Accessibility links

Вадим Курамшин 12 жылға сотталды


Вадим Курамшин, құқық қорғаушы. Алматы, 31 тамыз 2012 жыл
Вадим Курамшин, құқық қорғаушы. Алматы, 31 тамыз 2012 жыл
Желтоқсанның 7-і күні арнайы мамандандырылған қылмыстық істер бойынша Жамбыл облыстық соты қоғам белсендісі Вадим Курамшинді 12 жыл жазаға кескені туралы хабар тарады.

Бұл туралы Азаттық радиосына Вадим Курамшиннің анасы Ольга Колтунова жұма күні кешкісін айтты.

- Сот 12 жыл берді. Өзімді нашар сезініп тұрмын. Кейінірек хабарласыңыз, - деді Ольга Колтунова.

Анасының айтуынша, Курамшин соңғы сөзін айтқан соң сот пен алқа билер кешкі сағат 18.45-те кеңесуге кетіп, екі сағаттан кейін үкімді жария еткен. Судья оны 12 жылға соттап, жазасын қатаң режимді түрмеде өтеу және дүние-мүлкін тәркілеу туралы шешім шығарған.

Дәл осы күні бұл іс бойынша жарыссөз де өтіп, прокурорлар оны 14 жылға соттауды сұрап та үлгерген болатын.

Курамшинге бұған дейін "алаяқтық жасады", "прокуратура қызметкерінен пара талап етті" және "өктемдік көрсетті" деген айыптар тағылған еді.
Вадим Курамшин журналистермен сөйлесіп тұр. Қарағанды, 28 қыркүйек 2010 жыл
Вадим Курамшин журналистермен сөйлесіп тұр. Қарағанды, 28 қыркүйек 2010 жыл

Ал Вадим Курамшин өзіне соңғы сөз берілген кезде тағылған айыптардың бәрін жоққа шығарған.

Азаматтық қоғам белсендісі Андрей Цуканов Facebook әлеуметтік желісінде сот отырысында Вадим Курамшинді қорғауға келген адвокаттар Ескендір Әлімбеков пен Рәзия Нұрмашеваның болмағанын жазған. Есесіне оны «сот бекіткен адвокат Жданова» қорғапты.

- Біз судьяға желтоқсанның 7-і күні сотқа қатыса алмайтынымызды айттық. Сондықтан бүгін қатыса алмадық. Алайда судья біз жоқта жарыссөз өткізуді ұйғарған, - дейді Рәзия Нұрмашева Азаттық тілшісіне.

Адвокат судьяның бұған дейін өзінің бірде-бір өтінішін орындамағанын айтты.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бірінші сот бойынша алқа билер құрамында болған Светлана Сазонова мен Оксана Вавулиди Вадим Курамшинді ақтау үкімінің күші жойылуына байланысты наразылық білдіріп, БҰҰ-ның адам құқықтары бойынша жоғары комиссары мен президент Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған мәлімдемеге қол қойған.

Тамыздың 28-і күні Тараз қалалық соты «бопсалау» бабы бойынша айыпталған Вадим Курамшиннің бостандығын бір жыл шартты түрде шектеу туралы үкім шығарған еді.

Ал 31 қазанда Жамбыл облыстық апелляциялық соты тамызда шыққан шешімнің күшін жойып, оны қайта қамауға алуға рұқсат берген еді.

Вадим Курамшин – түрмедегі тұтқындардың құқықтарын қорғау қызметімен танылған белсенді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG