Accessibility links

Пәкістанда Талибан басшысы қаза тапты


Пәкістандық Талибан қозғалысының жетекшісі Хакимула Мехсуд. Сурет 2008 жылы түсірілген.
Пәкістандық Талибан қозғалысының жетекшісі Хакимула Мехсуд. Сурет 2008 жылы түсірілген.
Жұма күні Пәкістанның Солтүстік Вазиристан провинциясында АҚШ-тың пилотсыз ұшағы әуеден соққы беріп, осы елдегі Талибан қозғалысының жетекшісі Хакимула Мехсудты өлтірген. Бұл туралы ақпаратты Машааль радиосына Талибан өкілі растаған.

Барлау органдарындағы дерек көздерінің айтуынша, әуе соққысынан Мехсудпен бірге оққағары мен жүргізушісі де мерт болған. Рейтер агенттігі Мехсуд сенбі күні Солтүстік Вазиристанның орталығы Мираншах қаласында жерленетіні туралы хабарлады.

Мехсудтің қаза тапқаны туралы бұған дейін де бірнеше рет хабар тарағанымен, кейін оның тірі екендігі белгілі болған еді. 2009 жылы Талибан жетекшісі АҚШ пилотсыз ұшағының соққысынан қаза болған соң, қозғалыс басшылығына Хакимула Мехсуд келген болатын.

Пәкістанның Ауғанстанмен шекарасындағы Солтүстік Вазиристан провинциясы Талибанның бақылауындағы аймаққа жатады. Жыл басынан бері бұл өңірде АҚШ пилотсыз ұшақтары Талибан басшыларына қарсы бірнеше рет әуеден соққы берді.

Өткен айда Пәкістан премьер-министрі Наваз Шариф АҚШ президенті Барак Обамамен кездескенде одан пилотсыз ұшақтар шабуылын тоқтатуды сұраған.

АҚШ-тың Washington Post газеті Пәкістан мен АҚШ үкіметтерінің құпия құжаттарына сілтеме жасап, "Исламабад бірнеше жыл бойы Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) солтүстік-батыс аймақтарында пилотсыз ұшақтардан шабуыл жасауына рұқсат беріп келгенін" хабарлаған еді.
XS
SM
MD
LG