Accessibility links

«Жаңаөзен құрсауын» ресейлік журналист қалай бұзды?


«Новая газета» басылымының тілшісі Елена Костюченко.
«Новая газета» басылымының тілшісі Елена Костюченко.
Жаңаөзен изоляторы бастығының сотына куәгер ретінде қатысқан ресейлік тілші Елена Костюченко «Базарбай Кенжебаевты ұрып-соққандар жазаланбай қалды» деп есептейді.

«Новая газетаның» тілшісі Елена Костюченко Маңғыстау облысында екі рет болды. Алғаш рет Жаңаөзенге 2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні болған шеру басып-жаншылған соң барған. Екінші жолы Жаңаөзен уақытша қамау изоляторының бұрынғы бастығы Жеңісбек Теміровтың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша өткен сот процесіне куәгер ретінде түсінік беру үшін Ақтауға келген.

«Уақытша қамау изоляторына Кенжебаевты заңсыз қамап, қызмет бабын асыра пайдаланды» деген айып тағылған Теміров биыл мамыр айында бес жылға сотталды.

БАЗАРБАЙ КЕНЖЕБАЕВТЫҢ ҚАЗАСЫ

Желтоқсанның 16-сында Жаңаөзенде ұсталып, екі күннен кейін қамаудан босаған Базарбай Кенжебаев ауыр соққыдан қайтыс болды.
Полицейлер соққысынан қаза тапқан Базарбай Кенжебаев. Жаңаөзен, желтоқсан 2011 жыл.
Полицейлер соққысынан қаза тапқан Базарбай Кенжебаев. Жаңаөзен, желтоқсан 2011 жыл.

Базарбай Кенжебаев қайтыс болардан бірер күн бұрын Елена Костюченкомен сөйлескен. Марқұмның қазасының себебі туралы жария еткен - осы журналист. Елена Костюченко «Новая газета» сайтында 2011 жылы желтоқсанның 23-і күні жариялаған «Жаңаөзен – мұнайлы өзен» деген мақаласында Кенжебаевтың қалай ұсталып, қамалғанын, оны изоляторда полицейлердің қалай тергеп, ұрып-соққаны жайлы марқұмның өз аузынан естігендерін жазды.

Костюченко Жаңаөзенге келген кезде қалада төтенше жағдай жарияланған. Коменданттық сағат енгізіліп, қалаға күндіз кіруге шектеу қою сияқты төтенше шаралар басталған еді.

Материал жинау үшін журналист жергілікті тұрғын сияқты киініп алған. Жаңаөзеннің қарапайым тұрғындары көмектескендіктен ол полицейлердің қолына түспей қалған. Оның айтуынша, суреттерді қарапайым арзан фотокамерамен түсіріпті. Ал онымен бірге келген әріптестерінің жолы болмай, бірден қолға түскен.

Елена Костюченконың Жаңаөзен мен Шетпеде 2011 жылы желтоқсанның 16-сы мен 17-сі күндері болған оқиғалар туралы жазған «Жаңаөзен» және «Жаңаөзен – мұнайлы өзен» мақалалары билік орнатқан ақпараттық блокаданы бұзды.

БИЛІКТІҢ ЖАУАБЫ

Базарбай Кенжебаевтың өлімі жайлы басқа тәуелсіз ақпарат құралдары да жазды. Жаңаөзен мен Ақтаудағы оқиғалардың қызған тұсында бір топ эксклюзивтік хабарларды Азаттық тілшілері де жариялады. Осыдан кейін билік бұл оқиғаларға және Кенжебаевтың өліміне қатысты мәлімдемесін өзгертті.
Қазақстанның бас прокуроры Асхат Дауылбаев. Сурет бас прокуратураның ресми сайтынан алынды. Астана, 27 шілде 2011 жыл.
Қазақстанның бас прокуроры Асхат Дауылбаев. Сурет бас прокуратураның ресми сайтынан алынды. Астана, 27 шілде 2011 жыл.

Қазақстанның бас прокуратурасы 2012 жылы қаңтардың 25-сі күні Базарбай Кенжебаевтың өлімі туралы бұрынғы ресми мәлімдемеден өзгеше сипаттағы қорытынды шығарды. Атап айтқанда, бас прокуратура «Тергеу қызметі Кенжебаев Базарбайдың өліміне де баға берді. Туыстары келтірген дәйектерге сәйкес, ол Жаңаөзен қаласының ішкі істер департаментінің уақытша қамау изоляторында алған ауыр дене жарақаттарынан қайтыс болған» деген мәлімдеме жасады.

Бас прокуратураның 2011 жылы желтоқсанның 22-сі жасаған алғашқы мәлімдемесі өзге сарында еді: «1961 жылы туған Кенжебаев Базарбай Жанабаевич жаппай тәртіпсіздіктер кезінде алған дене жарақатынан 2011 жылы желтоқсанның 21-і күні үйінде жатып қайтыс болды. Кенжебаев 2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні қала ауруханасына жеткізілген. Алайда ол алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң, ауруханаға жатып емделуден өз еркімен бас тартып, үйіне жіберілген».

СОТТАҒЫ КУӘГЕР

Азаттық тілшісіне Елена Костюченко Ақтау және Жаңаөзенге 2012 жылы көктемде тағы да барғанын айтты.

Оның айтуына қарағанда, Ақтауға ол Жаңаөзен изоляторының бұрынғы бастығы Жеңісбек Теміровтің ісі бойынша өтетін сотқа қаза тапқан Базарбай Кенжебаевтың туыстарының өтінішімен, куәгер ретінде қатысу үшін барған.
Елена Костюченко жариялаған Базарбай Кенжебаевтың қанға бөккен жейдесі. Марқұм Жаңаөзен қамау изоляторында алған соққылардан қайтыс болды. Жаңаөзен,19 желтоқсан 2011 жыл.
Елена Костюченко жариялаған Базарбай Кенжебаевтың қанға бөккен жейдесі. Марқұм Жаңаөзен қамау изоляторында алған соққылардан қайтыс болды. Жаңаөзен,19 желтоқсан 2011 жыл.

Сотта Елена Костюченко қайтыс болар алдында оған Базарбай Кенжебаевтың айтқандары туралы түсінік берді. Оның айтуынша, «Cот процесінде Базарбай Кенжебаевты уақытша қамау изоляторында ұрып-соққан, оның өліміне тікелей қатысы бар адамдар анықталмаған».

Елена Костюченко «Қазақстан билігі оған және «Новая газета» редакциясына қарсы ешқандай ресми айып тақпағанын» айтады. Оның айтуынша, Қазақстанға екінші рет келуіне ешқандай бөгет болмаған.

Жаңаөзендегі қанды оқиғаларды тексеру үшін биыл көктемде бірнеше қоғамдық комиссия құрылды. Бір қызығы, кейбір комиссияларға оппозициялық саясаткерлермен қатар Назарбаевшыл қоғамдық тұлғалар да жетекшілік етті. Мұндай комиссиялардың басым бөлігі Астанадағы билікті сынаған баяндамаларын күзге таман жариялады. Үкімет өкілдері мұндай сынмен, халақаралық және қазақстандық құқық қорғаушылардың қорытындыларымен келіспеді.

Мақаланы тілшіміз Қазис Тоғызбаевтың Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында да талқылауға болады.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG