Accessibility links

Курамшин аштық жариялайтынын хабарлады


Вадим Курамшин Азаттық радиосы бюросында отыр. Алматы, 31 тамыз 2012 жыл.
Вадим Курамшин Азаттық радиосы бюросында отыр. Алматы, 31 тамыз 2012 жыл.

12 жылға сотталған құқық қорғаушы Вадим Курамшин «бас прокуратура жазасын өзгерту туралы өтінішін тағы қарамай тастаса, аштық жариялайтынын» мәлімдейді.

Қамаудағы құқық қорғаушы Вадим Курамшинмен кездесіп қайтқан адвокаты Рәзия Нұрмашева Азаттық тілшісіне берген сұхбатында егер бас прокуратура үшінші мәрте өтінішін орындамаса, Курамшиннің аштық жариялауға бекініп отырғанын айтты.

Ал осы аптада интернетте Вадим Курамшиннің атынан жазылған мәлімдеме жарияланған. Жазбаның авторы бас прокуратура соңғы жазған өтінішін қарамай жатқандықтан наразылық ретінде аштық жариялайтыны туралы хабарлаған еді.

ЖОЛДАНҒАН ЕКІ ӨТІНІШ

Биылғы шілдеде жоғарғы сот Курамшиннің «тергеу кезінде қылмыстық-процессуалдық заң бұзушылық болды және кінәм дәлелденбеді» деген шағымы бойынша қадағалау өндірісін қозғаудан бас тартқан. Адвокат соттың бас тарту қаулысын «үстірт шешім» деп бағалайды. Курамшин соңғы таратқан мәлімдемесінде осы қаулының күшін жою туралы бас прокуратураға өтініш түсіргенмен екі мәрте «шығарып салма» жауап алғанын хабарлаған.

– Бұл жолы Курамшин заңда көрсетілгендей материалды зерттеп, нақты жауап беруін сұрап отыр. Яғни ол өзінің шағымына қатысты процессуалдық бір шешім
Вадим Курамшиннің (оң жақ шетте) адвокаттары Искандер Алимбаев (сол жақ шетте) пен Рәзия Нұрмашева (ортада) сот кезінде. Тараз, 2 мамыр 2012 жылы. (Суретті азаматтық белсенді Дмитрий Тихонов берген).
Вадим Курамшиннің (оң жақ шетте) адвокаттары Искандер Алимбаев (сол жақ шетте) пен Рәзия Нұрмашева (ортада) сот кезінде. Тараз, 2 мамыр 2012 жылы. (Суретті азаматтық белсенді Дмитрий Тихонов берген).
шыққанын қалайды. Егер бас прокуратурадан қарашаның 5-іне дейін нақты жауап келмесе, аштық жариялаймын деп отыр. Біз қарашаның 5-іне дейін бас прокуратура жауап береді деп үміттенеміз. Бір айдың ішінде олар қалай болғанда да жауап беруі тиіс, – деді Рәзия Нұрмашева қазанның 3-і күні Азаттық тілшісіне.

Адвокаттың айтуынша, Курамшиннің денсаулығына қатысты шағымы жоқ. Тек түрме әкімшілігінің айына бір рет үйіне хабарласуына рұқсат бермей отырғанын айтқан.

– Жалпы зонада (жаза өтейтін қамау орны – ред.) сотталушылардың барлығына айына бір рет үйіне хабарласуға рұқсат етеді екен. Егер қателеспесем, әр айдың екінші сейсенбісінде. Бірақ неге екені белгісіз, Вадим сұраса, рұқсат бермеген. Мамыр мен қыркүйек айлары бойы осылай жалғасып келген. Тек осы қыркүйек айында ғана бір рет хабарласуға мүмкіндік беріпті. Ол өзінің құқығын талап ете бастаған кезде бүкіл отрядқа хабарласуына тыйым салған. Осылайша жанындағы адамдарды оған қарсы қойған, – дейді ол.

