Accessibility links

Сағыз түкірмеу, ет жемеу һәм «лағынеті шайтан»


"Шайтанды" бейнелейтін қол қимылы. Көрнекі сурет
"Шайтанды" бейнелейтін қол қимылы. Көрнекі сурет

«Жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе» (Абайдың сөзі), әйтеуір тағы бір аптаның аяғын көрдік. «Алысқан, жұлысқан, айтысқан, тартысқан – әурешілікті көре-көре келдік». Бірақ мен оның бәрін емес, осы аптада өзіме әсер еткен үш жаңалықты ғана айтайын.


І. 609 САҒЫЗ

Өткен апта бастамаға толы күндер болды. Әуелі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласын дамыту туралы отырыста «ұсақ қылмыстарды тұншықтырудың» жаңа амалдарын айтты.

– Сендердің есептеріңді естуден ешбір қайыр жоқ. Пайыздан басқаны айтпайсыңдар. Негізі, бір де бір ұсақ қылмысқа жол беруге болмайды. Бұрыш-бұрышқа сағыз лақтырушыдан бастап ұстап, тіркеуге алып, саусағының таңбасын түсіріп, келесі рет істейтін болса жауапқа тартылатындай етіп, хаттама толтыру керек. Алдымен, әрине, ескерту. Әкімшілік жазаға тартып, айыппұл салып, одан болмаса үш күнге жауып дегендей. Адамдар кез келген ұсақ тәртіп бұзушылыққа жауап беретінін білсе, сонда ғана тәртіп орнайды. Сонда үлкен қылмыстар болмайды, – деді президент Назарбаев «Хабар» телеарнасының айтуынша.

P.S. Қазақстанның бірінші президенті қылмыспен қалай күресудің амалын айтып отырған Моңғолия бұрынғы – үшінші президентін тұтқындады. Намбарын Энхбаярға қонақ үй мен газетті заңсыз жекешелендірді, 110 мың долларлық телеарна жабдықтарын пайдаланып кетті деген сияқты айыптар тағылыпты.

«Президент болған кезде қылмыспен күреске шақырудың орнына өзі қылмыс жасаған болса, обал жоқ» деп ашуланып отырмын ол кісіге.

Айыбы дәлелденсе, бұрынғы президент кем дегенде бес жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін екен.

Құдай-ай, бес жыл деген не, тәйірі? Бұрыш-бұрышқа 609 сағыз түкірген адамның жазасы ғой ол.

ІІ. ЕТ ЖЕМЕУГЕ «ҮГІТТЕУ»

Бұл аптада бұрынғы депутат, экономика ғылымдарының докторы, профессор Мырзагелді Кемел де бір ақыл айтты.

«Халық сөзі» газеті тілшісінің «Елімізде ет бағасы да күрт өсіп, қазір тіпті Еуропадағы бағамен теңесті. Жалпы мал баққан ел бола отырып осындай қымбатшылыққа жол беруіміздің себебі неде?» деген сауалына:

– Біз еттің қымбаттағанынан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Неге десеңіздер, бүгінде халықтың 50 пайызы ауылдық жерде тұрады, оның 80 пайызы өзіміздің қазақтар, демек етті нарыққа шығаратын да, одан пайда түсіретін де қарапайым тұрғындар ғой. Ал қала халқы болса, осыдан кейін етті аз жеуді үйренетін шығар, – деп жауап берді экономика ғылымдарының докторы.

Ғалымның айтуынша, «халық мал бағу кәсібін жақсы меңгерген, енді тек оларды ұры-қары, барымташылардан қорғауды үйренуі керек».

Ал журналист бұл жауапқа тұшынбаса керек – алғашқы сауалын өзгертіп, «Дегенмен алдағы уақытта еттің бағасы қайта төмендеп, не өсуі мүмкін бе?» деп қайталап сұрады.

– Қазақстанда бір нәрсе қымбаттаса, қайта бағасының түспейтініне үйреніп қалдық қой. Ет пен ет өнімдері баға жағынан өзінің шегіне жетті деп айтуымызға болады. Ендігі уақытта оның құны төмендемейтіні белгілі, сонымен бірге әзірге өспеуі де мүмкін. Жалпы бұл шошитындай нәрсе емес. Мысалға алсақ, Өзбекстанда еттің бағасы біздікінен де қымбат. Бірақ олар етті үнемді қолданады. Егер біз 15 адамға 60 келі ет асатын болсақ, олар 3 келі етпен-ақ 15 адамды күтіп алады. Қыстың күні қазақтар бір жылқы, бір ірі қара сойып алады. Осыдан кейін, әрине, ет жетпейді. Енді соның біреуін қысқартуға тура келеді, – деп жауап берді Мырзагелді Кемел.

Ғалымның «етті аз жеңдер» деген ақылынан кейін көңіл-күйім бұзылып кетті. Ол кісінің «Қазақстанда мал саны жеткілікті. Бірақ біз халықаралық нарықпен өмір сүруіміз керек. Ет бағасының халықаралық нарыққа сәйкес болғаны жөн» деген уәжі де мен жұбатқан жоқ.

P.S. «Халықаралық нарыққа сай болуы керек» деген сөзден кейін Қазақстанды «3 келі етке 15 адам ортақтасатын» Өзбекстанмен емес, Еуропа Одағындағы өзіміз шен таластыратын мемлекеттермен салыстырып қарайық.

Биыл қаңтардағы есеп бойынша, Еуропа Одағындағы ең үздік алты елдегі (Ұлыбритания, Франция, Бельгия, Нидерланды, Ирландия, Люксембург) ең аз жалақы - 1 мың 200 евродан астам.

Ал Қазақстанда ең аз айлық бұл елдермен салыстырғанда 6 есе аз – 200 евро шамасында (анығы 41 600 теңге) екен.

Еуропа Одағында сиыр етінің килограмы орташа есеппен 3,5 евро (яғни 680 теңге). Ал Қазақстандағы еттің бағасы олардыкінен 6 есе арзан болмаса, ғалымның «ақылын» тыңдағаннан басқа не шара?

ІІІ. «ТЕРРОРИЗМНІҢ СЕБЕПТЕРІ» НЕМЕСЕ «ЛАҒЫНЕТІ ШАЙТАН»

Осы аптада Қазақстанға келген Австралия парламентінің спикері Питер Нил Слиппер ресми кездесулерден соң Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлімен кездесті.

Мүфтият сайтының жазуынша, Питер Нил Слиппер «кейбір мұсылман елдерінде жұмыс істейтін радикалды ислам ұйымдарының қауіпті идея тарату себебін» білгісі келген екен.

– Исламда бейкүнә бір адамды өлтіру – бүкіл адамды өлтіргенмен бірдей. Кім қай діннің атын жамылмасын, біз қантөгіске қарсымыз. Әлемде лаңкестіктен құтылған ел жоқ. Бұл 21 ғасырда пайда болған індет. Лаңкестікпен бәріміз бірігіп күресуіміз керек, – деп жауап берді бас мүфти бұл сұраққа.

Бірақ Австралиядан келген саясаткер мүфтидің жауабын түсіне алмаса керек, қайталап сұрапты:

– Бұл пікіріңіз дұрыс, әрине. Әйтсе де кейбір жастардың жан түршігерлік әрекеттерге баруының қандай себептері бар?

– Біріншіден – білімсіздік. Алладан білімді адамдар, яғни тақулар қорқады. Ешқандай дәстүрлі діндер қантөгіске жол бермейді. Екіншіден – жұмыссыздық, имансыздық. Жұмыссыз имансыз адамның санасын шайтан билейді. Лағынеті шайтан – адамның ашық дұшпаны, – деп жауап берді Әбсаттар қажы Дербісәлі.

P.S. Сәуірдің 9-ы күні Таразда «2011 жылы 12 қарашада бес полицейді, екі бейбіт тұрғынды өлтіріп, ақыры өзін-өзі жарып жіберген Мақсат Қариевтің сыбайластары» деп аталған бес адамға үкім шықты.

«Топ жетекшісі Бақытжан Жаппаров өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Топ мүшелері – Ерғали Зунимов – 25 жылға, Лесбек Дүйсенбаев – 21 жылға, Төлеген Забираев – 18 жылға, Қадыржан Тұтқышбаев – 5 жылға сотталды» деп хабарлады облыстық прокуратура өкілі Рахметулла Ахметов.

Сотталған адамдар «тақуа»/«жұмыссыз имансыз» болды ма, жоқ па – ол жағы беймәлім. Өйткені адамның «тақуалығын» немесе «имансыздығын» анықтайтын мекеме жоқ қой әзірше.

Ал Қазақстан статистика агенттігінің хабарына қарағанда, наурыз айында елдегі жұмыссыздық деңгейі 5,3 пайыз (яғни кем дегенде 470 мыңдай) адам болған. Бірақ мұны «лағынеті шайтан» білмей-ақ қойсын.
XS
SM
MD
LG