Accessibility links

Өзбекстан Тәжікстанның Рогун ГЭС-і құрылысын жалғастыруына қарсы


Өзбекстан премьер-министрі Шавқат Мирзияев.

Өзбекстан премьер-министрі Шавқат Мирзияев.

Өзбек премьер-министрі Шавқат Мирзияев Тәжікстан премьері Кохир Расулзодаға жолдаған ресми хабарламасында Душанбе мен италиялық Salini Impregilo компаниясының Рогун ГЭС-ін салып бітіру туралы келісіміне наразылық білдірген.

Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің ресми сайтында жарияланған ақпарат бойынша, Мирзияев шілденің 19-ы жолдаған хатында "Тәжікстан Рогун ГЭС-ін салмай-ақ елдегі электр энергиясы тапшылығы проблемасын шеше алады және Душанбе мәселені шешудің қауіпсіз жолын таңдауы тиіс" деген.

Әзірге Тәжік билігі бұл хатты алған-алмағандарын мәлімдеген жоқ. Тәжікстан сыртқы істер министрлігі өкілі Азаттықтың Тәжік қызметіне шілденің 20-сы күні "егер Шавқат Мирзияевтің хатын алған жағдайда ел билігі оны зерттеп барып, жауап береді" деген.

Өзбек премьері Шавқат Мирзияев «Тәжікстанның Рогун ГЭС-і құрылысын жалғастыру талпынысы алаңдатады, оның орасан зияны ескерту жасауға мәжбүрлейді» деген.

Мирзияев хатында «Сіздің назарыңызды құрылыс алаңында жүргізілген бірқатар зерттеулер, соның ішінде әсіресе, Дүниежүзілік банк жетекшілігімен жасалған кешенді экспертиза Рогун ГЭС-інің құрылысы бүкіл Орталық Азия аймағына орасан зиян келтіретінін растағанына аударамыз. Бұл туралы көршілес елдердің басшылары мен сарапшылары да бірнеше рет ескерткен. Дәл осы себепті, жобаның техногендік, экологиялық, әлеуметтік, экономикалық қатерлерін түсіне отырып, Дүниежүзілік банк Рогун ГЭС-і құрылысын қаржыландырудан бас тартқан еді" деп жазылған.

Вахш өзенінде салынып жатқан Рогун су бөгеті. Тәжікстан, 13 қазан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Вахш өзенінде салынып жатқан Рогун су бөгеті. Тәжікстан, 13 қазан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Өзбекстан бірнеше жыл қатарынан Рогун ГЭС-ін салуға қарсы болып келеді. Бұл елдің басшылары су электр станциясының салынуына қарсы екендерін, Рогун ГЭС-інің салынуы өзен бойындағы елдерде ірі техногендік, экологиялық апат тудыратынын бірнеше мәрте мәлімдеген.

Ал Тәжік билігі Рогун ГЭС-ін салу жобасы өзен бойындағы елдерді, соның ішінде Өзбекстанды сусыз қалдыруды көздемейтінін айтады.

Тәжікстан үкіметі Рогун ГЭС-ін салу жобасын ел экономикасы үшін маңызды деп біледі. Азаттықтың Тәжік қызметінің мәліметі бойынша, шілденің 1-і күні Душанбе италиялық Salini Impregilo SpA (Салини Импреджило С.п.А.) компаниясымен су электр станциясын салып бітіру туралы келісімге отырған. Тәжік билігінің мәлімдеуінше, келісім құны - 3,9 миллиард доллар. Су жинайтын бөген салуға ғана 1 миллиард 950 миллион доллар жұмсалмақ.

Salini Impregilo келісім жасалғаннан бір апта өткенде Рогун ГЭС-інің алғашқы екі агрегаты 2018 жылы электр қуатын өндіре бастайтынын хабарлады.

Душанбе 1992 жылдан бері су электр станциясын салуға инвестор таппай келе жатқан еді. Бұл ГЭС құрылысы 1970-жылдары (СССР кезінде) Душанбеден шығысқа қарай 90 километр жерде басталған. Жоспар бойынша, ГЭС қуаты 3600 мегаватт болуы тиіс. СССР тараған соң құрылыс тоқтап қалған.

Рогун ГЭС-інің су бөгетінің биіктігі 335 метр болмақ. Яғни, бұл жоба әлемдегі ірі электр станцияларының бірі болуы мүмкін деген сөз. Бірақ 1992 жылы сел жүріп, бұрын салынған бірнеше су тоннелін балшық бітеп, тасқын салынып бітпеген [70 метр] бөгетті бұзып кеткен еді. 1992 жылы Пәкістан сол кездегі Тәжікстан үкіметімен ГЭС-ті салып бітіру туралы келісім жасасып, Пәкістан 500 миллион доллар бөлмекші болған. Бірақ Тәжікстанда азамат соғысы басталып, келісім іске аспай қалды.

1994 жылы Рогун ГЭС-ін салып бітіру туралы келісім Ресеймен жасалды. Бірақ ол да іске аспай қалды. Тәжікстан шетелдік инвесторлар тарту жолында осындай оқиғаларды бастан кешкеннен кейін, 2010 жылдан бастап құрылысқа өзі кіріскен. Душанбе құрылысты аяқтау мақсатымен салынып бітпеген станцияның акцияларын жартылай мәжбүрлі түрде сата бастаған. Алайда үш айдан соң өзеннің төменгі сағасында отырған елдер қарсы болып, оған халықаралық қаржылық институттардың сараптамасы қосылып, тәжік билігі құнды қағаздар сатуын доғарған.

Душанбе маңындағы таулар. (Көрнекі сурет)

Душанбе маңындағы таулар. (Көрнекі сурет)

Содан бері акция сатудан түскен ақшаның қайда кеткені белгісіз. Ал билік қаражаттың ешқайда кетпегенін, Рогун ГЭС-інің құрылысына жұмсалып жатқанын айтады. Тәжікстанның 2016 жылғы бюджетінде бұл құрылысқа 2 миллиард сомони бөлінген. Бұл ақша былтыр бөлінген қаражаттан 600 миллион сомони көп.

Салынып бітсе, бұл су электр станциясы жылына 13,1 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын өндірмек. Бұл Тәжікстандағы электр энергиясы сұранысы толық өтейді. Артық өнімді Душанбе Пәкістан мен Ауғанстанға сатпақ.

XS
SM
MD
LG