Accessibility links

Британ парламенті Сирияға соққы беруді құптамады


Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Сирияға қарсы әскери операция бастау мәселесін қараған парламентте сөйлеп тұр. Лондон, 29 тамыз 2013 жыл.
Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Сирияға қарсы әскери операция бастау мәселесін қараған парламентте сөйлеп тұр. Лондон, 29 тамыз 2013 жыл.
Ұлыбритания парламенті Сирияға қарсы әскери соққы беруді қолдамады. Жеті сағатқа созылған қызу талқылаудан соң ағылшын парламентінің қауымдар палатасы бейсенбі күні кешке осындай шешім қабылдады.

Сирия президенті Башар Асадтың режиміне қарсы әскери операция туралы ағылшын үкіметінің ұсынысын парламенттің 272 мүшесі жақтаса, 285 депутат қарсы дауыс берген. Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон үкіметтің парламент қабылдаған шешімге сәйкес іс-әрекет жасайтынын мәлімдеген.

Бұның алдында парламент әскери операция бастамас бұрын Сирияда химиялық қарудың қолданылғанына көз жеткізетін сенімді ақпарат алу туралы лейбористер партиясы ұсынған қарар жобасына басым көпшілік дауыспен (112 дауыс) қарсылық білдіріп, қабылдамай тастаған еді.

Лейбористер Сирияда жұмыс істеп жатқан халықаралық сарапшылардың қорытындысын БҰҰ қауіпсіздік кеңесі қарап шыққанға дейін күте тұру керегін айтқан.

БҰҰ сарапшылары әзірлеген баяндама жарияланғаннан соң Ұлыбритания парламенті бұл мәселені қайта дауысқа салады.

Сәрсенбіде БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің тұрақты бес мүшесі - АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Франция Лондон ұсынған қарарды талқылап, келісімге келе алмаған. Қарарда Ұлыбритания Сирияға шабуыл жасауды ұсынған еді. Сирия дағдарысын әскери жолмен шешуге Ресей қарсылық танытты.

21 тамызда Дамаск маңында болған қақтығыста, болжамға қарағанда, химиялық қару қолданылып, 350-ге тарта адам қаза тапқан. Тағы 1 мың 300-ге тарта адам уланып, ауруханада жатыр. Сириялық көтерілісшілер "химиялық қаруды Башар Асад үкіметі қолданды" деп айыптайды, Дамаск оны жоққа шығарады.
XS
SM
MD
LG