Accessibility links

"Роскосмостың" Аймахановты бекітуі реакция тудырды


2012 жылы Ресей азаматтығын алып, ресейлік ғарышкерлер құрамына енген Мұхтар Аймаханов. Скриншот Роскосмос сайтынан алынды.
2012 жылы Ресей азаматтығын алып, ресейлік ғарышкерлер құрамына енген Мұхтар Аймаханов. Скриншот Роскосмос сайтынан алынды.

Талғат Мұсабаев "жеке арманын мемлекет мүддесінен жоғары қоюды түсіне алмаймын" деді. Сарапшылар кінәні азаматтығын өзгерткен ғарышкерден іздемеу керек екенін айтады.

Қаңтар айының аяғында «Роскосмос» Мұхтар Аймахановты ресейлік ғарышкерлер тобына енгізу мәселесін қарап, оның кандидатурасын мақұлдады.

Кезінде Қазақстанның бюджетінен арнайы бөлінген қаржымен дайындықтан өткен Аймахановтың ғарышкер атану мәселесі ұзаққа созылып, ол ең соңында азаматтығын ауыстырып, Ресей атынан ұшатын болды. Бұл Қазақстанда түрлі реакция тудырды.

«Қазғарыш» агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев "мемлекет мүддесіне қарамай" ғарышкердің жеке арманын өздігінен орындауға ұмтылысын сөгеді. Ал сарапшылар «Қазақстан Ресеймен ғарыш саласындағы әріптестік шарттарын қайта қарауы тиіс» деп есептейді.

Қаңтардың 27-і күні «Роскосмос» ғарыш агенттігі комиссияаралық отырыс өткізіп, онда қазақ ғарышкері Мұхтар Аймахановты ресейлік ғарышкерлер тобына енгізу мәселесін қарастырған. Агенттіктің ресми сайтында шыққан ақпаратқа сәйкес, комиссия оның кандидатын мақұлдаған.

"Роскосмос" сайтында осы айдың аяғында Мұхтар Аймаханов туралы бейнесюжет те ілесе жарияланды. Онда Ресейдің ғарышкерлерді дайындайтын "жұлдызды қалашығында" жүрген Аймахановтың 35 жыл бойғы арманын жүзеге асыратын күннің жақындап қалғаны, дайындық жолы туралы тәптіштеп баяндалады.

Қазақстанның «үшінші ғарышкері» атануға үміткер болған Аймахановтың Ресей атынан ұшатыны жайлы ақпарат алғаш жарияланған кезден бері қоғамда әртүрлі мазмұндағы пікірталас туған. Ғарышкердің кандидатурасы ресми түрде бекіген соң Қазақстанның реакциясы да күшейе түскендей.

"ҚЫРУАР ҚАРЖЫ КЕТТІ"

«Қазғарыш» агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев қаңтардың 29-і күні «Қазақпарат» агенттігіне берген сұхбатында Аймахановты дайындауға Қазақстанның қыруар бюджет ақшасын жұмсағанын айтып, оны кінәлай сөйледі. Мұсабаевтың айтуынша, Ресей азаматы атанған Мұхтар Аймаханов «онымен бір-бірін алмастыру үшін бірге дайындалған" Айдын Айымбетовтың де жолын кескен.

Талғат Мұсабаев, "Қазғарыш" агенттігінің басшысы.
Талғат Мұсабаев, "Қазғарыш" агенттігінің басшысы.


"Мұхтардың өз арманын мемлекеттік мүддеден жоғары қоюын түсіне алмаймыз. Ол бұл әрекетімен өзінің досы Айдынды ғарышқа аттану мүмкіндігінен айырып отыр. Айтқандай, оның дайындығы да Мұхтардан кем түспейді. Бұл жерде үлкен ұждан мәселесі бар. Аймаханов бұл шешімді "Қазғарышпен" де, үкіметпен де келіспей, өзі қабылдаған. Қазақстан оның ресейлік ғарышкерлерді дайындау орталығында білім алуын ұйымдастырып, ақысын төлеген» дейді Мұсабаев.

Мұхтар Аймаханов әлі бір де бір мәрте БАҚ-қа бұл мәселе бойынша комментарий берген емес. Азаттықтың да оның пікірін білу әрекеті нәтижесіз аяқталды. Былтыр Азаттықпен сөйлескен Мұхтар Аймахановтың Алматыда тұратын әкесі Рабат Аймаханов:

"Мұхтар Қазақстанға қайтып оралу туралы айтпайды. Оны бір Құдай біледі. Жақында келген кезде: "Мен сол жақта (Ресейде - ред.) қалам" деді" деген болатын.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, екі ғарышкерді 9 жыл дайындаған мемлекет олардың дайындығына бюджеттен 17 миллион теңге жұмсаған.

"ЖАРАДЫ!"