Адвокаттың сөзінше, жаз айларында Еуропарламент депутаттары Курамшинмен
"Cаяси және ар-ұждан тұтқыны" деп аталған адамдар: бірінші қатар (солдан оңға қарай) - Арон Атабек, Мұхтар Жәкішев, Владимир Козлов, екінші қатар (солдан оңға қарай) - Вадим Курамшин, Роза Төлетаева, Саят Ыбраев. Фото коллаж. 28 мамыр 2013 жыл.
"Cаяси және ар-ұждан тұтқыны" деп аталған адамдар: бірінші қатар (солдан оңға қарай) - Арон Атабек, Мұхтар Жәкішев, Владимир Козлов, екінші қатар (солдан оңға қарай) - Вадим Курамшин, Роза Төлетаева, Саят Ыбраев. Фото коллаж. 28 мамыр 2013 жыл.
кездеспек болып, рұқсат сұраған. Бірақ оларға «өтініштерінің бір ай көлемінде қарастырылатыны» айтылып, депутаттар құқық қорғаушыны көре алмай кеткен.

Рәзия Нұрмашеваның айтуынша, бұдан бөлек Курамшин екі аптадан бері хат ала алмай жүр.

– Көңіл-күйі ойдағыдай. Ол осындай режимдегі Астанадағы түрмеге ауысқысы келген екен. Бірақ оған ондай мүмкіндік бермеген, – дейді ол.

Адвокат жақында екінші инстанцияда шығарылған үкімге қатысты жоғарғы сотқа шағым түсіргенін, бірақ мерзімі әлі белгісіз екенін айтты.

«ЕШКІМДІ АЛАЛАП ЖАТҚАН ЖОҚПЫЗ»

Азаттық тілшісі Солтүстік Қазақстан облысындағы жұрт аузында «Жаман сопка» (Жаманшоқы) деген атпен танымал елді мекенде орналасқан ЕС 164/4 колониясының бастығы Уәлихан Байтасовқа хабарласқан кезде түрме басшысы сотталушылардың барлығына бірдей жағдай қарастырылғанын айтып, «дискриминацияны» жоққа шығарды.

– Жалпы заң бойынша ерекше жағдайларда ғана үйіне хабарласуға рұқсат етілген. Бірақ біз барлығына айына бір рет үйлеріне хабарласуына рұқсат етеміз. Ешкімді алалап жатқан жоқпыз. Хаттарды алуда да еш шектеу жоқ, – деді ол.

Ал Вадим Курамшиннің анасы Ольга Колтунованың айтуынша, оған жылына екі
Вадим Курамшиннің анасы Ольга Колтунова. Алматы, 31 мамыр 2013 жыл.
Вадим Курамшиннің анасы Ольга Колтунова. Алматы, 31 мамыр 2013 жыл.
рет ұлымен кездесуіне рұқсат етілген. Ол соңғы рет ұлын маусымның 7-сі күні көргенін, ендігі кезегі желтоқсан айында келетінін айтты.

– Жылына 14 килограмға дейін зат беруге болады. Бірақ біз маусым айында көбірек беріп қойғандықтан енді оған тек бір-екі кило бандероль ғана беруге болады. Бірақ оны жаңа жылға сақтап отырмыз. Енді бір жыл отырғаннан кейін жылына үш рет беруге болады, – дейді ол.

Түрмедегі тұтқындардың құқықтарын қорғау қызметі арқылы танылған белсенді Вадим Курамшин 2012 жылғы желтоқсанның 7-інде «бопсалау» бабы бойынша айыпты деп танылып, 12 жылға сотталған.

Бұған дейін Вадим Курамшин Адам құқығы саласында Людовик Трарье атындағы халықаралық сыйлықтың 2013 жылғы иегері атанған еді. Курамшиннің өзі бұл сыйлықты ала алмайтындықтан желтоқсан айында Парижде өтетін марапаттау рәсіміне оның анасы мен інісі бармақ.

Вадим Курамшин – Қазақстанда «саяси және ар-ұждан тұтқыны» ретінде танылған адамдардың бірі.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG