Accessibility links

«Көмір – байдың, тезек – кедейдің отыны»


Қазан асқан әйелдер. Өзбекстан. (Көрнекі сурет)
Қазан асқан әйелдер. Өзбекстан. (Көрнекі сурет)

Қыс келген сайын Орталық Азия елдерінің тұрғындары үйлерін қалай жылытарын білмей қиналады. Мұқтаждықтан бір өзбек азаматы жаққан кезде иісі шықпайтын тезек ойлап тапқан.


Биылғы қатты қыс Орталық Азияның бірқатар елдеріне қиын тиіп тұр. Өйткені электр қуаты еш ескертусіз ұзақ уақытқа өшеді немесе аяқ астынан газ келмей қалады. Әрі мұның бәрі үйреншікті құбылысқа айналған.

ЖАРЫҚСЫЗ ОТЫРҒАН АСТАНА

Қазір Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанда электр қуаты жетіспейді. Қазақстан мен Түркіменстанда мұндай тапшылық байқала қоймаған еді. Бірақ осы мұнайлы екі ел қыс түскелі электр қуатынан тарығып, төтенше жағдайларды басынан кешіп отыр.

Қаңтар айының соңына қарай Бішкек қаласының батысындағы ықшам аудандар үш тәулік бойы жарықсыз отырды. Бұған наразы жұрт шеруге шығып,
Қысқы Бішкек, 31қаңтар 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Қысқы Бішкек, 31қаңтар 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
жолды уақытша жауып тастады. Ресейлік Regnum ақпараттық агенттігі энергия компаниялары мен қала мэріне жолдаған шерушілердің шағымдары жауапсыз қалғанын хабарлады.

Ал 24.kg ақпарат агенттігі Қырғызстанның энергетика және өндіріс министрі Асқарбек Шадиевтің «Мен электр жарығынсыз бір күн, әрі кеткенде екі күнге ғана шыдаған болар едім» деген сөзін жариялаған.

Бішкекте электр желілеріндегі аса жоғары қысымның кесірінен қалаға электр қуаты қаңтардың 24-і мен наурыздың 1-і аралығында түнгі 23:00-ге дейін ғана беріледі. Электр қуатын үнемдеу үшін билік осындай қадамға барып отыр.

Өзбекстанда да жағдай осыған ұқсас. Мұндағы ірі қалаларда электр қуаты күніне алты сағатқа өшіріледі. Ал Ташкенттің өзінде күн сайын бір-екі сағатқа электр қуатының болмай қалуы қалыпты құбылысқа айналған. Uznews.net веб-сайты ауылды жерлерде электр жарығының апталап болмайтынын жазады.

Өзбекстанның жылу-электр станцияларында бұл мәселені шешудің жолы іздестіріліп жатқан кезде ауылдағылар қол қусырып отырмаған. Олар табиғи отын түрлерін – қи, тезек, ағаш пен мақта сабағын, шала жанған көмір қалдығын кәдеге жаратып жатыр.

ТЕЗЕКТІҢ ЖАҢА ТҮРІ

Азаттық радиосына сұқбат берген Қашқадария облысының тұрғыны Ешмұрад-әкә «көмір – бай-манаптардың, тезек – кедей-кепшіктердің отыны» дейді.

Әндіжан қаласының тұрғыны Садырохун Софиев "баспана жылыту мәселесі қала тұрғындарын түрлі амалдар жасауға мәжбүр етіп отырғанын" айтады.
Бесік той, Өзбекстан. Рәзия Сұлтанова түсірген сурет.
Бесік той, Өзбекстан. Рәзия Сұлтанова түсірген сурет.

Бұрынғы кезде үйді тезекпен жылытқаны белгілі. Бірақ қазір тезекке деген сұраныс қайта өсіп отыр. Софиев "Үйде тезек болу үшін мал асырау керек",- дейді.

Иісі мүлде сезілмейтін тезек ойлап тапқан Садырохун Софиев:

– Мен қойдың қиын көмірдің ұнтағымен араластырамын. Көмір ұгтағы өте арзан. Мен оның бірнеше килограмын алып, мал қораға төгіп тастаймын. Ол қойдың құмалағымен араласып, жақсы жанатын отынға айналады. Иісі де сезілмейді, - дейді.

Тәжікстандағы Куляб қаласының тұрғыны Ахмад Иброхимов қыс келген сайын қиналатынын, бірақ биылғы жылдың ерекше ауыр тиіп тұрғанына шағымданады.