Ал сарапшылардің пікірі "бұл жерде кінәні ғарышкерден емес, Қазақстанның ғарыш саласын басқарып отырған адамдар мен олардың ғарыш саласына қатысты жүргізіп отырған саясатынан іздеу керек" дегенге сайып келеді.

Тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров Аймахановтың дайындыққа кеткен қаржыны өздігінен ақтауға ұмтылысын айыптау қателік екенін айтады.

Тоқтар Әубәкіров, тұңғыш қаза ғарышкері.
Тоқтар Әубәкіров, тұңғыш қаза ғарышкері.


"Мен оның шешімін жүз пайыз қолдаймын. Дұрыс. Жарады! Мен болсам да солай істер едім. Ғарышкерлерді дайындауға ақша бөлінді. Бірақ ол құмға құйған судай жоқ болды. Себебін Мұсабаевтан сұрау керек. Қазір Мұхтардың өзі сол қаражат құмға кетпесін деп өзі талпынып, қайтадан ақшаға айналдырудың қамын жасап жатыр" деді ол Азаттыққа.

Әубәкіров «егер Мұхтар ұшса, кеткен ақшаны он есе ақтайтынын" айтады.

"Егер Мұхтар ұшса, "қазақ ұшты" дейді. Бүкіл Қазақстанда отырған қазақтар айтады: "тағы бір қазақ ұшты" деп" дейді ол.

"ТЕҢСІЗ ӘРІПТЕСТІК"

Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың Азаттыққа айтуынша, бар мәселе Қазақстанның Ресеймен ғарыш саласындағы әріптестік саласында өз құқықтары мен мүмкіндіктерін қорғай алмауында болып отыр.

Сарапшы егер Қазақстан шынайы мүмкіндігін есептей алған болса, Ресейдің көмегімен мамандарын да даярлап, жеке ғарышкерлерін де жасақтай алушы еді деп санайды.

запастағы қазақ ғарышкерлері Мұхтар Аймаханов (сол жакта) пен Айдын Айымбетов (оң жакта). Сурет "Қазақкосмос" сайтынан алынды.
запастағы қазақ ғарышкерлері Мұхтар Аймаханов (сол жакта) пен Айдын Айымбетов (оң жакта). Сурет "Қазақкосмос" сайтынан алынды.


"Қазақстан Ресейден ғарыш индустриясының өзге де салаларында әріптестік орнатуды талап етуі керек еді. Бұл - мамандарды даярлау. Кейбір техника мамандарын қандай да бір аппаратты дайындауға қатыстырса. Азаматтықты өзгертпей-ақ, Ресейдің ғарыш бағдарламаларына қатыса алатындай қып өзінің жеке ғарышкерлер тобын белсенді түрде дайындаса. Менің ойымша, осының барлығы да сайып келгенде бірінші кезекте Қазақстан мен Ресей арасында ғарыш саласындағы үнемі әділ, тең бола бермейтін әріптестік қарым-қатынасқа тіреле береді" дейді ол.

Саясаттанушы «Ресейге ғарыш айлағын жалға беріп отырған Қазақстан ұшу бағдарламасына қатыстыртуды Ресейден сұрайтындай қызық жағдай туындайды. Мұндай жағдайлар қайталанбас үшін әріптестік шарттарын қайтадан қарастыру керек" деп есептейді.

Қазақстандық екі ұшқыш - Айдын Айымбетов пен Мұхтар Аймаханов 2007 жылы Ресейдің Юрий Гагарин атындағы ғарышкерлер орталығында арнайы дайындықтан өткен еді.

Екеуінің бірі 2009 жылғы күзде халықаралық экипаж құрамында ғарышқа ұшуға тиіс болатын. Бірақ Қазақстан жағы қаржы тапшылығына байланысты ғарышкер ұшыруды кейінге қалдырған. Бұл мәселе Астана мен Мәскеу арасында болған ең жоғарғы келіссөздерде бірнеше рет көтерілсе де, шешілмеген күйі қалды.

45 жастағы Мұхтар Аймаханов 2012 жылы Ресей азаматтығын алған. Қазір ол отбасымен Ресейде тұрып жатыр. Ал Қазақстанда қалған Айдын Айымбетовке 2012 жылы ғарышкер мәртебесі берілді.

2013 жылғы қыркүйек айында "Қазғарыш" агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаевтың Пекинде Қытай ұлттық ғарыш әкімшілігінің басшысымен кездесіп, қытайлық экипаж құрамында қазақстандық ғарышкерді ұшыру мәселесін талқылағаны туралы хабарланды.

Бүгінге дейін екі қазақстандық - Тоқтар Әубәкіров (1991 жылы ҚазССР кезінде) пен Талғат Мұсабаев (1994, 1998, 2001 ж.ж.) ғарышқа ұшқан болатын.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG