Accessibility links

Сыншылар "елді масқаралаушы фильмдер" тізіміне таң


Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақстанның мәдениет және спорт министрі
Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақстанның мәдениет және спорт министрі

Мәдениет және спорт министрінің «Қазақстанды масқаралайтын» фильмдер туралы мәлімдемесі киносыншыларды таң қалдырып, бір продюсердің «күлкісін» келтірді.

Мәдениет және өнер кеңесі отырысында мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Қазақстанды масқаралайтын» фильмдерді атаған. Бұл фильмдер қатарына ол режиссер Әділхан Ержановтың «Қожайындар» мен «Риэлтор» кинокартиналарын және Эмир Байгазиннің «Үйлесімділік сабақтары» фильмін жатқызады. Мәдениет және спорт министрлігі баспасөз қызметі Азаттыққа министрдің бұл мәлімдемесін театр және музыка істері, киноиндустрия бойынша көркемдік кеңестердің бірінші отырысында жасағанын хабарлады.

Қазақстандағы белгілі кинотанушы әрі киносыншы Гүлнәр Әбікеева бұл фильмдерді көркемдігі жоғары, әлеуметтік маңызы бар картиналар деп санайды әрі олардың халықаралық жүлделер иеленгенін ескертеді.

Азаттыққа берген комментарийінде Гүлнәр Әбікеева «Көркем туындыларда көтерілетін проблемалар азаю үшін әлеуметтік маңызы бар кино кез келген елге қажет. Бұл фильмдерді біздің прокатқа шығару керек. Егер қоғаммен диалог жүргізбей, бәрін жасырып-жаба берсек, өзекті проблемалар іріңді жара сияқты әбден піскен соң, бір күні жарып шығады. Оның үстіне, бұл фильмдердің авторлары - жас режиссерлер. Олардың бойында аға буын өкілдеріне тән қорқыныш, ішкі цензура жоқ. Олар әлеуметтік маңызы бар кино түсіруге қабілетті әрі ондай фильмдерді түсіріп те жүр» дейді.

Бұл фильмдердің авторлары - жас режиссерлер. Олардың бойында аға буын өкілдеріне тән қорқыныш, ішкі цензура жоқ.

Режиссер Әділхан Ержановтың продюсері Серік Әбішев министрдің мәлімдемесіне "жымия қарайтынын" айтады.

Кинопродюсер: «Ал фильмді талай ақылды адам көрген әрі олардың пікірі өзгеше. Егер министр "қазақтарды, Қазақстанды масқаралайтын фильм" деп санаса, бос мәлімдеме жасамай, дәлел келтірсін» дейді.

Киносыншы әрі Қазақстан киносыншылары қауымдастығының мүшесі Олег Борецкий «масқаралайтын фильмдер» жайлы мәлімдемені "тайыз" әрі "сыңаржақ пікір" деп санайды.

«Мұндай тұжырым қандай сауалнамаға негізделген? Министр атап шыққан фильмдерді жақсы білемін. Әлде министрлікке бұл картиналар алған халықаралық наградалар ұнамай ма? Ондай сыйлықтар саны 10-нан асады. Мысалы, «Қожайындар» фильмі - Азия «Оскары» номинациясының иегері. Бұл фильм алған наградалардың бірі «Өмірді әділ әрі батыл көрсеткені үшін» деп аталғаны есімде. Сонда, өмірді әділ әрі батыл көрсету Қазақстанды масқаралай ма? Түсінбеймін» дейді Олег Борецкий.

Киносыншылар қауымдастығының тағы бір мүшесі Кәрім Қадырбаев «Әлем киносыншылары көркемдігі жоғары деп жылы қабылдаған картиналар Қазақстанды қалай масқаралайтынын түсінбеймін. Дұрысы, елімізді осындай мәлімдемелер көбірек масқаралайды. Министр атаған фильмдерді отандық киноның қазіргі заман классикасына теңеуге болады» дейді ол.

2014 жылы құрылған Қазақстан киносыншылары қауымдастығы Әділхан Ержановтың «Қожайындар» фильмін "2014 жылдың ең үздік авторлық фильмі", ал Әділханды "2014 жылдың үздік режиссері" деп таныған. Бұл фильм ТМД және Балтық елдері картиналары арасынан «Ника» сыйлығына және жыл сайынғы Asia Pacific Screen Awards сыйлығына ұсынылған.

Эмир Байғазиннің «Үйлесімділік сабақтары» картинасы - «Үздік операторлық жұмысы үшін» «Күміс аю» сыйлығын алған. Ал 63-Берлин кинофестивалінде Morgen Post газетінің жүлдесін иеленіп, үздік дебют, үздік режиссура, үздік актерлік ойын және үздік операторлық жұмысы үшін марапатталған. Әлемнің "The Hollywood Reporter", "Variety", "Screen Daily", "The Village Voice", "Sight & Sound", "Los Angeles Times", "Film Comment", "Le Monde", "La Croix", "Der Tagesspiegel" сияқты белгілі басылымдары фильмді жоғары бағалаған.

XS
SM
MD
LG