Accessibility links

Қырғыз сайлауында алты партия межеден өткен


Электронды жәшікке дауыс берген сайлау бюллетенін салып жатқан сайлаушы. Бішкек, 4 қазан 2015 жыл.
Электронды жәшікке дауыс берген сайлау бюллетенін салып жатқан сайлаушы. Бішкек, 4 қазан 2015 жыл.

Қырғызстанда парламентке өтуге қажетті жеті пайыздық межені алты партияның еңсергені хабарланды. Бұрын президент Алмазбек Атамбаев басқарған партия көш басында тұр.

Қырғызстанда қазанның 4- күні парламент сайлауына қатысқан сайлаушылардың дауыс берген бюллетендерін санаудың алдын ала нәтижесі бойынша, парламентке өтуге қажетті жеті пайыздық межені және 0,7 пайыздық аймақтық межені алты партияның еңсергені хабарланды.

ПАРЛАМЕНТКЕ ӨТКЕНДЕР

Қырғызстанның сайлаулар мен референдумдер өткізу жөніндегі орталық комиссиясы жексенбі күні кешкісін сайлаушылар даусын санаудың алдын ала нәтижесіне сүйеніп, парламентке жеті пайыздық межені еңсерген алты партияның өткенін жария етті.

Тізім басында 2011 жылы ел президенті болып сайланғанға дейін Алмазбек Атамбаев басқарған Қырғызстандағы ең ірі партия тұр. Одан кейінгі орындарда тиісінше «Республика - Ата-Журт», «Қырғызстан», «Онугуу-Прогресс», «Бир Бол» және «Ата Мекен» партиялары орналасқан.

Парламент сайлауына дауыс беруге келген сайлаушылар кезекте тұр. Бішкек, 4 қазан 2015 жыл.
Парламент сайлауына дауыс беруге келген сайлаушылар кезекте тұр. Бішкек, 4 қазан 2015 жыл.

Парламент сайлауында берілген дауыстарды санау әлі жалғасып жатыр. Оның қорытындысы туралы алдын ала ресми мәліметті орталық комиссия дүйсенбі, қазанның 5-күні таңертең жарияламақ.

Ресми мәліметке сәйкес, Қырғызстанда дауыс беру құқығына ие 2 миллион 761 мың 297 адам сайлаушылар тізіміне енгізілген.

Биыл Қырғызстанның бір палаталы парламентіндегі 120 орын үшін өткен саяси бәсекеге барлығы 14 партия түсті. Олар – «Замандаш», «Мекен Ынтымагы», «Ата Мекен», «Аалам», «Ар-Намыс», Қырғызстан социал-демократиялық партиясы, «Бутун Кыргызстан - Эмгек» (Бүтін Қырғызстан - Еңбек), «Азаттык», «Улуу Қырғызстан», «Конгресс народов Кыргызстана», «Онугуу-Прогресс», «Қырғызстан», «Республика - Ата-Журт» және «Бир Бол» партиялары.

САЙЛАУҒА ДАУЫС БЕРУ

Қырғызстан парламенті сайлауына дауыс беру сайлау учаскелерінде жексенбі күні жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 8:00-де басталып, сағат 20:00-да аяқталды.

Парламент сайлауына дауыс беруге келген сайлаушыға учаскелік сайлау комиссия мүшесі бюллетеньді электронды жәшікке қалай салу керегін көрсетіп тұр. Қара-Жиғаш ауылы, 4 қазан 2015 жыл.
Парламент сайлауына дауыс беруге келген сайлаушыға учаскелік сайлау комиссия мүшесі бюллетеньді электронды жәшікке қалай салу керегін көрсетіп тұр. Қара-Жиғаш ауылы, 4 қазан 2015 жыл.

Сайлау барысында Қырғызстанның сайлаулар мен референдумдер өткізу жөніндегі орталық комиссиясының мүшесі Нурмамат Ашымов алдыңғы сайлаулармен салыстырғанда бұл жолғы сайлауға қатысушылар белсенділігі бәсең екенін айтқан еді.

Оның сөзінше, Нарын және Талас облыстарында сайлаушылар белсенділігі байқалған, ал Бішкекте дауыс беруге келгендер бұрынғы кездегіден аз болған. Ашымов мұны сайлаудың ашық әрі әділ өтіп жатқанының дәлелі деп санайды. Ол бұл жолғы сайлауда «лас әдістер қолданылған жоқ» дейді.

Сонымен бірге, Нурмамат Ашымов сайлаушылар тізіміне байланысты туындаған проблемалар үшін Мемлекеттік тіркеу қызметін кінәлады. Бүгін бірқатар сайлау учаскелерінде биометрикалық деректер тапсырудан өткен азаматтар сайлау тізімінен өздерін таба алмағанына шағым айтқан.

Қырғызстандағы парламент сайлауынан фоторепортаж:

ШАҒЫМДАР МЕН МӘЛІМДЕМЕЛЕР

Қырғызстанның сайлаулар мен референдумдер өткізу жөніндегі орталық комиссиясы дауыс беру барысында болған бұрмалаушылықтар туралы ақпараттарды дүйсенбіде қарайтынын мәлімдеген. Азаттықтың Қырғыз қызметі ондай оқиғалардың байқалғаны туралы түрлі хабарлар елдің әр аймағынан түскенін хабарлады.

