Accessibility links

«Иракқа кеткен баламды көріп келдім»


"Сирияда жүрген қазақстандық жиһадшылар" деп сипатталған адамдар. (YouTube видеосынан алынған скриншот).
"Сирияда жүрген қазақстандық жиһадшылар" деп сипатталған адамдар. (YouTube видеосынан алынған скриншот).

Жезқазғандық кенші бір жылға жуық уақыт әуелі Сириядағы, кейін Ирактағы соғыс қимылдарына қатысып жүрген ұлына жолығып, «жиһадшылардың» тұрмысын көріп қайтқанын айтады.

Азаттық тілшісі 2013 жылы қазанда Жезқазған мен Сәтбаев қалаларына және Кеңгір ауылына барған кезінде «Сирияға жиһадқа кетті» деп хабарланған қазақ жастарының кейбірінің туған-туыс, таныстарымен жолыққан еді.

Жезқазған қаласына қарасты Кеңгір ауылының тұрғыны, кенші Мұхамедқали Дәніханов пен әйелі Ботагөз Жапсарбаева «үлкен ұлдары Ержан Сирияға жиһадқа кеткендердің ішінде жүр» деп қауіптенетінін айтқан болатын. Олардың 1986 жылы туған ұлдары Ержан Дәніханов Сәтбаев қаласында кенші болып жұмыс істеп жүрген, ал келіндері Жұлдыз университетті үздік тәмамдап, Сәтбаев қаласындағы колледжде оқытушы болған. Келіншек мектеп жасына толмаған екі баласын алып, биыл ақпан айында Алматы арқылы белгісіз жаққа кеткен.

Қыркүйектің 10-ы күні Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен 55 жастағы Мұхамедқали Дәніханов биылғы жаздың басында ұлының соңынан шетелге өзі іздеп барып, немерелерін көріп қайтқанын айтты.

Азаттық: - Балаларыңыздың артынан қашан бардыңыз?

Мұхамедқали Дәніханов: - Биыл мамырдың 28-інде кеттім. Қазақстанға маусымның 9-ына қарай шығып, 14-інде келдім.

Азаттық: - Сирияның өзіне бардыңыз ба?

Жезқазған қаласына қарасты Кеңгір ауылы. Ержан Дәніхановтың үйі. 29 қазан 2013 жыл.
Жезқазған қаласына қарасты Кеңгір ауылы. Ержан Дәніхановтың үйі. 29 қазан 2013 жыл.

Мұхамбетқали Дәніханов: - Сирияның жанынан өттім. Балаларым Бағдадтың (Ирактың астанасы – ред.) бергі жағында екен. Бірақ нақты қай жер екенін айтуға болмайды.

Азаттық: - Ұлыңыздың тұрып жатқан жерлері қала ма, ауыл ма?

Мұхамбетқали Дәніханов: - Сәтбаев, Жезқазған сияқты үлкен қала. Иракқа қарайды екен.

Азаттық: - Ол жерге қай мемлекеттер арқылы бардыңыз?

Мұхамбетқали Дәніханов: - Түркия арқылы бардым.

Азаттық: - Түркия мен Сирия шекарасынан қалай өткеніңізді айта аласыз ба?

Мұхамбетқали Дәніханов: - Оны айтсам, балалар ренжиді. Олар жүретін жолды бүлдіреміз. Маған да арты жақсы болмауы мүмкін. Өйткені келер жылы қайта барып, немерелерімнің бір-екеуін алып келсем бе деп отырмын.

Азаттық: - Өз ауылыңыз Кеңгірден, я Сәтбаев пен Жезқазған қалаларынан Сирия мен Иракқа кеткендерді көрдіңіз бе, бірге жүр ме екен?

Мұхамбетқали Дәніханов: - Жезқазғаннан барғандардың бес-алтауын көрдім. Нақты санын ұмыттым. Жезқазған, Қарағанды, Алматы сияқты әр жерден жиналғандар. Жасыратыны жоқ, жастардың көбі қаза болыпты. Суреттерін де көрдім. Бірақ кімнің қайда жүргенін өздері де білмейтін сияқты. Таба алмай қалады екен.