– Екі-үш бума отын бір шәйнек шай қайнатуға ғана жетеді. Оның бағасы – 2,3 сом (57 цент), керосиннің бір литрі 7,5 сом (1,6 доллар). Үйді жылытып, тамақ әзірлеу өте қымбатқа түседі. Сондықтан біз керосинмен жанатын пешті де пайдалана алмаймыз, - дейді ол.

БАҒА ӨСІП БАРАДЫ

Өзбекстанда әр отбасын отынмен қамтамасыз ету туралы мемлекет бағдарламасы бар. Ол бойынша әр шаңырақтың көмірдің тоннасын 71 мың сомнан (40 доллар) сатып алуына болады. Бұл бір үйлі жан үшін бір қыстық отын. Қазір бірақ көмірмен қамтамасыз ету науқаны аяқталған. Көмір қатты қымбаттап, тоннасы 300 долларға жетті.

Халқы көбінше диқаншылықпен айналысатын Ферғана алқабының тұрғыны Садирохун Софиев қазір кез-келген әйел тәжірибелі электрикке айналғанын айтады.

- Мұқтаж адам түрлі қулыққа, айла-әдіске барады. Қазір ауылдың кез-келген әйелі тәжірибелі электр маманынан кем түспейді. Олар негізгі желіден сым арқылы үйлеріне электр қуатын кірігізіп алады. Екінші бір әдіс - қолдан жасалған сифон. Ол құбыр арқылы өтетін газдың үйге келетін мөлшерін көбейтеді. Өйткені, құбырдағы қысым өте төмен, адамдар үйлерін дұрыстап жылыта алмайды,- дейді ол.

Тәжікстанда жанар-жағар май мен керосин бағасы 50 пайызға өскен. Бағаның бұлай өсуі Тәжікстанда көп қолданылатын дизельді электр құралдарын пайдалануға мүмкіндік бермей отыр.
Тәжікстандағы елдімекен. (Көрнекі сурет)
Тәжікстандағы елдімекен. (Көрнекі сурет)

Соғды облысы Понхоз ауылының тұрғыны Назиржон Рузбоев:

– Генераторға күнде кешкісін екі литр жанармай керек. Бұл бар болғаны теледидар көруге және екі-үш бөлмеге жарық беруге ғана жетеді. Қазір ауыл ғана емес, қалалардың өзінде адамдар кешкі асты шам жарығымен әзірлейтін болған. Шаммен отыруға жабық базарлардағы сатушылар да дағдыланып кеткен, - дейді ол.

ГАЗ ӨНДІРЕТІН ЕЛ ГАЗСЫЗ ОТЫР

Uznews.net веб-сайты Өзбекстанның Самарқан облысында да қыс түскелі құбырдағы газдың қысымы төмендеп кеткенін жазады. Оның үстіне әр отбасы электр пешін іске қосатындықтан, желідегі қысым артып, істен шыға бастаған. Кейбір елді мекендерде апта бойы электр қуаты болмайды. Өзбекстан президенті өткен жылдың шілде айында күз бен қысқа дайындықты арттыру туралы арнайы қаулы шығарған еді. Соған қарамастан қазір барлық жерде – емханалар мен оқу орындарында, тұрғын үйлерде өте суық.

Самарқан облысының жергілікті билігі газ тапшылығы тұрғындардың миллиардтаған қарызынан пайда болғанын айтады. «Самарқаншаһаргаз» мекемесі маманының
Өзбекстан қаласы - Самарқан. 8 желтоқсан, 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Өзбекстан қаласы - Самарқан. 8 желтоқсан, 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
айтуынша қазір олардың «Узбектрансгазға» қарызы - 87 миллиард сомға жеткен. Ал газға шаққанда бұл 14,5 миллиард текше метр болады.

Оның айтуынша, "әр отбасы күні-түні газ жағып қойса да мұндай қарыздың жиналуы мүмкін емес". Демек, газ тапшылығының себебін басқа жақтан іздеу керек.

Ол мұнан ары облыстағы көптеген жылыжайлар газбен жылынатынын, бірақ олардың газ шығынын есептейтін құралдары жоқ екенін айтады. «Жылыжай иелері газ құнын газ мекемелеріне жеке төлейтін көрінеді» деп жазады маманның сөзіне сүйенген Uznews.net веб-сайты. Бір сөзбен айтқанда, есептеуші қондырғы орнатылмаған өндірістер мен өнеркәсіптерде жұмсалған газ шығыны халықтың есебіне жазылып, бар шығын солардан талап етіледі.
XS
SM
MD
LG