Accessibility links

Ұлыбритания соты Әблязовты 22 айға соттады


Мұхтар Әблязов, қуғынға ұшыраған бизнесмен
Мұхтар Әблязов, қуғынға ұшыраған бизнесмен

Ұлыбритания жоғарғы сотының судьясы Найджел Тир «сотқа құрмет көрсетпеді» деп айыпталған Мұхтар Әблязовтың активтерін құрсаулап, өзін тұтқындауға үкім етті. Сот қазақ бизнесменін 22 ай түрме жазасына кесті, бірақ әлі тұтқындаған жоқ.


Бұрын Әблязовтың меншігі болған, кейін мемлекет иелегіне өткен БТА банкінің қазіргі басшылығы оны 5 миллиард долларды жымқырды деп сотқа берген болатын.

Сотта БТА өкілдері бизнесменді 24 айға соттауды сұрады. Ал Әбляовтың өкілдері оған шартты жаза беруді өтінді. Мұхтар Әблязовтың өзі сотқа қатысқан жоқ.

- Әблязов мырзаның сотты сыйламағаны соншалық, оның жазасы - түрме ғана болмақ, - деді судья Найджел Тир ақпанның 16-сы күні.

Судьяның айтуынша, Әблязов түрмеде 12 ай отырған соң жасырған активтерін мойындаса, өз меншігі екенін дәлелдей алса - жазаның қалған мерзімі кешірілуі мүмкін.

12 МИЛЛИАРД ДОЛЛАРЛЫҚ ДЕФОЛТ

2009 жылы Қазақстан билігі БТА банкті мемлекет қарауына алып, банктің бұрынғы (2005-2009 жылдардағы) иесі Мұхтар Әблязовқа халықаралық іздеу жариялаған еді.

Банктің Қазақстан, Ресей, Украина, Қырғызстандағы кейбір басшыларына байланысты қылмыстық іс қозғалып, «ірі көлемде банк қаржысын ұрлады» деген айыптар тағылған. БТА одан кейін «заңсыз әкетілген активтерді қайтару» науқанын бастаған.

Қуғындағы қазақ бизнесмені Мұхтар Әблязовты бұған дейін БТА банкі «кредиторларының қаржыларын жымқырмақ болды» деп айыптаған еді.

БТА банкінің өкілі бизнесменге «активтерін уақытша құрсаулау туралы
БТА банк ипотекасы иелерінің наразылық шарасы. Алматы, 11 ақпан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
БТА банк ипотекасы иелерінің наразылық шарасы. Алматы, 11 ақпан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
ұлыбританиялық соттың 2009 жылғы үкімін тыңдамады», «активтерін басқаның атына өткізу үшін жалған құжаттар жасады» деп айып таққан.

БТА өкілдері 2011 жылы Әблязовқа байланысты Ұлыбритания сотына жаңа шағым түсіріп, жылдың соңына таман сот тыңдауы басталған. 12 миллиард АҚШ долларын дефолт етіп жариялаған БТА «Мұхтар Әблязов сот үкімін тыңдамай өз активтерін жасыру үшін жалған құжаттар жасады» деп айыптаған.

БТА өкілі Мұхтар Әблязовқа ұлыбританиялық Вирджиния аралдарында тіркелген бизнес иеліктерін жасырды деген айып тақты. Шағым түсіруші тарап Әблязовты айы-күні кейін жазылған құжаттарды қолдан жасап, активтерінің иесі ретінде Қайрат Садықов есімді жәрдемшісін рәсімдеді деп айыптады.

Банк сонымен қатар «Мұхтар Әблязов Ұлыбританиядағы төрт үлкен үй-жайының меншік иесіне қатысты да ақпаратты ашып көрсетпеді» деп шағымданған. Айыптаушылар БТА банкінің бұрынғы төрағасы құны ондаған миллион фунт-стерлинг деп бағаланатын төрт зәулім сарайға ие, одан бөлек Stantis деп аталатын компания арқылы 80 миллион АҚШ долларына тең қаржысын және жасырып қалды деген.

2011 жылы қараша айының басында арызданушы БТА банкі Әблязовтың активтерін жасырғаны үшін және сот үкімін сыйламағаны үшін оның тағы бір жәрдемшісі Пол Китреотисті 21 айға түрмеге жаптырған.

2011 жылы маусымда Әблязовтың балдызы Сырым Шалабаев сот үкімін сыйламағаны үшін және сот істеріне жәрдем бермегені үшін сырттай 18 айға сотталған.

САЯСИ БАСПАНА

Мұхтар Әблязов Қазақстанда саяси қуғындауға ұшырағанын және соның кесірінен Қазақстанға күшпен қайтарылуы мүмкін екендігін айтып, 2011 жылы маусым айында Ұлыбританиядан саяси баспана алған.

