Accessibility links

Путин келгенде Қазақстандағы нысанаға Ресей зымыраны атылды


Президенттер Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) және Владимир Путин Ақордадағы кездесу кезінде. Астана. 7 маусым, 2012 жыл. Сурет Ресей президентінің ресми сайтынан алынды.
Президенттер Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) және Владимир Путин Ақордадағы кездесу кезінде. Астана. 7 маусым, 2012 жыл. Сурет Ресей президентінің ресми сайтынан алынды.

Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға ресми сапармен келген маусымның 7-сінде Қазақстандағы нысанаға Ресейдің стратегиялық зымыраны атылды. Ресей қорғаныс министрлігінің өкілі "Зымыран Сарышағандағы шартты нысанаға дәл тиді" деп мәлімдеді.


Ресейлік Интерфакс агенттігінің хабарлауынша, маусымның 7-сі күні Ресейдің Астрахань облысындағы Капустин Яр полигонынан "Тополь" құрлықаралық баллистикалық сынақ зымыраны атылып, Қазақстандағы Сарышаған полигонындағы нысанаға тиген.

"ДӘЛ ТИДІ"

Ресей қорғаныс министрлігінің өкілі Вадим Коваль аталған агенттікке "Зымыран
Ресейден "Тополь" зымыраны атылған күні Шетпе тұрғындары түнгі аспаннан осындай құбылысты байқаған. Маңғыстау облысы, Шетпе, 7 маусым 2012 жылы. Суретті Азаттыққа Шетпе тұрғыны жіберді.
Ресейден "Тополь" зымыраны атылған күні Шетпе тұрғындары түнгі аспаннан осындай құбылысты байқаған. Маңғыстау облысы, Шетпе, 7 маусым 2012 жылы. Суретті Азаттыққа Шетпе тұрғыны жіберді.
Сарышағандағы шартты нысанаға дәл тиді" деп хабарлаған.

Ковальдың сөзіне қарағанда, зымыран пайдалану мерзімі ұзартылған "Тополь"
ракеталарының техникалық сапасын сынау мақсатында атылған. Ресей қорғаныс министрлігінің өкілі:

- Сынақ кезінде зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін әрі қарай жетілдіруге қажетті ақпараттар алынды, - деп мәлімдеген.

Вадим Ковальдің айтуынша, "Бұл құралдармен (мерзімі ұзартылған "Тополь" ракеталарымен - ред.) зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі жабдықталады".

Ал маусымның 8-і Азаттыққа Шетпе тұрғындары хабарласып, кеше сағат 22-ден өте аспанда күшті жарылыс болғанын айтты. Олардың сөздеріне қарағанда, әуедегі алғашқы жарылыстан кейін, шарға ұқсас тағы бір зат шығып, сәлден соң ол да жарылған. Жарылыс ізі біраз уақыт тұрған соң ғана сейіле бастаған.

Шетпе тұрғындары бұл жарылысты өз ауылдарының үстінде болды екен деп, халық біраз уақыт дүрлігіп барып басылған.

"БАЙҚОҢЫР - ЕКІ ЕЛГЕ ОРТАҚ"

"Тополь" баллистикалық зымыраны сынақ ретінде атылған маусымның 7-сі күні Ресей президенті Владимир Путин Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен келіссөздер жүргізіп жатты.

Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Қазақстанға ресми сапармен келген Ресей президенті Владимир Путин мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше құжат пен келісім-шарттарға қол қойды.

Қазақстан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде екі ел басшысы Байқоңыр ғарыш айлағын бірлесе пайдалану жайын талқылаған.

Назарбаев пен Путин Байқоңыр космодромын бірлесе пайдаланып, ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта игеру және спутниктік навигацияның ғаламдық жүйесі жобасын бірлесе атқара беруге ынталы екендерін білдірген.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта). Астана, 7 маусым 2012 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта). Астана, 7 маусым 2012 жыл.

- Біз ғарыш саласындағы ынтымақтастықты дамыту, осы саладағы қазақстандық мамандарды дайындау және ең бастысы - Байқоңыр қаласының инфрақұрылымын сақтап қалу туралы сөйлестік. Байқоңыр космодромы Қазақстан мен Ресейдің ортақ мақтанышы және екі елге бірдей қызмет істейді, - деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев кездесуде.