Жезқазған, Қарағанды, Алматы сияқты әр жерден жиналғандар. Жасыратыны жоқ, жастардың көбі қаза болыпты... Бірақ кімнің қайда жүргенін өздері де білмейтін сияқты. Таба алмай қалады екен.

Азаттық: - «Жиһадқа кеткендердің» тұрмыстары қандай, күнкөріске қаржыны қайдан табады?

Мұхамбетқали Дәніханов: - Жағдайлары жақсы. Киімдерін алып киіп жатыр. Су жаңа «Тойоталармен» жүр. Бұл жақта ондай жаңа көлікті міне алмайсың ғой. Бірақ ақшаны қайдан алып жатқанын білмеймін. Сырттан келген маған көп жақындай бермейді, түсіндіңіз бе? Өздерінің ішкі шаруалары ғой. Артық сөздері жоқ. Жалғыз уайым – соғыс. Соғысқа кіреді көбінесе. Аман шықса - шықты, шықпаса - қалды.

Азаттық: - Кіммен соғысып жатқанын айта ма?

Мұхамбетқали Дәніханов: - Соғыс Сирияның президенті Башар Асад тұрған жерде, сосын Бағдад деген жерде болып жатыр. Американың, Башар Асадтың солдаттарымен соғысатын сияқты. Жалпылама соғыса бермейді. Өздерін басқаратын әмірлері бар. «Халифат құрамыз» деп жүр.

Азаттық: - Балаңыз бен келініңізді, мектеп жасындағы немереңізді көрдіңіз бе?

Мұхамбетқали Дәніханов: - Немерелерімнің жанында болдым. Арабша, қазақша оқиды екен. Осы жақтан барған балалардың дипломдары бар ғой, солар үйде оқытады. Іштерінен мұғалім шығарған.

Азаттық: - Сіздің балаңыз секілді «жиһадқа кеткен» балаларын Қазақстанға қайтаруды ойлап, уайымдап жүрген ата-аналар бар. Ал Сирия мен Иракта жүрген жастардың Қазақстанға оралу ниеті бар ма?

Жезқазған қаласына қарасты Кеңгір ауылы көшелерінің бірі. 29 қараша, 2013 жыл.
Жезқазған қаласына қарасты Кеңгір ауылы көшелерінің бірі. 29 қараша, 2013 жыл.

Мұхамбетқали Дәніханов: - Өз баламмен де, басқа балалармен де сөйлестім, қайтам деген ойлары жоқ. «Қазақстанға қайтсақ, бізді бәрібір құртады» деп отыр. Қазақстанда Сириядан келіп, сотталып жатқандарды да біліп отыр. Мүмкін, отбасылары қайтатын шығар. Отбасыларын қаласа өздері өткізіп жібереді бері қарай. Жолда еш проблема жоқ. Бірақ күйеулері өлген әйелдер ғана амалсыз келетін сияқты. Қайта оралғанда тиіспейтініне кепілдік болса, бәрі де біртіндеп оралады.

Азаттық: - Балаңызға барып келгеннен кейін құқық құрғау органдары сұрақ қойды ма?

Мұхамбетқали Дәніханов: - Қандай жолмен барып қайтқанымды сұрады біраз. Артық сөз болған жоқ. Құжатым дұрыс болса, шетелге баруыма шектеу жоқтығын айтты.

Азаттық: - «Жиһадқа кеткен» баласын іздеп шетелге барып қайтқан сізден өзге де ата-аналар бар ма?

Мұхамбетқали Дәніханов: - Мен келгеннен кейін екі адам барып келді. Барып-қайту жолын менен сұрап алды.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттың аудио нұсқасы:

please wait

No media source currently available

0:00 0:04:05 0:00
Жүктеп алу

XS
SM
MD
LG