Accessibility links

Шымкенттік белсенді Қыздығой Ажарқұлованың сот тыңдауы басталды


Борышкерлер белсендісі Қыздығой Ажарқұлованың жақтастары сот залына кіре алмай тұр. Шымкент, 11 сәуір 2016 жыл.
Борышкерлер белсендісі Қыздығой Ажарқұлованың жақтастары сот залына кіре алмай тұр. Шымкент, 11 сәуір 2016 жыл.

Сәуірдің 11-і күні Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық сотында «Үйімізді қорғайық» қоғамдық ұйымы жетекшісі, «алаяқтық» бабымен айыпталған Қыздығой Ажарқұлованың ісі бойынша соттың алдын ала тыңдауы өтті.

«Үйімізді қорғайық» қоғамдық ұйымы жетекшісі, 2015 жылдың желтоқсанынан бері Шымкентте қамауда отырған Қыздығой Ажарқұловаға қарсы іс қылмыстық кодекстің 190-бабы («Алаяқтық, яғни уәкілетті адамның бөтен мүлiктi ұрлау немесе бөтен мүлiкке құқықты алдау немесе сенiмге қиянат жасау арқылы алуы») бойынша қозғалған.

«Үйімізді қорғайық» қоғамдық ұйымының жетекшісі Қыздығой Ажарқұлова. Алматы, 13 желтосқан 2013 жыл.
«Үйімізді қорғайық» қоғамдық ұйымының жетекшісі Қыздығой Ажарқұлова. Алматы, 13 желтосқан 2013 жыл.

Арызда өздерін «Үйімізді қорғайық» ұйымының бұрынғы мүшесі деп көрсеткен сегіз азамат Қыздығой Ажарқұлованың қоғамдық ұйым жетекшісі ретінде «өздеріне көмектесе алмағанын» айтып, оны «алаяқтығы үшін» қылмыстық жауапкершілікке тартуды, мүшелік жарна ретінде төлеген ақшаларын қайтарып беруді сұраған.

Азаттық тілшісі осы сотқа барған кезде алдын ала тыңдауды жүргізетін судья Мадияр Әбдірасилов:

– Адвокат (Ажарқұлованың адвокаты Гүлнәр Жуаспаеваны айтады – ред.) істі қысқартуды сұрады. Соған байланысты алдын ала тыңдау өткізіп жатырмыз. Жабық түрде өтеді. Айыпталушы мен жәбірленушілер және адвокаттар, прокурор ғана қатысады, – деп мәлімдеді.

Тыңдауға сегіз жәбірленушінің екеуі, айыпталушы Қыздығой Ажарқұлова мен оның адвокаты Гүлнәр Жуаспаева, прокурор және судья қатысты. Куәгерлер мен Қыздығой Ажарқұлованың 20 шақты жақтасы тыңдау біткенше сыртта күтіп отырды.

Тыңдауға келген екі жәбірленуші Азаттыққа іс бойынша қандай да бір пікір беруден бас тартты. Сот тыңдауына полицейлер қоршауымен келген Қыздығой Ажарқұловамен тілдесу мүмкін болмады.

Адвокат Гүлнәр Жуаспаева Қыздығой Ажарқұлованың айыпталуына «қоғамдағы орны мен белсенділігі де себеп болуы мүмкін» екенін айтады.

– Қыздығой Ажарқұлова тергеу кезінде өзінің құқығын пайдаланып, тергеушіге қандай да бір түсінік беруден бас тартқан. Тергеушінің қолында жәбірленушілердің айтқан сөздерінен басқа ешбір дәлел жоқ. Біз бар дәлелдерімізді сотта айтамыз, – деді ол.

ВИДЕО: Адвокат Гүлнәр Жуаспаеваның пікірі

Шымкенттік белсенді Қыздығой Ажарқұлованың соты
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:33 0:00

Адвокат Гүлнәр Жуаспаева «Ажарқұлова құрған ұйымның жарғысында оған кіру ерікті түрде іске асырылатыны, айлық жарна және шаралар өткізу үшін қосымша шығындар болуы мүмкін екені жазылғанын, төленген ақшалар ұйым жарғысына сәйкес жұмсалғанын» Азаттыққа бұған дейін де айтқан еді.

Адвокат Жуаспаева тыңдау кезінде жарияланған үзілісте Қыздығой Ажарқұловамен сөйлескенін, оның денсаулығы нашарлағанын хабарлады.

- Ол тергеу изоляторының өте суықтығынан демікпесі және асқазан ауруы асқынғанын айтты. Бірақ сот оның денсаулығының нашарлығына қарамастан тергеу изоляторында қалдырды, - деді қорғаушы.

Кәмшат Бақбердиева, айыпталушы Қыздығой Ажарқұлованың қызы. Шымкент, 11 сәуір 2016 жыл.
Кәмшат Бақбердиева, айыпталушы Қыздығой Ажарқұлованың қызы. Шымкент, 11 сәуір 2016 жыл.

Тыңдау біткенше сыртта күтіп тұрған Қыздығой Ажарқұлованың 20 шақты жақтасының бірі «Үйімізді қорғайық» қоғамдық ұйымының мүшесі Ұлтуар Бекбасарова оған тағылған айыппен келіспейді.

– Ол (Қыздығой Ажарқұлованы айтады – ред.) алаяқтық жасау былай тұрсын, бірде-бірімізге ай сайын жиналатын мүшелік жарнаны төле деп айтпайтын. Қарапайым халықтың сөзін сөйлеймін деп күйіп отыр, – дейді ол.

Қыздығой Ажарқұлова 2015 жылдың желтоқсан айынан бері Шымкенттегі тергеу изоляторында қамауда отыр. Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің Азаттық сауалына ақпанда берген жауабында «Үйімізді қорғайық» қоғамдық бірлестігі жетекшісі 2009-2014 жылдары сенімге кіріп, қарыздарын жойып беремін деген уәдемен [борышкерлерге] жалпы сомасы 1 068 000 теңге (1 миллион 68 мың теңге – ред.) шығын келтірген. Нәтижесінде шағымданушылар банкке кепілге қойған жылжымайтын мүліктерінен айырылған» деп жазылған.

XS
SM
MD
LG