"Интерфакс-Қазақстан" агенттігінің хабарлауынша, "Қаланы (Байқоңырды - ред.) кім басқарады?" деген сауалға "Роскосмос" агенттігінің төрағасы Владимир Поповкин "Бұл мәселені осы мәлімдеме негізінде шешетін боламыз" деп жауап берді.

"Роскосмос" басшысы Байқоңырдан Ресей зымырандарын қайтадан ұшыра бастау мәселесі де жақын арада шешіліп қалуы мүмкін екенін айтты.

КазТАГ-тың хабарлауынша, екі ел басшыларының кездесуі аясында «Қазақмыс» пен «РусГидро» арасында Қазақстанда қуаты 300 МВт болатын шағын ГЭС-тер салу туралы келісімге қол қойылған.

"ХАЛҚЫМЕН БІРГЕ ЖЕР СҰРАУ"

Путин Қазақстанға келердің алдында, маусымның 6-сы күні ресейлік "Известия" газеті "Путин Назарбаевтан жалға халқымен қосып жер сұрайды" ("Путин попросит у Назарбаева в аренду земли с населением") деген мақала басты. Мақала "Келіссөздер маусымның 7-сі болады. Жер бағасы келісіліп қойған - жылына 460 мың доллар" деп басталады.

Басылым "Путин Қазақстан басшысымен осы елдің солтүстігіндегі Ақтөбе және Қостанай облыстарынан жалға жер алу мәселесін талқылауды жоспарлап отыр.
"Протон-М" зымыран тасығышын Байқоңырға орнатуға әкелді. Байқоңыр, 14 қыркүйек 2009 жыл.
"Протон-М" зымыран тасығышын Байқоңырға орнатуға әкелді. Байқоңыр, 14 қыркүйек 2009 жыл.
Бұл территориялар "Роскосмосқа" зымыран тасушылардың бөлшектері құлайтын аудан ретінде керек. Бұл жерлерге ғарыштағы күн синхроны орбитасына аппараттарды жеткізген ракета-тасығыштар құлайды. Бұл аудандарды "Роскосмос" бұрын да осы мақсатта пайдаланған. Бірақ Қазақстан 2007 жылы келісімді қайта жасауды талап етті" деп жазады.

"Роскосмос" өкілі Александр Фадеев "Известияға" берген сұқбатында:

- Қазақстан басында жер арендасы үшін 2 миллион доллардай ақша сұраған. 460 мың доллар - арзан баға. Зымыранды ұшырған кезде шығын келетінін де ұмытпауымыз керек. Өйткені ол шығындар тұрғындарды көшіруге жұмсалады. Зымыран бөлшектері құлайтын жерлерде елді мекендер бар. Бірақ ол ауылдар ұсақ, халқы аз, - депті.

Әзірге Қазақстандық ақпарат құралдарында жалға жер беру мәселесі бойынша келіссөздердің болған-болмағаны туралы ақпарат жарияланған жоқ.

"ҚАНДАЙ РЕАКТОР САЛЫНАТЫНЫ БЕЛГІЛІ БОЛАДЫ"

Бұдан өзге, Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің 2013 жылы Қазақстан аумағында атом электр станциясын (АЭС) сала бастауы мүмкін екенін айтқан.

Ал «Росатом» агенттігінің басшысы Сергей Кириенконің айтуынша, биылғы жылдың аяғына дейін қазақстандық мамандар болашақ АЭС-тің қай жерге салынуы керек екенін анықтайды.

- Қандай атом реакторы салынатыны да соған орай белгілі болады, - деді Сергей Кириенко.

Қазақстан мен Ресей Новоуральск комбинатының (Ресейде орналасқан - ред.) базасында уран байыту орталығын құруға келіскен. «Орталық құруға қажетті қаржылық-экономикалық тетіктердің бәрі дайын. Келесі жылы өнім шығарыла бастайды» дейді Кириенко.
XS
SM
MD
LG