агенттігі Орталық комитеттің идеология бөліміне тексертіп отырған. ҚазТАГ сот процестерінен де хабарлар таратқан.

ЖОҒАРҒЫ СОТТЫҢ ТАПСЫРМАСЫМЕН...

– Тура жарты жыл уақыт өтті. Сол кезде біз екі сот процесінен хабар бердік. Бірінші сотта кімді айыптағандығы есімде жоқ. Екінші сот процесінде «парақша таратқан» деген айыппен Жансая Сәбитованың ісі қаралды... Бір күні Жоғарғы соттың төрағасы маған хабарласып, үлкен іс сотта қаралғалы жатқандығын айтты. Айыпталушылардың бірі – Қайрат Рысқұлбеков, – деді ҚазТАГ-тың бұрынғы директоры.

Жұмағали Исмағұловтың айтуынша, мұндай маңызды хабарлар ТАСС-қа хабарланады, олар «литерлік» газеттерін, ҚазТАГ жергілікті газеттерін кешке сағат 10-ға дейін ұстап отырған.

– 1987 жылы маусымның 16-күні үшінші сот болып өтті. Кешке сот үкімі шықты. Біз «Расплата за бесчинство» деген атаумен материалды
«Сот үкімін тыңдап тұрған төртеудің суреті «Огни Алатау» және «Жетісу» газеттерінде жарияланды» деп еске алады советтік ҚазТАГ агенттігінің бұрынғы директоры Жұмағали Исмағұлов. Алматы, 10 желтоқсан 2009 жыл.
бекітіп, газеттерге тараттық, – деді Ж.Исмағұлов.

Сот жауапқа тартылғандардан Е.Көпесбаевты 4 жылға, Т.Тәшенов пен К.Күзембаевты – 15 жылға бас бостандығынан айыруға, ал Қайрат Рысқұлбековты ату жазасына кесу туралы үкім шығарды. Бұл ақпарат газеттерде жарияланды.

– Ертесіне ТАСС-тан маған «маңызды оқиға туралы ақпарат үшін алғыс» айтылған жеделхат келіп түсті. Таңертең ұжымда «лездеме» жиын өткізіп, активке кетіп қалған едім. Қайтып келсем мені іздеп жатыр екен. Орталық комитеттің насихаттау бөлімінің баспасөз секторының бастығы Амангелді Ахметәлиев маған телефон соғып: «Жұмеке, мынау облыстық газеттердегі сурет қайдан шықты?» деп сұрады. Қарасам екі газетте сурет басылыпты, – дейді Жұмағали Исмағұлов.

Бұл газеттер Алматы облысына тарайтын «Огни Алатау» және «Жетісу» газеттері екен.

«КЕЛЕҢСІЗ ОҚИҒАЛАР ТУДЫРУЫ МҮМКІН СУРЕТ»

Жұмағали Исмаиловтың айтуынша, әуелі сот процесіне фототілші бармаған, өйткені бұған дейінгі екі процесте суретке түсіруге рұқсат берілмеген. Алайда сол күні ТАСС-тың фотохроника бөлімі хабарласып, мұрағат үшін сурет сұратқан екен. Сот процесіне фотограф Юрий Беккер барады.

– ТАСС-тың тапсырмасын орындағаны үшін Беккерге рахмет айтқаным есімде. Бірақ ол суреттер газеттерге берілген жоқ болатын. Мен
Мәскеудің шешіміне наразылық білдіріп, Алматыдағы Брежнев алаңына шеруге шыққан қазақ жастары. Алматы, желтоқсан, 1986 жыл. Алматыдағы орталық мемлекеттік мұрағаттағы сурет.
оларды ешкімге көрсеткен жоқпын. Сөйтсем, сол күні екі газет шықпай қалыпты. Олар ресми ақпаратты бермегеніміз үшін жазалайды деген қорқынышпен осы суреттерді қоса алып кеткен екен, – деді ҚазТАГ-тың бұрынғы директоры.

Жұмағали Исмағұловтың айтуынша, сот залында түсірілген суреттердің облыстық газеттерде таралу фактісіне байланысты ертесіне – сенбі күні Орталық комитеттің бюросында жиналыс болған.

– Бюрода Орталық комитеттің үгіт-насихат бөлімінің бастығы Устинов баяндама жасады. «Исмағұлов оларды «батыр» ретінде көрсетті» дегенде ғана іс насырға шапқандығын, мен «желтоқсаншыл» атанғанымды сездім, – деп еске алады Жұмағали Исмағұлов.

Оның айтуынша, Қазақстан Орталық комитетінің бірінші хатшысы Геннадий Колбин қатысқан бюро отырысында Жұмағали Исмағұловты партия қатарынан және жұмыстан шығару туралы мәселе көтерілген. Нәтижесінде партия мүшесі Жұмағали Исмағұловқа қатаң сөгіс жариялап, оны ҚазТАГ директоры қызметінен босату туралы шешім шығарылады.

– Бюро мүшелерінің ешқайсысы да мені қолдамады. Қасқайып тұрған Қайраттың және қазақ балаларының суретін көріп қазақтар көтеріліске шығуы мүмкін деп сескенді олар. «Келеңсіз оқиғаларды тудыруы мүмкін сурет» деген қорытынды жасалды, – дейді Жұмағали Исмағұлов.

САЯСИ ҚУДАЛАУЛАР ЖӘНЕ БЕККЕРДІҢ ҚОРҚЫНЫШЫ

Жұмағали Исмағұловпен қатар, сотта түсірілген сурет үшін сол кездегі ҚазТАГ-тың хроника бөлімі бастығының орынбасары Вячеслав Вележанский, «Жетісу» газетінің бас редакторы Мамадияр Жақыпов және әйгілі фотоны түсірген Юрий Беккер жұмыстарынан
Коммунистік билікке талаптарын айтып Алматының орталық алаңына келе жатқан қазақ жастары. Желтоқсан, 1986 жыл. Алматыдағы орталық мемлекеттік мұрағаттағы сурет.
босатылды. Олардың көбі сол уақыттан 1990-шы жылдардың басында ақталғанға дейін өз кәсіптерімен айналыса алмаған.

– Менің ғылым кандидаты деген атағым бар еді, ғылым саласына да мені жіберген жоқ. Екі жыл «Қазақ әдебиеті» газетінде істедім. Ол жерден де шығып қалдым. 1992 жылы Назарбаев менің мәселемді қайта қарап, бұрынғы қаулының күшін бұзып, мені ақтады, – деді Жұмағали Исмағұлов.

Ал Компартия басшыларының үрейін туғызған әлгі фотосуреттердің ауторы Юрий Беккер қазір мемлекеттік «Казахстанская правда» газетінде жұмыс істейді. Бірақ, суретке қатысты оқиғалардан бері 22 жылдан астам уақыт өтсе де, фотограф бұл тақырып төңірегінде айтып беруден үзілді-кесілді бас тартты.

Азаттық тілшісімен телефон арқылы қысқаша әңгімесінде Беккер өзінің ұстанымын былай деп түсіндірді:

– Менің балаларым университетте оқиды. Бұл оқиғалардың зардабын жетерліктей тарттым!
XS
SM
MD
LG