Үкімет аппараты жетекшісінің орынбасары Алтынбек Ергешов бірнеше мәрте қайта дауыс беруге тырысқан жекелеген сайлаушылардың әрекеттері сәтсіз аяқталғаны туралы айтқан.

Қырғызстан ішкі істер министрлігі жексенбі күні Жалал-Абад облысындағы Сузак және Ноокен аудандарында сайлаушылар дауысын сатып алмақ болған әрекеттер туралы ақпарат Қырғызстанның сайлаулар мен референдумдер өткізу жөніндегі орталық комиссиясына жолданғанын хабарлаған. Жалал-Абад облысында дауыс сатып алуға әрекет жасалғаны жайлы Демократия және азаматтық қоғам коалициясы жетекшісі Динара Ошурахунова да мәлімдеген.

«Ар-Намыс» партиясынан сайлауға түскен кандидат Кубатбек Байболов Азаттықтың Қырғыз қызметіне «бүгінгідей сайлаушылар дауысын сатып алу бұған дейін ел тарихында болған жоқ» деп мәлімдеген. Бірақ ол нақты дерек келтірген жоқ.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев парламент сайлауына дауыс беріп тұр. Бішкек, 4 қазан 2015 жыл.
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев парламент сайлауына дауыс беріп тұр. Бішкек, 4 қазан 2015 жыл.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев парламент сайлауына дауыс берген соң журналистерге «дауысын сатуға тілек білдірушіден оны сатып алушы әрдайым табылатыны» туралы мәлімдеген. Сонымен бірге президент ондай әрекеттерді тек азаматтардың өздері ғана тоқтата алатынын айтқан.

Қырғызстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Тайырбек Сарпашев сайлау барысындағы бұрмалау оқиғалары туралы айтылған хабарларға қатысты баспасөзге мәлімдемесінде Жогорку Кенеш сайлауына қатысып жатқан «кейбір партиялар сайлаушылар арасында дүрбелең туғызу мақсатымен әдейі арандатпақшы болған» деген. Ол жекелеген партиялардың сайлау учаскелеріне көлікпен адамдарды топтап апарып, басқа сайлаушылардың наразылығын туғызуға әрекет жасағаны туралы ақпараттар барын айтқан.

Билік өкілдері әрбір сайлау учаскесінде бақылаушылар, соның ішінде халықаралық ұйымдар мен сайлауға қатысып жатқан партиялардың өкілдері бар болғандықтан, олар әлгіндей заң тәртібін бұзу әрекеттеріне жол бермейді деп мәлімдеген.

САЙЛАУДЫ ЖАҢАША ӨТКІЗУ

Ел тарихында алғаш рет бұл жолғы парламент сайлауында Қырғызстан азаматтары жеке басының биометрикалық дерегі бойынша дауыс беруге қатысты. Сайлау жәшіктеріне салынған бюллетеньдерді санайтын электрондық жүйе жұмыс істеді. Заң бойынша, егер партия өкілдері негізі бар өтініш жасаса, бюллетеньдер қолмен саналады.

Қырғызстанның сайлаулар мен референдумдер өткізу жөніндегі орталық комиссиясының хабарлауынша, парламент сайлауына 2 миллион 768 мың 305 бюллетень әзірленген. Оның 2 миллион 239 мың 758-і – қырғыз тілінде, ал 528 мың 547 бюллетень – орыс тілінде басылған.

«Бюллетеньдер ерекше қағазда басылған, оған арнайы маркермен қойылатын белгіні бюллетень тастайтын жәшік автоматты түрде оқып, таниды» делінген ресми хабарламада.

Ресей астанасында орналасқан 9001-сайлау учаскесінде Қырғызстан парламенті сайлауына дауыс беру. Мәскеу, 4 қазан 2015 жыл.
Ресей астанасында орналасқан 9001-сайлау учаскесінде Қырғызстан парламенті сайлауына дауыс беру. Мәскеу, 4 қазан 2015 жыл.

Бұл жолғы сайлауды өткізу үшін барлығы 2374 сайлау учаскесі құрылған, оның 36-сы – шетелде ұйымдастырылған. Сайлау учаскелері сайлау бюллетенін автоматты түрде танитын электронды құрылғысы бар 3695 жәшікпен қамтамасыз етілген.

Орталық комиссияның хабарлауынша, елдегі парламент сайлауы барысын қадағалау үшін әлемнің 69 елінен 40 ұйымның атынан келген 613 халықаралық бақылаушы тіркелген. Сонымен бірге Қырғызстан сыртқы істер министрлігі осы сайлау жөнінде хабар тарататын 22 шетелдік бұқаралық ақпарат құралының 45 журналисіне аккредитация берген.

Қырғыз Республикасы парламенттік республика болғандықтан бүгінгі сайлау – ел өміріндегі ерекше маңызды оқиға саналады.

Кейбір халықаралық бақылаушылардың сайлау туралы пікірі:

XS
SM
MD
LG