Хэмпстедтегі Бишопс-авенюде тұрып жатқан Мұхтар Әблязов бұған дейін өзіне тағылған «сот үкімін бұзды», «жалған куәлік берді» деген айыптарды жоққа шығарған.

Бұрынғы төраға «бұл айыптар нақты айғаққа сүйенбеген, тек долбар мен болжам ғана» деп санайды. Ол сонымен қатар «банк капиталын талан-тараж қылды» деген айыпты да жоққа шығарып, «мұның бәрі саяси себептерден туындап жатыр» деп мәлімдеген.

«БЕС МИЛЛИАРД ДОЛЛАРДЫ ТАЛАН-ТАРАЖЫ ЕТУ»

Мұхтар Әблязовқа және оның көмекшілеріне қатысты жиыны тоғыз талап қойылып, 5 миллиард АҚШ долларына жуық банк қаржысын талан-таражы етті деген айып тағылды.

Айыптаушылар Әблязов банктегі ақшаны жалған кредит және үлес сату амалдары арқылы жымқырмақ болған дейді.
Ұлыбритания жоғарғы сотының соңғы шешімінен кейін айыпкерден өндірілген соманың біразы дағдарыс кезінде БТА банкіне қаржы берген ірі банктерге беріледі – оның 50 пайызын БТА клиенттерінің бірі, 83 пайызы үкіметке тиесілі RBS (Royal Bank of Scotland) алуға тиіс.

Банктегі капиталдың талан-тараж болуына қатысты қозғалған қылмыстық іс барысында Мұхтар Әблязов 5 миллиард АҚШ долларына тең активтерін KPMG халықаралық аудиторлық компаниясының қарауына өткізіп беруге мәжбүр болған. 2010 жылдың желтоқсан айында Лондонның жоғарғы соты уақытша құрсауланған активтерді таратып жібермеуі үшін бұрынғы банкирге сенімсіздік танытқан еді.

Ұлыбритания жоғарғы сотының соңғы шешімінен кейін айыпкерден өндірілген соманың біразы дағдарыс кезінде БТА банкіне қаржы берген ірі банктерге беріледі – оның 50 пайызын БТА клиенттерінің бірі, 83 пайызы үкіметке тиесілі RBS (Royal Bank of Scotland) алуға тиіс.

Ұлыбританиялық Guardian («Гардиан») басылымы 2011 жылы қарашаның 30-ы күні жариялаған мақаласында Мұхтар Әблязов басқарып тұрған кезде БТА банкінің Ұлыбританиядағы Barclays («Барклейз») және RBS банктерінен 500 миллион АҚШ доллары көлемінде несие алғанын жазған еді.

МҰХТАР ӘБЛЯЗОВ: «АЙЫПТЫҢ САЯСИ АСТАРЫ БАР»

The London Evening Standard басылымының хабарлауынша, қуғындағы қазақ бизнесмені Әблязов Ұлыбритания жоғарғы сотының бүгінгі шешімін естіген соң бұл елден кетіп қалуы да мүмкін.

БТА өкілі Стивен Смит «Әблязов елден ендігі кетіп қалуы мүмкін немесе енді кетеді» деген болжам айтады. Ол соттан Әблязовты тұтқындау туралы ордер беруді, әуежайлар мен жағалау күзетіне ескертуді сұрады.

Мұхтар Әбляовтың өкілі Дункан Мэтьюз клиентінің Ұлыбританиядан кетіп қалғаны жайлы деректі жоққа шығарды.

Ал қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязов Ұлыбритания сотының шешіміне байланысты:
Маған тағылған айыптың саяси астары бар. Ол Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мені саяси қарсылас ретінде құртуына байланысты.

- Осы іс барысында маған тағылған айыптың саяси астары бар екенін, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мені саяси қарсылас ретінде құртуына байланысты екенін мәлімдегенмін. Оны айта да беремін, - деді.

Мұхтар Әблязов өзіне тағылған «сотқа құрмет көрсетпеді», «активтерін түгел жария етпеді», «соттың активтерін құрсаулау жөніндегі бұйрығын бұзды» деген айыптарды жоққа шығарды.

Мұхтар Әблязов «басқа барлық айыптарды да жоққа шығаратынын», «Қазақстандағы саяси жүйеге қарсы күресетінін», елдегі «шынайы демократия үшін күресетінін» айта келе:

- Сот шешімімен мүлдем келіспеймін. Апелляциялық сотта пікірімнің әділ екенін толық дәлелдеп шығарыма сенемін, - деді.

Dow Jones агенттігінің хабарына қарағанда, Лондон сотының судьясы Найджел Тир Әблязовтың адвокаттары берген, шартты түрде жазалау жайлы апелляциялық шағымды қабылдаудан бас тартқан.
XS
SM
MD
LG