Accessibility links

Нұрсұлтан Назарбаев 70 жасқа толды


Астана күніне орай ашылған Хан шатыры кешенінің көгіндегі от-шашу. Aстaнa. 6 шілде 2010 жыл.
Астана күніне орай ашылған Хан шатыры кешенінің көгіндегі от-шашу. Aстaнa. 6 шілде 2010 жыл.

Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін, шілденің 6-сы күні 70 жасқа толды. Қазақстанда бұл күн «Астана күні» ретінде мерекелік күн болып жарияланған, бүгін ел астанасы мен өзге де қалалар мен аудандарда әртүрлі мерекелік той-думан өткізіліп жатыр.


1989 жылы cоветтік Қазақстанда билік басына келген Нұрсұлтан Назарбаев содан бері елді басқарып отыр. Алғаш рет 1990 жылы сәуірде республика парламенті Назарбаевты Қазақ ССР президенті қызметіне сайлады. Одан кейін 1991 жылы желтоқсанда бүкілхалықтық сайлауға жалғыз өзі түсіп, тәуелсіз Қазақстан Республикасының президенті болып сайланды.

Бұдан кейін 1995 жылы республикалық референдум арқылы президент Назарбаевтың өкілеттігі 2000 жылға дейін ұзартылды.

Ал 1999 және 2005 жылдары мерзімінен бұрын өткізілген президент сайлауларының ресми қортындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың басым көпшілік дауысына ие болды.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Қазақстандағы президент сайлаулары барысында заң талаптары бұрмаланғандығы туралы баға берді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдаушылары оның жүргізген саясатының арқасында Қазақстан дербес ел ретінде әлемге танылып, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болып сайланды, елде бейбітішілік пен тұрақтылық орнады дегенді алға тартады.

Елдегі оппозиция болса, президент Назарбаевтың ұзақ жылғы билігі кезінде қоғамда сыйбайлас жемқорлық тамыр жайып, республика халқының игілігі ат төбеліндей азғантай топтың қолына өтті, биліктің саяси қарсыластарын, тәуелсіз баспасөз құралдары мен журналистерді қудалап-соттау, сөз бостандығы мен азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқықтарын шектеу секілді жайттар қазіргі қазақ қоғамының ажырағысыз көрінісіне айналды дегенді айтады.

Елдің қос палаталы парламенті тұтасымен президентшіл "Нұр Отан" партиясынан жасақталған.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасында табиғи шикізатқа бай Қазақстан Республикасын 15 миллионнан астам тұрғын халық мекендейді.
XS
SM
MD
LG