Accessibility links

Тұрғындарының тынышын қашырған Астана тойханаға айналды


Астанадағы Бәйтерек монументі.
Астанадағы Бәйтерек монументі.

Астана қала күнін тойлауға қызу дайындалып жатыр. Ұйымдастырушылар шілденің 1-інен 6-сына дейін Қазақстанның бас қаласында 60-тан аса ауқымды мерекелік шаралар өткізіледі дейді. Қала басшылығы бұл мақсатқа бір миллиард теңгеден аса қаржы жұмсамақ.


БІР МҮШЕЛГЕ – 1 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ

Қазақстан Астанасы биыл мүшел жасқа толып отыр. Қазақ халқының сенімінде мүшел жас әртүрлі ауыртпалықтарға толы. Дегенмен, қала күніне екі апта қалғанда басталған мерекелік шараларға қарап, бүгінгі қазақ үкіметі ешқандай ауыртпалықтан қорықпайтын әсер қалдырады.

Дүйсенбі күні Астанада басталған “ASTANA” экшн-фильмдердің жыл сайынғы халықаралық кинофестивалі - мерекенің басы еді. Бұл кинофестивалі қазақстандық режиссер Тимур Бекмәмбетовтің ұйымдастыруымен өтіп жатыр.

– Төлеген Мұхамеджанов пен Айман Мұсаходжаеваның жеке концерттері өтті. Опера әлемінің жұлдызы Андреа Бочеллиді шақырып отырмыз. Ол Астанада шілденің 5-і күні ашылғалы отырған, елордамыздың сәулеткерлік таңғажайыбы – «Хан Шатыры» кешенінің ашылуына келеді, – дейді мерекені ұйымдастырушы комитеттің өкілі Лаула Асқар.

Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың сөзінше, биыл қала күнін атап өтуге 1 миллиард теңгеден аса қаржы жұмсау көзделіп отыр. Бұл шамамен 7 миллион доллардан асады. Осы қаржыға мерекелік концерттер мен әлеуметтік маңызды нысандар ашу, жолдарды ретке келтіру сынды жұмыстар атқарылады. Жалпы, шілденің 1-6 аралығында Астанада 60-қа жуық мерекелік шара өтеді.

ӘДІЛХАН АҚСАҚАЛ ӘДІЛДІК ІЗДЕЙДІ

Астана үлкен думанды тойлауға қызу дайындалып, миллиондаған қаржы жұмсалып жатқанда, қаланың қарапайым тұрғындары күн көрісінің қиындап кеткендігін айтады. Осыған байланысты тіпті «Елбасы туралы» заңмен «қорғалған» президенттің өзін сотқа берген жандар да бар.

Әділхан Базарбаев – Астанада жер асты өткелінде ән айтып, жұрттың берген тиын-тебеніне алған нан-сумен күнін көріп жүрген оралман-әнші. 2006 жылға дейін Қарақалпақстанда заңгер болып қызмет еткен ол, «тарихи Отанға келіп, қайыршы болғанын» айтады.

– Құқық қызметкерлері маған өткен айдың төртінен бастап шілденің онына дейін көшеде өлең айтуға болмайды деп ескертті. Себебі, Астана күні келе жатыр, шетелден қонақтар келеді, көшелерді тазалау керек дейді олар. Менің жасым 62-де, мені ешкім жұмысқа алмайды. Зейнеткерлік жасқа да әлі біраз бар. Сондықтан мен осылайша күнделікті нан-шайыма нәпақа тауып жүрмін. Ал олар маған ән айтпа дейді, – деді Азаттыққа Әділхан ақсақал.

Ол өзіне өмір сүруге мүмкіндік бермей отырған ішкі істер басқармасының бастығын, қала әкімін және қала күнімен бірге мерейтойы аталып өтетін президент Назарбаевты да сотқа берді.

Алайда ешқандай жауап болмаған cоң, маусымның 29 күні Ақорданың алдында билікке қарсылығын әні арқылы жеткізді. Президенттен өмір сүруге мүмкіндік беруін сұраған плакатын да ала барған.

– Қалай бұл, Назарбаевтың туған күні екен деп мені табысымнан айыра ма? Назарбаевтың туған күні шілденің 6-сында. Оған дейін қанша күн бар? Сол күні айтпа десе, айтпаймын ғой, – дейді әнші.

Қазір Әділхан Базарбаев базар аралап ән айтып жүр. Шілденің 10-ынан кейін қала әкімшілігі әншіге ән айтып күн көруге рұқсат бере ме, жоқ па – әзірге белгісіз.

ТУҒАН КҮН ТАСАСЫНДА

Бұған дейін жыл сайын маусымның 10-ы күні «Астана күні» болып келген еді. Тоғыз жыл қатарынан осы күн қала күні мерекесі ретінде той-думанмен өтетін. Ал 2008 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні қарсаңында Қазақстан парламенті бір айдың ішінде «Мерекелер туралы» заңға өзгерістер енгізіп, Астана күнін шілденің 6-сына оздырды.

Сонымен биыл Астананың мүшел жасымен қоса Қазақстан президентінің 70 жасқа толған мерейтойы қатар келіп отыр. Дегенмен осы жылдың наурыз айында президент өз мерейтойын атамау туралы шенеуніктерге ескерткен-ді. Қазақстанның 2014 жылға дейінгі серпінді индустрия-инновациялық даму бағдарламасының мәселелері бойынша өткен жиында сөз алған Қазақстан президенті әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин өз баяндамасында мерейтой туралы айта бастаған сәтте президент Назарбаев оның сөзін шорт кескен болатын.

– Тоқта. Тұра тұр. Мына мәтiндi қайдан суырып алдың? Сонымен, президенттiң мерейтойы тойланбайды. Кiмде-кiм 70 жылдық туралы сөз қозғаса, жұмыстан босатамын. Мерейтойға ешқандай дайындық жүрмейдi. Кәдiмгi қала күнi атап өтіледі. Одан да тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына дайындалыңдар! – деп ескертті президент Назарбаев.

Әйткенмен бірқатар сарапшылар бұл ескертуге қарамастан мерейтойға сыйлықтар жасалынып жатқандығын айтады. Оның ең елеулісі ретінде жуырда қабылданған Қазақстан басшысына «елбасы» мәртебесін беретін заңды атайды. Осы заңға сәйкес, президент бейнесін бүлдіргендер қатаң жазаланады. Сондай-ақ, мемлекет басшысының өзі мен онымен бірге тұратын отбасы мүшелері де осы заң арқылы қол тигізбеу құқығына ие болып шыға келді.

Шілденің екісі күні Теміртауда Қазақстан Магниткасының жарты ғасырлық мерейтойына арналған салтанатты жиында сөз алған «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнының цех бастығы Андрей Бегенеев Қазақстан президентінің еңбегіне лайықты баға ретінде Теміртау қаласына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы ұсыныс жасады.

Бірақ жиынға қатысып отырған президент Назарбаев бұл ұсыныспен келіспей, қаланың тарихи атауын өзгертуге өз қарсылығын білдірді.
XS
SM
MD
LG